Пандемия кезінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оның бағасына байланысты мәселенің өзектілігі артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Үкіметтің 10 шілде күнгі кеңейтілген отырысында сынға алды.
«Біз қазір дәрі жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек», – деді ол.
Президент тапсырмасына сәйкес елдің әр аймағында дәрі тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, «СК Фармация» серіктестігіне берілген өтініш бойынша өңірдегі инфекциялық және провизорлық стационарларға қажетті медициналық препараттар келіп түсуде. Аурудың көбеюіне байланысты барлық емхана қосымша амбулаторлық дәрі-дәрмек алдыртпақ. Министрліктің емдеу және диагностикалау хаттамасына сәйкес антибиотиктер амбулаторлы жағдайда пневмония диагнозы анықталған науқастарға беріледі.
Мәселені реттеуде көрші мемлекеттермен қарым-қатынас та маңызды рольге ие. Оның ішінде Ресей мен Катардан жеткізілген дәрі-дәрмек көп ұзамай ауруханалардың, қала мен аудан орталықтарындағы дәріханалардың сөресіне түспек. Ал Өзбекстаннан құны 150 млн теңгені құрайтын дәрілік заттар алу жөнінде келісімшарт жасалып жатыр. Ол да жақын арада облысқа әкелінеді.
Айта кетейік, бүгінде Қызылордада дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмау мақсатында арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Оның құрамында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, экономикалық тергеу департаменттері, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және туризм басқармалары, фармацевтика қызметін қолдау және дамыту ассоциациясы, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, басқа да белсенді азаматтар бар. Жергілікті емханалар мен дәріханалардағы мәселе топтың ұдайы бақылауында.
Өткен апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова оттегі баллондарының жетіспейтінін айтты. Осы орайда ауруханаларды үздіксіз және жеткілікті көлемде оттегі баллондарымен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. «Сонымен қатар, облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінді», – деді аймақ басшысы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде ауруханаларда 64 ИВЛ аппараты жұмыс істеп тұр. Республикалық бюджет есебінен тағы 68-іне тапсырыс берілді. Осы аптада демеушілік көмек ретінде Түркиядан 10, «Шалқия Цинк» АҚ есебінен 2, «Роскосмос» тарапынан 1 аппарат жеткізіледі.
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<