Бас шаһардағы байырқалы бастамалар

525

0

Уақыт көшінде кейбір саланың дәуірлеу кезеңі болады. Кейінгі екі жылдың бедерінде Қызылорда облысында құрылыстың және сол құрылыс қарқынының аясында абаттандырудың дәуірі туып тұр. Әрине, біткен іске де, басталған іске де сыншы көп. Әйткенмен, аз күндік кедергіні ертеңгі игілік жолында дабыра еткен жараспас. Өңір үшін бұл бастамалар жаңа қадам. Биыл құрылғанына 85 жыл толып отырған облыста оң өзгерістер, байыпты жобалар аз емес.

Сөз басында айта кетейік, биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша облыс бюджеті 596,2 млрд теңгеге жетіпті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38 пайызға артық. Мұнан бөлек бюджеттен тыс, демеушілер есебінен 30,1 млрд теңге қаржы тартылған. Оған қоса, құрылыс, жол құрылысы компаниялары және кәсіпкерлердің қолдауымен 101, 5 млрд теңгеге 630 жобаның сметалық құжаты әзірленген. Нәтижесінде, 6 ай уақыт ішінде 3,3 млрд теңгеге бюджет қаражаты үнемделген.

Енді осы ауқымды қаражаттың ішінде қарқынды құрылыс алаңына айналған аймақтың бас шаһары – Қызылорда қаласында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының бірқатарын тарқатсақ.

Орталық алаң орталықтың ажарына айналады

Құрылыс ел экономикасы өсімінің басты драйвері деп нық сеніммен айта аламыз. Биыл бұл сала өңірде көлемі жағынан өсу бойынша да лидер атанды. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуына оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Құрылыс саласы – қашан да экономиканың негізгі іргетасы екендігі айқын. Сондықтан да, құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты екені даусыз.

Әйткенмен желіде желдей ескен жалған ақпараттар мен түрлі шындыққа жанаспайтын жариялымдар құрылысшылар мен бастамашыл топтың жұмысына кері әсер беретіні анық. Маңдай тер мен келелі келісімдермен қол жеткізген қыруар қаржы өз мақсатында игерілсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Ал қазына қаржысынан бөлек облыста демеушілердің қолдауымен де жақсы жұмыс атқарылуда. Қызылорда қаласын абаттандыру және көркейту шараларына ерекше мән беріліп отырғанын қаперде ұстайық. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.

Сондай игілікті істердің бірі – орталық алаңда бастау алды, яғни, «Қызылорда қаласындағы Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін, Ы.Жақаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасына орай, мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына кірісті. Жоба бойынша субұрқақтары аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарық диодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылады. Ы.Жақаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады.

Жағымды жаңалыққа қала тұрғыны, зейнеткер Ж.Бодашова қуанышын жеткізіп, аналық ризашылығын білдірді.

– Қаламыз көркейіп келеді. Енді серуендеу үшін қала сыртына сабылмай, орталықта еркін демалатын орындар болады екен. Тас төселген үлкен алаңнан, бізге осындай көркем орындар көптеп керек. Ал көрікті орта – кім-кімнің де мақтанышы. Халықтың қалауына орай осындай істерді атқарып жатқан азаматтарға алғыс айтамын, – деді бізбен әңгімесінде.

Заманауи кейіпте жаңғыртылатын алаң жанға жайлы, көңілге қонымды болмақ. Мұнда, әсіресе көпшіліктің алаңсыз демалуына толыққанды жағдай жасалады. Брусчаткалар төселіп, жолжиек тастар қойылады. Бұл балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Жарық диодты шамдар мен газондар, көпжылдық жасыл көшеттер көз тояттайтын көрікті орынға айналады. Жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары мен балалар ойын алаңы шаһар келбетіне шырай бермек.

Ең маңыздысы құрылысқа қазына қаржысынан бөлек, кәсіпкер Асқар Әубәкіров 1,5 млрд теңгеге қаржылай қолдау көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұлардай шулаған базбіреулер «қазынадан бөлінген қаржы» деп білместікпен пікір жазуда. Орталық алаңның жайқалып тұрғанын қалаған азаматтың қаржысы халық игілігі үшін игерілуде.

