Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетовты қабылдады деп хабарлайды облыс ґкімінің баспасөз қызметі.
C.Нұрымбетов аймақ басшысына әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының бағалары мен тұрақтандыру қоры арқылы атқарылған жұмыс жөнінде баяндады.
Бүгінгі күні облыста 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 8 812,6 тонна қоры бар. Яғни, халыққа қажетті қарақұмық жармасы, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, картоп, сиыр еті секілді өнімдердің мол қоры бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорындағы өнімдер 2665,3 тоннаны құрайды. Аймақтағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда 1,2 процентке төмен.
Сонымен қатар, тұрақтандыру қорының әріптестері «Ажар» сауда үйі мен «Данчо» жеке кәсіпкері арқылы 378,3 тонна әлеуметтік маңызы бар өнім қорлары қалыптастырылып, облыс тұрғындарына ұсынылады.
Өзге де сауда орындарында 5769 тонна әлеуметтік өнім көлемі бар.
Осы жылдың шілде айының басынан Қызылорда қаласының ірі сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар ашылып, тұрақтандыру қорының өнімдерін белгіленген бағада сату жұмыстары жүргізілді.
«Алтын Қамба» АӨК» ЖШС тарапынан Қызылорда қаласы әкімдігі ұсынған 9 ірі сауда үйлеріне, «Small», «Magnum», «Сұлтан», «Аль-Асад», «Қызылорда», «Сыбаға», «Мирас», «Ажар», «Ақниет» әлеуметтік бұрыштар ашуға тұрақтандыру қорының өнімдерін белгіленген бағада сату ұсынылып, нәтижесінде 6 сауда орны, оның ішінде, «Мирас», «Аль-Асад», «Анвар», «Ажар», «Қызылорда Оптомаркет», «Ақниет» әлеуметтік бұрыш ашуға және тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуға келісім берді.
Облыста осы жылдың мамыр айынан бастап С-1 санаттағы, яғни, күнделікті қолданыстағы тауық жұмыртқасының 10 данасына 90 күн мерзімге шекті рұқсат етілген 284 теңге мөлшерде бөлшек сауда бағасы белгіленді.
Сондай-ақ, өңірде қарақұмық жармасының бағасы тұрақталмауына байланысты, тиісті талаптарға сәйкес шекті рұқсат етілген 313 теңге мөлшерде бағасы бекітілуде.
Облыс әкімі басқарма басшысына тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыруды, әлеуметтік дүкендер мен әріптестердің сауда орындарында қалыптастырылған әлеуметтік қатарларды күзгі өнімге дейін ерте пісетін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуді тапсырды.
Алдағы 2020-2021 жылғы қысқы маусымаралық кезеңге осы бастан азық-түлік қорын қалыптастыру бойынша шаралар қабылдауды міндеттеді. Сонымен қатар, облыс орталығында әлеуметтік дүкендердің санын көбейту жөнінде тапсырма берілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<