1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін Сыр елі сән-салтанатпен атап өтті. 130-дан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинаған мемлекет үшін бұл күн ерекше мәнге ие.
Мәдени-көпшілік шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, береке мен бірлікті айғақтайтын думанды ерекше көңіл күйде тойлады. Елімізде екі жыл қатарынан карантин енгізіліп, мұндай атаулы іс-шараларға үзіліс болғаны белгілі. Ал халықтың мерекеге деген сағынышын сол күнгі жаймашуақ ауа райы ұмыттырып жібергендей әсер қалдырды.
Орталық алаңдағы думанда түрлі ұлт өкіледірінің әні мен биі, салт-дәстүрі қатар айшықталып, бірліктің тұғыры беки түскендей болды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр халқын мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады, тәуелсіздік, татулық, тұрақтылық сынды баға жетпес құндылықтарды сақтауға шақырды.
̶ Бірлігі жарасқан елдің тірлігі де төрге озады. Бүгінгі таңда ұлы мақсаттарды ұлықтап, достыққа құшағын айқара ашқан Қазақстан заманауи әлемде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге дамудың жаңа көшін бастады. Берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында серпінді істеріміз нәтижелі болып, өңіріміз жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің іргелі облыстарының қатарынан көрінеді деп сенемін. Жұдырықтай жұмылған ауызбіршілікпен ортақ мүдде жолындағы қиындықтарды қайыспай көтеріп, қуанышымызды бөлісіп, ақ ниетімізді, асыл қасиеттерімізді танытып келеміз. Бұл – тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір жұртымыздың айнымас бірлігінің шексіз дәлелі. Біздің күшіміз – болаттай берік бірлікте! – деді облыс әкімі.
Мерекелік құттықтаудан кейін шаралар легі ұлттық спорт түрлерінен оның ішінде қазақ күресі, гір тасын көтеру және күш сынасу сынды сайыстармен жалғасын тапты. Орталық алаң түрлі атрибуттармен әрленіп, әуе шары мен жер шары салтанатқа ерекше көрік қосты. Бейбітшіліктің мәңгілік символына айналған көгершіндер көкке қанат қақты. Ән мен би салтанат құрып, салт-дәстүр қатар өріліп, халықтар достығының көрінісі айқын көрінді. Шат-шадыман жүздерге қарап жүрек жылынды. Бір-бірін құттықтап жатқан ұлт пен ұлыс өкілдерін көріп көз қуанды. Аймақта өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің ұлттық билерін билеп, әндерін айтты. Ең бастысы еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілеген тұрғындар бір-біріне ізгі ниеттерін жолдады.
Алаңға жиналған халық қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Мұнда әр ұлттың киім үлгілерінен бастап салт-дәстүрлерінен сыр шертетін ерекше бұйым түрлеріне дейін қойылған.
Көпшіліктің көзайымына айналған бүлдіршіндер де өз өнерлерін көрсетіп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді. Кішкентай көрермендердің назарын аударған қуыршақ театрының өнеріне жұрт тәнті болды. Думанды мерекеде «Сыр елім» деп ән шырқаған қазақ эстрадасының әншісі Серік Ибрагимов пен облысымызға белгілі өнерпаздар көрермендердің көңіл-күйін көтеріп, елге қуаныш сыйлады.
Осылайша бірлік пен татулықты ту еткен достық мерекесі халықтың көңілінен шығып, шырайлана түсті. Айта кету қажет, мұндай игі шаралар облысқа қарасты аудандарда жалғасын тауып, кең көлемде аталып өтті.
Аружан Ералы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<