Ал орталықтағы жиек тастары мен кеспе тастары, төсеуді қажет етілетін өзге де әлеуметтік нысандарға көшіріледі.

Демеушілер дәріптелуі керек

Өңірде өнімді істер қолға алынған. Себебі жоғарыда қыруар қаржы демеушілер тарапынан келгенін айттық. Бұл – бір. Екіншіден, қазіргі таңда қала «көгілдір отынмен» толық қамтылып, аяқсу мәселесі де ретке келтірілуде. Күннен күнге көркейіп, кемелденіп келе жатқан шаһардың тазалығын сақтау, тиісті сала қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету мақсатында арнайы техникалар алынған.Көпқабатты үйлердің қасбетін жаңалау жұмыстары қарқынды жүруде. Бұқаралық спортты дамытып, салауатты ұрпақ тәрбиелеудің алғышарттарының бірі саналатын ойын алаңдары көптеп салынуда. Бірақ, жақсы жұмысты жария етуге келгенде кежегеміз кейін тартады да, ілік іздеуге бейім бола қаламыз. Сонда бұл кім үшін?

Бүгініміз бен болашағымызға бейжай қарамаған азаматтардың туған жерге деген ыстық ықыластарының көрінісі ретінде демеушілердің көмегімен бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандарды неге айтпасқа?!

Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте үш ғимараттың іргетасы қаланды. «Неке сарайы», «Өнер орталығы», сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ.

Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы басталды. «Қазгермұнай» Ұлттық компаниясы басшылығы заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасын қолға алды. Қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығының да іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл арқылы қала аумағы сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтылатын болады.

Жолдың жайы жақсарады

Қызылорда облысы жол құрылысы бойынша көптеген өңірден көш ілгері екенін ұмытпау керек.

Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолдары, елді мекенаралық жолдар жөндеуден өтуде. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Әрине, жол құрылысында кешеуілдеп жатқан жұмыс та бар, бірақ оның жауапкершілігі қатаң сұралып отырғаны рас. Жалпы аймақ көлемінде жол жайы жақсарып келеді.

Мәселен, қаланың сол жағалауынан заманауи үлгідегі жаңа автовокзал құрылысы мен «Қазақстан Темір Жолы» компаниясымен бірлесіп, Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жақсы жолда жайлы көліктің қатынауы – халық үшін үлкен игілік. Қызылорда қаласының қоғамдық көлік қызметі жақсарып, үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустармен толықтыру бойынша да ауқымды жұмыстар жасалуда. Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасын арттыру мақсатында өткен жылы лизинг арқылы 150 жаңа автобус алынды. Биылғы қоғамдық көлік қызметі мәселесін түбегейлі шешу мақсатында қосымша 150 автобус алу үшін жұмыс белсенді жүруде.

Сонымен қатар, қала орталығындағы Назарбаев, Астана даңғылдары мен Яссауи көшесіне де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылатын болады. Тұрғындардың игілігі үшін «Белкөл», «Құлагер» теміржол өткелдері салынуда. Қаланың тек орталық көшелері емес, шет аймақтарында да жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолы сияқты қарқынды жұмысты көзбен көріп жүрміз.

Тағы бір қуанышты жаңалық, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты көше жолының «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жанасатын жерінде көлік айырығын салу жобасы таяу арада аяқталады.

Айтпағымыз, облыс орталығындағы байырқалы бастамалар мен ілкімді істерге ел жанашырлары желіде жағадан алып, аяқтан тартпай, салмағын саралап, байыпты ой қалдырса игі емес пе?!

Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі нығайту, қоғамдық сананы жаңғырту бойынша алдымызға жаңа міндеттер жүктегені белгілі. Бұл ретте, қаланы одан әрі дамытудың басты кепілі азаматтардың, яғни, әрбір тұрғынның табысы мен өмір сапасының жақсаруы – басты міндет. Сондықтан атқарылатын жұмыс толастамайды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<