Қазалы ауданындағы тірек елді мекен – Жанқожа батыр ауылында бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Түнгі жарықпен безендірілген асфальт көшелер, ұстаздары мен шәкірттері білім мен өнер сайыстарынан жүлдесіз қайтпайтын еңселі мектеп, ауласында саялы талдар мен жеміс ағаштары, әсем гүлдері жайқалған руханият ордасы – мәдениет үйі мен кітапхана, кейбір аудан орталығының тұрғындарына арман болған зәулім спорт кешені, айшығы күнмен жарқыраған келісті мешіт, жасыл желегі жан сарайыңды ашқан саябақ «шіркін, айтса айтқандай екен» дегізері даусыз.
Әрине, бұл суреттеуге қарап Жанқожа батыр ауылында ешқандай проблема жоқ деу артық шығар. Жұмыссыздық жайын, басқа да мәселелерді несіне жасырамыз? Десе де, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілеріне үміт басым. Айтпақшы, тұрғындардың біршама жылдан бері алаңдатушылығын туындатып, сағызша созылып келген ауыз су құбырын сервистік жүйеге қосудың алғышарты дайындалды.
Арықбалық ауылдық округінде 1692 адам тұрады. Оның ішінде 39 жұмыссыз, 595 өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бар. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты мен «Бастау-Бизнес» жобасы аясында стартап жаңа бизнес идея жобасы бойынша қайтарымсыз несие иеленген 7 тұрғын мал шаруашылығын дамыту мақсатында кәсіпкерлігін бастаған. Тұрар Мұстафаев қой өсіру үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы несие алды. «Қазалы-Несие» ЖШС арқылы «Орынтай» шаруа қожалығы 7 млн теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы арқылы «Аян» шаруа қожалығы 6,8 млн теңге несиеге қол жеткізді. Ал «Қалнияз Жұмабек» шаруа қожалығы 7,5 млн теңге «Руслан» шаруа қожалығы 30 млн теңге несие алуға құжаттарын тапсырды дейді.
Ауыл тұрғындарының мұндай қаржыға қол жеткізуі – ұйымдастырушылық жұмыстардың нәтижесі.
Жанқожа батыр ауылындағы жағымды жаңалықтар легі мұнымен толастамайды. Ауыл орталығындағы Егізбай және Достық көшелеріне асфальт жол салу жұмыстары жүргізілуде. Нақты кезеңде қиыршық тас төселіп жатыр. Ақ шағыл құмға төселген қиыршық тас біршама уақытқа дейін шыдас беретіні сөзсіз. Толық аяқталғанда ауылдың ажарына сән қосатын бұл шаруаға жұмыссыз жүрген ауылдың 15 тұрғыны жұмылғанын білгенде қатты қуандық. Тағы бір сүйсінерлігі, соңғы жылдардың өзінде ғана Жанқожа батыр ауылында 15 жаңа тұрғын үй бой көтерген.
Ауылдық мәдениет үйіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде облыстық бюджеттен 12250 мың теңге қаржы қарастырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын «ГД-2015» құрылыс компаниясы жүргізіпті.
Қаралған қаржыға ғимарат шатырының 700 шаршы метрін ауыстыру, көрермендер залының еденін сырлау, ғимарат бөлмелерінің еденін жаңалау сынды бірқатар шаруа тындырылыпты. Сахналық қойылымдарға арналған прожектор орнатылып, жылу жүйесі де қайта жөнделіпті. Осылайша ауыл өнерпаздарына үлкен қамқорлық көрсетілген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<