Азаматтар ардақталса игі

457

0

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Нақтырақ айтқанда, 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан соңғы Кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқталған еді.

Бас-аяғы 110 айға созылған соғыс қанша жауынгердің өмірін қиып кетті, қаншамасы мүгедек болып елге оралды. Деректер бойынша, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам жауынгер барған. Оның ішінде 827 адам біздің облыстан аттанса, оның 18-і сонда қаза тапқан.

– Оның ішінде 30-дан астам жігіт әртүрлі жарақатпен мүгедек болып оралды. Қазір Ауған жерінде болған жігіттер 600-ге жетпейді. Сол жақтан оралысымен о дүниелік болғандар бар. Әсіресе, кешегі пандемия кезінде де 7-8 азаматтан айырылдық. Шыны керек, жасы келген сайын олардың да жағдайы нашарлап келеді. Сенсеңіз, соғыстан жүйкесі жұқарған жігіттеріміздің кейбірі суицидке барды. Өйткені, жүйке тозған, – дейді Ауған соғысының ардагері, аймақтағы «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов.

Жыл сайын атаулы күні ғана Ауған соғысына қатысқан ағаларды іздейтініміз өтірік емес. Ұрпаққа «міне, осындай әкелер жат жерде Отанын қорғады» деп баға беретін ардагерлердің саны жыл сайын азайып барады. Көбі жоғарыда айтқандай, ішкі жан күйзелісінен арылмай, ауру арқалағандар. Соғыс салған жараның кесірінен кеселге ұшырағандар.

– Ауған соғысына қатысқандарды насихаттау әлі де кемшін. Жас буынға олардың ерлігін дәріптеу үшін алдымен ардагерлерге жақсы жағдай жасалу керек емес пе? Жағдайы жоқ, бірақ соғыс көрген, қан кешкен әкелерінен үлгі алады деймісіз. «Ой, барды, соғысты, мүгедек болды, артынша оны соғысқа жіберген мемлекеті ұмытты. Бізге оның несін үлгі етеді? Одан да соғысқа не әскерге бармай-ақ тып-тыныш тіршілігімді істейін» дейтін жас балалар көбейді қазір. Бұл жерде өзінің Отанына деген сенім жоқ. Қару ұстап, елін қорғағанымен, оны ұлықтайтын мемлекет болмаса бәрі бекер. Сол кезде 18-20 жастағы біздің патриоттық сезімді бүгінгілермен салыстыра алмайсың, – дейді Қайраддин аға.

Ардагердің айтуынша, мемлекет тарапынан ай сайын ардагерлерге 18 мың теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл дәрі-дәрмек, моншаға түсу, шашын алдыру сияқты ұсақ-түйекті өтеу үшін бөлінеді-мыс. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен жылына бір рет 30 айлық есептік көрсеткішпен жәрдемақы төленеді. Коммуналдық төлем не қоғамдық көлікте тегін жүрмейді. Соғыс мүгедектеріне ғана зейнетақы қарастырылған. Қол-аяғы сау болса да, ішкі жан-дүниесі аласапыран басқа ардагерлер бұдан мақұрым. Бұл қасіретті жылдардың бел ортасында жүрген азаматтардың барлық қажетін өтей алмасы белгілі.

– 2020 жылдың 6 мамырында шыққан заңның мазмұнын қараңызшы. Мұнда Ауған соғысының ардагерлерін екіге бөліп тастаған. Мысалы, соғыстан мүгедек болып оралғандар Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестірілген. Статусы сондай. Өзіңіз білесіз, оларға мемлекет тарапынан берілген жеңілдік көп. Шипажай, кейбір төлемдердің тегін болуы, т.б. Ал екіншісі, яғни, оқ тимей аман-есен соғыстан келген ардагер бұл санатқа кірмейді. Сонда Құдай сақтап, оқ тимей келген солдаттың жазығы не? Жазығы – қанша ерлік көрсетіп, от пен оқтың арасынан аман-есен шыққаны. Чернобыль апатын жоюшыларды да дәл осылай бөліп қарастырған. Бұл іріткі емей немене? Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымызды да олай бөлмеді. Қазір ардагерлердің ұсынысымен бұл қайта қаралуда. Заң – бар адамзатқа ортақ болуы тиіс, – дейді Қ.Баймаханов.

Ойлап қарасақ, сол Ауған ардагерлеріне берілетін ай сайынғы 18 мың теңге өтемақы сол күйі өспеген. Расы сол. Ал инфляция құлаш ұрып, алға жылжуда. Баға күннен-күнге өсіп жатыр. Бұл ойланарлық жағдай емес пе? Шыны сол, берілген 18 мың теңге өтемақы ардагердің дәрісіне де жетпейді. Ардагер айтқан ащы шындық осы. Онсыз да жылма-жыл қатары сиреп бара жатқан ағалардың базынасы осы.

Ал келесі кейіпкеріміздің есімі – Меңлібек Құтпанов. Ауған соғысының соңғы жылдарында әскерге алынған. 1987 жылы Қызылордадан аттанған 72 жігіттің бірі болған ол алдымен Ош, одан соң тәжік жері арқылы Памир таулы аймағына табан тірейді.

– Қаладан 60, Жалағаштан 12 жігітті қазан айының ішінде алып шықты. Арнайы 45 күндік дайындықтан соң шекара қызметіне кірістік, яғни ант қабылдаған соң біз шекарашымыз. Аз уақыттан соң Ауғанстанға кіруге ұсыныс айтылды. Оған да өзіміз сұранып, қол қойып, тіпті әскерден қайтарда Ауған жерінде болғанымыз туралы тіс жармаймыз деп ант бергенбіз. Жалпы соғыстағы біздің міндетіміз – қауіпсіздік қызметі. Алдыңғы шепте жүріп, жолды минадан тазалау, қауіпті нысандардың көзін жою. Артымыздағы қару-жарақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты құнды заттардың белгіленген межесіне дейін қауіпсіздігін қадағалайтынбыз. Онда тек қирату, бүлдіру сияқты жұмыстар болған жоқ. Керісінше соғыс болған жерді қалпына келтіру, жолын дұрыстау, суын жүргізу сияқты құрылыс жұмыстары да белсенді жүргізілді, – дейді ардагер М.Құтпанов.

1989 жылы сондағы барлық әскер мен техниканы шығаруға атсалысқан Меңлібек ағаның елге оралған соң денсаулығы күрт нашарлап, емделуіне тура келген. Әрі соғыс жайлы тіс жармау, көрген қиыншылықты іште бүгу  адам жүйкесіне үлкен салмақ еді.

– Айтуға болмайтын. Ауған соғысы жайлы ел-жұрт хабарсыз еді. Бұл туралы теледидар не БАҚ беттерінде мүлде айтылмады. Кейін бұл жайлы сөз біртіндеп шыға бастады. Халықтан жасыру мүмкін болмай қалғаны рас. Шыны керек, Тәуелсіздік алғаннан, 5-6 жылдан соң Ауғанстан соғысы, ондағы шындық біртіндеп айтыла бастады. Ол қасіретті жылдар ұмытылмауы тиіс. Бастысы, соғыста болған біздің жігіттер кез келген жас буынға үлгі боларлық қасиетімен ерекше. Олар сол құрметке лайық, – деп сөзін түйіндеді ол.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<