«Біздің жігіттер әскерге өздері сұранады»

1406

0

Алтын күзді күткен дүйім жұрттың алды баласын әскерге шығарып салып жатыр. Әскер демекші, биыл күзгі шақырылымда облыс бойынша жалпы саны 800 бала Отан алдындағы борышын өтеп қайтпаққа аттанады екен. Бүгінде төрттен бір бөлігі сарбаз боп сапта тұр. Соңғы кезде сарбаздарға айтылар сын көбейді. Өңірдегі сала қызметкерлерімен жолығып, өзара пікір алмасқанда осы құрылым туралы көптеген сұрағымызға жауап алдық.

Бізде  әскери-техникалық  мек­теп бар.  Біреу  білер,   біреу  біл­мес.  Десе де білетіндерге қа­ра­ғанда білмей­тіндер жетіп ар­тылады. Алаш арысы Мұстафа Шо­қай атындағы кө­ше­ден көрген бо­ларсыз, бұрынғы ДОСААФ, қазіргі  әскери-техникалық  мек­теп. Мұнда Ауған соғысының ар­да­гері Қайреддин Баймаханов ұс­таз­дық етеді. Шәкірттерді шыңға шы­ғарып, биікке бағыттайды. Бір қы­зығы, мұнда облыстық Қорғаныс іс­тері жөніндегі департаменттің ба­ғы­­тымен 18 жасқа толмаған жас­тар келеді. Оларды әскери өмірдің ал­­­ғышарттарына баулып, мамандандырады. Қолдарына құжат ұс­та­­­ған­дар солайымен әскерге аттанады.

"Біздің жігіттер әскерге өздері сұранады"

– Бізде жұрт айтатын «дедовшина» жоқ. Мен оларға тәптіштеп түсін­діремін. Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, Қазақ хандығын құрды. Кешегі екін­ші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қаһармандарымыз жеңіс сыйлады. Ауған соғысында да майдан­герлеріміз ұлттық рухты көтеріп қайтты. Қазір – бейбіт өмір. Біз сол батырларға қарыздармыз. Әрбір адамның кеудесінде аманат деген ұғым болу керек. Отан атадан  – әкеге, әкеден балаға аманат болып қалады. Енді сендердің кезектерің.

Қолыңа қару ұстап машықтанып, жауынгерлік ұрыс қағидаларын үйреніңдер деп айтамыз. Бізде көрме де бар. Онда майдан даласынан табылған заттар, қару-жарақтар тәрізді дүниелер қойылған. Мұндағы әрбір элементтің айтары бар. Жастардың елжандылықты ұғынып, бойларында ұлттық рухы асқақтайтынына сенемін, – дейді әскери-техникалық мектеп директорының тәрбие және әскери-патриоттық жұмыс­тар жөніндегі орынбасары Қайреддин Баймаханов.

Мұнда келетін 18 жасқа дейінгілердің барлығы бірдей емес. Мектепте тәртіп бұзып танылған «қиын» балалар да бар мұнда. Бірақ осы жерден темірдей тәртіпке мойынсұнып шығады. Әскери өмірге қызығушылығы артқан көпшілігі өзге өңірлерде борышын өтеген соң келісім-шартпен әрі қарай  жұмыс істеп жатыр. Қазір өмірден өз орнын тауып, ел қорғайтын жауынгерге айналған. Міне, еңбек.

Сарбаздар жауынгерлік шеберліктің барлық қырын үйренеді. Қарудың түр-түрін атудан бөлек, күрек пен пышақты лақтыруға да машықтанады. Ұрыс даласында сарбаздың қолында не болса, соның барлығы қару саналатынын былайғы жұрт жақсы білері анық. Мұнда физикалық дене еңбегінен бөлек, айла-тәсілдер, ойлау логикасына байланыс­ты да сабақтар өткізіледі.

