Бейнеткеш елдің берекесі

553

0

«Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес.

Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі.

Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің аграрлық саласының дамуына бағытталған нақты тапсыр­малар берді. «Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету» деп атап көрсетті. Бүгінге дейін аталған салада жасалған жұмыстар аз емес. Жолдауда көрсетілгендей, мемлекет тарапынан жасалып жатқан әрбір қамқорлық ауыл шаруашылығының ажарын кіргізіп, елдегі ағайынның еңсе тіктеуіне негіз қалады. Мұндай игілікті істер Сыр өңірінде де көрініс беруде.

Өндірілген өнім көлемі артты

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-қараша айларында осы салада 157,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Нәтижесінде тамақ өнімдерін өңдеу көлемі біршама артты. Айта кетерлігі, жыл басынан қазанға дейінгі аралықта ауыл шаруашылығының негізгі қорына 7,3 млрд теңге инвестиция салынған.

Бейнеткеш елдің берекесі

– Облыстың аграрлық саласында егін шаруашылығының маңызы зор. Жергілікті диқандар ұзақ жылдан бері мол өнімге негіз қалап келеді. Десе де биыл егіншілер су тапшылығын көрді. Соған қарамастан мол өнім жинады. Биыл өңір еңбеккерлері 188,1 мың гектарға ауыл шаруа­шылығы дақылдарын екті. Оның ішінде су жағда­йына байланысты күріш көлемі өткен жылмен салыстыр­ғанда 5,9 мың гектарға қысқартылды. Есесіне суды аз қажет ететін малазықтық және майлы дақылдар 9,8 мың гектарға ұлғайды. Негізгі дақыл – күріштен орташа өнім 59,8 центнерден келіп, қамбаға 500 мың тонна астық құйылды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Биыл аграрлық салада машина-трактор паркін жаңартуға баса назар аударылды. Нәтижесінде он бір айда жалпы құны 4,2 млрд теңгені  құрайтын 185 техника сатып алынды. Егін жинауға 1763 трактор, 849 комбайн, 476 жатка, 353 жүк көлігі қатысты.

Расын айту керек, өнім деңгейінің артуына тұқым сапасы тікелей әсер етіп отыр. Көктем айларында 21403,6 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы себілді. Атап айтқанда, оның 4,6%-ін элита, 36%-ін бірінші, 38,4%-ін екінші репродукциялы тұқым құрады. Сондай-ақ, осындай сапалы тұқымға жаздық бидай, күздік бидай, арпа, тары, жүгері, соя, жоңышқа және мақсары дақылдарын егу барысында назар аударылды.

Атакәсіпті ардақтағандар

Сала мамандарының айтуынша, мал шаруашылығында оң динамика қалыптасты. Мал басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемі артуда. Биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мәлімет бойынша 373,5 мың  ірі қара, 781,2 мың қой мен ешкі, 171,2 мың жылқы, 56,8 мың түйе есепке алынған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара 8,4, қой мен ешкі 4,6, жылқы 13,0, түйе 8,3%-ке көбейді. Есепті кезеңде 34,6 мың тонна ет (тірі салмақта), 83,2 мың тонна сүт өндірілді. Атап өтерлігі, ет өндірісі 2,3%-ке, сүт өндірісі 2,4%-ке артқан.

Өңірде «Сыбаға» бағдарламасы жоғары деңгейде орындалуда. Биыл бағдарлама негізінде облысқа шетелден 1000 ірі қара, 27500 қой сатып алу межеленген еді. Олардың басым бөлігі жеткізіліп, шаруашылықтар түлік басын көбейтуге мүмкіндік алды.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал» деп атап көрсетті.

Бейнеткеш елдің берекесі

– Биыл өңірде қуаңшылық жағдайына байланысты қыстайтын малды азықпен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылды. Осыған байланысты малды жем-шөппен қамтамасыз етудің іс-шарасы бекітілді. Бұл мақсатта 114 бригада құрылып,  1000-нан астам адам жұмылдырылды. Оған 170-тен астам техника тартылды. Облыс әкімінің бекіткен іс-шарасына сәйкес 769,9 мың тонна ірі азық дайындау жоспарланған. Аталған жоспар артығымен орындалды. Қазіргі таңда қажетті жеммен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ, мал азығына қажетті сүрлем, күріш сабаны жиналды.

Аймақта құрама жемнің жетіспеу­шілігі кездеседі. Оның жетіспейтін бөлігін солтүстік облыстардан сатып алу межеленді. Нәтижесінде шаруа­шылықтар өз қаражаты есебінен Қос­танай, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан жемдік бидай сатып алды. Оған қоса бидай кебегін алуға да мән берілді, – деді басқарма басшысы.

