Бейнебақылау камералары көбейеді

58

0

Өткен шілдеден бері Қызылорда қаласында пилоттық режимде «Сергек» жобасы аясында 100 бейнебақылау камерасы, стационарлық жылдамдық өлшейтін 10 қондырғы орнатылды. Соның арқасында жол-қозғалыс ережесін бұзудың 5241 дерегі анықталып, 66 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орын­басары Сәбит Ибадулланың айтуынша, қазіргі күні облыс орталығында 272 бейнебақылау каме­расы бар. Жыл соңына дейін оның санын 1400-ге жеткізу жоспарлануда.

– Бейнебақылау камералары қоғамдық орындарда қауіпсіздікті сақтауға, қылмыстың алдын алуға септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар әкімшілік құқықбұзушылықты анықтау бағытында жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері камералардың көмегімен осындай 7813 әрекет, 30 қылмыс анықталды. Жылдамдық өлшегіш құрылғылары арқылы 3368 құқықбұзушылық анықталып, 45 млн теңгеден астам айыппұл салынды, – деді ол.

Сондай-ақ қала және ау­дандық полиция бөліністеріне «ЖБО 2.0» бағдарла­масы орнатылып, 102 нөміріне түсетін өтініштерді қабылдау және өңдеу процесі автоматтандырылды. Биыл 24 наурыздан бастап Қызылорда қаласындағы жедел басқару орталығының бейнеқабырғасы мен жұмыс орындары жаңартылмақ.

Департамент бастығының орынбасары қоғамдық тәртіпті сақтау саласына жасанды интеллект қолдану арқылы цифрлық жобаларды енгізу жайын да сөз етті. Осы орайда «Target AI» ЖШС облыс орталығындағы бейнебақылау камераларына жасанды интеллект алгоритмдерінің көмегімен бейнебақылау камераларының бейне ағынын өңдеуді және талдауды пилоттық режимде жүзеге асырады.

– Бұл бет-әлпеті, белгілері арқылы іздеуде жүрген адамдарды табуға, табылған орнына қарай іздеу маршрутын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар криминалды көлік құралдарын номері, моделі, маркасы және түсі арқылы таба аламыз. Жылдамдықты белгіленген шектен асырған жүргізушілерді, жаяу жүргінші жолындағы құқықбұзушылықтарды, дұрыс емес және рұқсат етілмеген жердегі тұрақты оңай табамыз. Адамдар немесе көлік көп шоғырланатын объектілерді анықтап, ішкі істер органдарына автоматты түрде хабарлама береді, – деді Сәбит Ибадулла.

Бүгінде елімізде жасанды интеллект функциясымен қам­тылған 12 500 бейнебақылау камерасы бар.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<