Жаңақорғандық Баян Муштаева бес ұлдың анасы. Жолдасы Нұралы Өмірбек екеуі балалары, келіндері, немерелерімен бір шаңырақ астында тату- тәтті өмір сүріп келеді. «Келін қызыңдай болмайды», «Ене мен келін бірге тұра алмайды» деген түсінік бұл отбасы үшін жат.
Баян өзі де 18 жасында ақ босаға аттаған. Бала келін енесінің әрбір шаруасын аңғарып жүріп, тіршіліктің көзін тапқан. Текемет басып, алаша тоқуды үйренген. Енесімен бірге тұрып, отбасылық өмірдің қағидаларын меңгеріп, ене мектебінен өткеннен кейін енші алып, өз алдына отау тіккен. Үй тіршілігімен қатар жолдасы мен баланың бабын тауып, шаңырағының жарасымын сақтаған.
– Отбасының берік, мықты болуы біріншіден әйел адамға байланысты. Біздің әулетте 7 келін бар. Бәріміз бір-бірімізді сыйлап, ағайын арасындағы татулықты үзбей келеміз. Қазақта «Абысын тату болса, ас көп» деп бекер айтылмаған. Үлкені кішісіне ақыл айтып, жәрдемдесуден шаршаған емеспіз, – дейді ол.
Бүгінде Баян 3 келінді бір шаңырақ астында тәрбиелеп отыр. Көпшілік жерде оны «үш келіннің енесі» деп таныстырып жатады. Бұлай айтудың да реті бар. Себебі, қазір ене мен келін арасындағы қарым-қатынас кәдімгідей күрделі мәселеге айналған. «Келін келін емес, келсап болды» дейтін енелер көбейді. Ал, енені мойындамайтын жастардың да өз уәжі бар. Қалай десек те, жаңадан отбасы болған жастарға ата-ананың берері мол. Өз арбасын өздері сүйреп кеткенше бағыт-бағдар беріп, қолдағаны дұрыс. Сол себепті Баян келіндеріне енші беруді ойға алған емес. Балаларының өз алдына үй болуы үшін әлі де үйренері көп. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегенді үнемі айтып отырады.
– Келіндерім – көргенді жердің қыздары. Өздері жүрек қалауымен бас қосты. Балаларым қатар үйленді. Отбасына сіңісіп, ене мектебінен өтуі үшін бірге тұрып келеміз. Келіндерім ағайын-туыстың жақындығын білуі керек. Бауырлардың да ара-қатынасы әйел адамға байланысты. Сол себепті бір-біріне бауыр басып, адамгершілік, қадір-қасиет ұғымдарын кеңінен ұғынуы маңызды, – дейді ол.
Баян келін тәрбиесіне келгенде енесінің қолданған ұстанымдарын ескереді. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» дегендей, ол бар білген-түйгенін үйретуде. Келіндері де шаруаға епті. Қорада төрт түліктің бәрі бар. Сиыр, бие, түйе де сауады. Күбі пісіп, құрт-май алады. Қонақ күте біледі. Табақ жасап, жілік ажыратуды да үйренген.
Жарасымды отбасыны көпшілік үлгі етіп айтады. Сүйсінеді. Жас шаңырақты осылай демесе, екіге айырылғандар саны азаяр бәлкім.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<