Қуаңшылық зардабын көбірек тартқан Арал ауданының барлық елді мекеніндегі мал басы нақтыланды. Сол арқылы оларға қажетті жем-шөп мөлшері анықталды. Ауданда биыл 114,1 мың мал қыстайтыны белгілі болды. Оған 184,6 мың тонна шөп, 37,6 мың тонна жем қажеттігі есептелді. Осыған байланысты төрт түлікке қажетті жем-шөпті қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыстар жүзеге асты. Бұл мақсатта 6 мәрте жем-шөп жәрмеңкесі өткізілді. Айта кету қажет, Арал өңіріндегі қуаңшылық жағдайына байланысты облыс әкімінің резервінен 250 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 49,5 млн теңгесі шөп тасымалдайтын көлік шығындарын жабуға жұмсалса, 200,5 млн теңгесі мал суаты, жайылымдарды, шабындықтарды суару және «Қамыстыбас» пен «Ақшатау» көлдер жүйесін суландыру мәселесін шешуге бағытталды.

Бұдан бөлек «Қызылжар» елді мекені аумағындағы «Бектау» каналын қазуға назар аударылды. Ал Аманөткел ауылы маңындағы «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі дария арнасына тоспа салынып, жайылымдық жерді суландыру аяқталды. Оған қоса Мергенсай елді мекеніне жақын «Үш шоқы» мал жайылымдық жерінде су ұңғымасы қазылды. Осындай жұмыстар Қосаман, Ақбасты ауылдарында қолға алынса, Қулы, Дің арналарын қазуға көңіл бөлінді. Бүгінде дария суы көтеріліп, «Қамбаш» және «Ақшатау» көлдер жүйесіне су жіберуге мүмкіндік туды.

Бейнеткеш елдің берекесі

Арал ауданында қуаңшылық салдарын жою мақсатында «Аралым – айдын шалқарым» атты қайырымдылық қоры ашылды. Оған Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры есебінен 280 млн теңге түсті.

Биыл тауарөндірушілердің мал азығына қолжетімділігін арттыру мақсатында Үкімет резервінен мал азығына жұмсаған шығындарды ішінара субсидиялау мақсатында 1,7 млрд теңге бөлінген. Аталған қаржы толығымен игеріліп, 822 шаруа­шылық қаржыға қол жеткізді.

Дегенмен, шаруашылық құры­лым­дарынан өтінім көп болғандықтан қаралған қаржы жетпей қалып, тауарөндірушілердің берген тапсырыстары субсидиялаудың ақпараттық жүйесі базасының резервіне түсті. Осыған байланысты облыстық бюджеттен қосымша 208 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда игерілуде.

Судың да сұрауы бар

Мемлекет басшысы Жолдауында «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай  су тапшылығының көлемі 40%-ке жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса ма­ңызды 120 каналды қайта жаңғыр­туға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады» деп атап өтті.

Бейнеткеш елдің берекесі

– Республика аумағында салынатын 9 су қоймасының қатарына Қызылорда облысы бойынша 775 млн текше метр су жинайтын «Қараөзек» арнасындағы су қоймасы енгізілген. Мақсаты – «Қараөзек» көлдер жүйесін және малазықтық база құру бойынша шабындық-жайылымдық алқаптарды, Қазалы ауданының егістік жерлерін суландыру. Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Келесі жылы құрылыс жұмыстары  басталады деп күтілуде, – деді Талғат Тұрсынұлы.

«Әйтек» су торабынан төмен қарай  Сырдария өзенінің су өткізу қабілеті  секундына 700 текше метр болса, қыста мұз ұстасу себебінен су өткізу қабілеті секундына  425 текше метрден аспайды. Су торабынан жоғары орналасқан аумақтарда тас­қынның алдын алудың, реттеудің бірден-бір амалы – өзен суын «Қара­өзек» арнасы арқылы өткізу.

Жобаланатын су қоймасы  «Қараөзек» арнасы бойында үш каскадтан тұрады. Бұл арна «Әйтек» каналының бас құрылысы учаскесінен басталып,  Жосалы кентінің теміржол көпірінде аяқталады. Жүзеге асқанда 5,4  мың гектар суармалы жерді, 3,3 мың гектар көлдерді, 120,8 мың гектар шабындықтар мен жайылымдарды сумен қамтамасыз етеді.

Жалпы Үлкен Арал теңізіне жыл сайын қайтарымсыз кететін және Сыр­дария өзені арқылы қыс мезгілінде  70%  келетін суды облыс аумағында тиімді пайдалану жолдары қарастырылады. Су тапшылығының алдын алу, су нысандарының экожүйе­сін сақтап, оны үнемді пайдалану  бағытында Үкімет әзірлеп жатқан алдағы 5 жылға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына облыс­тың 237 су шаруашылығы жобасын енгізу бо­йынша ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, 2025 жылға дейін облыс аумағындағы  30 магистральды және шаруашылықаралық каналды цифрландыру жоспарлануда. 2025 жылға қарай облыста 17,2 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілмек. Мысалы, биыл «РЗА» АҚ Қазалы ауданында 87 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен жүгері егуді қолға алса, алдағы уақытта Шиелі ауданында жаңбырлатып суару арқылы 10 мың гектар жоңышқа, тамшылатып суару әдісімен Жаңа­қорған ауданында 3 мың гектар қызанақ егу жобаларын іске асыру бағытында жұмыстар қолға алынуда. Бұл арқылы су ресурстары неғұрлым ұтымды пайдаланылып, вегетация­лық кезеңде тапшылықтың алдын алуға септігін тигізеді. 

Қамыс та қаржы

– Кейінгі жылдары облыста ауыл шаруашылығы саласында экспорт мәселесі жолға қойылуда. Биылғы 1 қарашаға дейінгі есеп бойынша 87 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шетелдегі тұтынушыларға шығарылды. Өнімдердің жалпы құны 30,1 млн долларды құрайды. Сыр өңірінен негізінен күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы, қамыс, қарбыз, қауын және қызанақ үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 3,4%-ке артық. Өнімдер әлемнің 15 мемлекетіне экспортталса, оның 93,6%-ін күріш еншілейді. Оған Ресей, Қырғыз­стан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина және Ирак қызығушылық танытты. Дерекке көз салсақ, қазірге дейін 81,5 мың тонна күріш өнімі шетке шығарылған. Ол былтырғы жылмен салыс­тырғанда 14,2%-ке артық, қаржылай санағанда 25 млн доллар, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстан Ресей, Польша, Литва, Нидерланды, Грузия, Украина, Германия және Австрияға 2759,2 тонна балық экспортталды. Қазір Германия мен Нидерланды мемлекеттерінен қамысқа сұраныс артып отыр. Ол биыл 1032,6 тоннаны шамалады. Оған қоса Германия және Нидерланды мемлекеттеріне 106,9 тонна бидай қалдығы жөнелтілді. Ресейге 1125 тонна қарбыз, 380 тонна қауын және 150 тонна қызанақ экспортталды.

Инвестициялық жобалар

Айта кетерлігі, аймақтың агро­өнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларға мән беріліп отыр. Нақтырақ айтқанда, бес жылда бұл бағытта 76 жоба қолға алынады. Олардың жалпы құны – 58 млрд теңге. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы аясында 42 жоба бекітілді. Нәтижесінде алдағы уақытта 1144 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Ол бойынша 2021 жылға 14 жоба белгіленсе, 2022 жылы – 20, 2023 жылы – 5, 2024 жылы – 2, 2025 жылы – 1 жоба қарастырылған.

Аталған жобалар жүзеге асқаннан кейін аймақта құс етімен қамтамасыз ету – 45, ет өндірісі – 71, сүт өндірісі – 55, жұмыртқамен қамтамасыз ету – 12%-ке ұлғаяды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында жыл са­йын тартылатын инвестиция көлемін 12-15 %-ке көбейту көзделуде. Жыл басынан бері 12 жоба іске қосылды.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополия­лануына жол беруге болмайды. Сонымен бірге, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет» деп атап көрсетті.

Бұл бағытта тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Өңір басшылығы тарапынан нақты жұмыс жоспары бекітілген. Облыс орталығы мен аудандарда әлеуметтік дүкендер желісі халыққа қызмет көрсетеді.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1370,8 тонна өнім сақталып, төмен бағада сатылуда. Онда 449,9 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 81,9 тонна қарақұмық жармасы, 187,2 тонна күріш, 61,9 тонна макарон, 35 тонна картоп, 200 тонна пияз, 51 тонна күнбағыс майы, 100 тонна сәбіз, 203,9 тонна қант өнімдері бар.

Сонымен қатар, тұрақтандыру қорына қосымша 500 тонна ұн, 300 тонна қарақұмық, 21,4 тонна 2,5% сүт, 965 тонна картоп, 50 тонна қырыққабат, 255 тонна күнбағыс ма­йын алу үшін «Байқоңыр» әлеу­меттік кәсіпкерлік корпорациясы тиісті алу шараларын жүргізуде.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тиімді шараларының бірі ретінде «айналым» схемасы бойынша кәсіпкерлер субъектілеріне заем беру механизмдері кеңінен пайдаланылуда. Бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 18 кәсіпкерлік субъектісіне 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру мақсатында 1098 млн теңге заем берді.

Тұрақтандыру қорының өнімдері «Байқоңыр» ӘКК қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және Қызылорда қаласында орналасқан 18 ірі супермаркетте келісім негізінде әлеуметтік бұрыштарда нарықтағыдан төмен бағада ұсынылып, сатылуда. Тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қыр­күйек айында Нұр-Сұлтан қаласында екі күнге созылған жәрмеңке барысында қызылордалық еңбеккерлер өз өнімдерін ұсынып қайтты. Жәрмеңкеге Сырдың диқандары мен кәсіпорындары 40 жүк автокөлігімен 400 тоннаға жуық өнім алып барды.

Маусымаралық кезеңде тікелей ауыл шаруашылығы тауарөндіруші бағасымен сату үшін қыркүйектен бастап Қызылорда қаласы мен аудандарда 42 жәрмеңке ұйымдас­тырылды. Алдағы сенбі күні қала тұрғындарына Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың қатысуымен жәрмеңке өткізу жоспарлануда.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<