– Әркімнің кейінге қалдырған ізі болуы керек. Біз майдан көрдік. Ал жастарға ел басына күн туа қалса, не істеу керегін көрсетуіміз керек. Айтылар сын да болуы шарт, бірақ арқадан қағуды да ұмытпау керек. Көңілі толмайтындарға бір-ақ нәрсе айтамын: сынау – оңай, ал түзетуге атсалысу – ең қиын нәрсе. Ешкім батыр болып тумайды, батыр болып қалыптасады, – дейді Қ.Баймаханов.

Осы жерге келген 18 жасқа дейінгілер мерзімді әскери қызметке шақырылғандармен бірге жөнелтіледі. Ұлттық Ұлан гвардиясына, Мемлекеттік күзетке, Қарулы күштер қатарына бөлінеді. Олардың да өзіндік талаптары бар. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мерзімді әскери қызметке, әскерге шақыру бөлімінің бастығы Нұржан Мелдебеков бүгінгі сарбаздардың көзі ашық, көкірегі ояу екенін айтты. Өйткені, олардың барлығы дерлік – «елім, жерім, Отаным» деп аттанатын ұлтжанды азаматтар.

– Менің есімде қармақшылық Сырым Әділбек деген азамат қалып қойды. Әскерге аттануға құлшынысын көрсеңіз, риза болдым. Білімді жігіт екен. Бүгінде Алматы облысында шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бізде осындай жігіттер бар. Жай ғана бар емес, көп. Оған қоса, әскерге қабылдайтындар біздің жігіттерге қызығады. Кез келген өңірдің климатына төзімді. Өзгелер әскерден қашып жатқанда, біздің жерлестеріміз өздері сұранып жатады. Бұл – әрине, мақтанарлық жағдай. Біз бір жылда 1600 азаматты әскерге аттандырамыз. Енді жыл аяғына дейін күзгі шақырудың 800 адамын жөнелтеміз, – дейді Н.Мелдебеков.

Расында, кейінгі жылдары Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарын толықтыруға ниеттенген жастардың саны өскен. Оған мемлекеттен де қолдау шаралары тұрақты жүзеге асып келеді. Өткен жолы журналистермен жүздескен облыс­тық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин бұл реттегі атқарылған жұмыстармен бөліскен еді.

– Биыл өңірде әскери міндетті атқару шеңберінде бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат дәрігер мамандардың еңбекақысына, әскерге шақырылушыларды тасымалдауға, облыстық, қалалық және аудандық шақыру пункттерін күтіп ұстауға, сондай-ақ, жетіспейтін медициналық материалдық-техникалық құралдар мен шығыс материалдарын сатып алуға, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жұмсалады. Осы күні медициналық комиссиялар білікті дәрігер мамандармен, медициналық құралдармен толық қамтылды, – деді ол.

Уақытында әскерге бара алмағандарға ақылы түрде жауынгерлік шеберлікке шыңдалуға мүмкіндік бар. Бұл да әскери-техникалық мектептің базасында ұйымдастырылады. Қайреддин Баймахановтың айтуынша, қырық күндік ақылы әскери міндетті өтеу­шілерге бас­ты талап 24 жастан асу керек. Оларды оқытудың бағдарламасы күшейтілген. Бір жылдық әскери міндетті шаралардың барлығын 40 күнге сыйдыр­ған. Десе де, олар бұдан кейін әскери қызметке бара алады. Бір ерекшелігі сонда.

Мәселен, Еркебұлан Құтымбай Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен елді мекенінен келді. Курсант 26 жаста. Бүгінде ол әскери-техникалық мектепте тәрбиеленіп жүр.

– Шынын айту керек, алғашында маған жұмысқа тұруға әскери билет қажет болды. Сол үшін келгенмін. Бірақ мұнда келген соң ойым өзгерді. Елімді, жерімді, Отанымды жаудан қорғау үшін аянбай тер төгуге бекіндім. Әскери өмір қызықтыра бастады. Уақытында әскерге бармағаным үшін өкіндім әрі ұялдым. Әскери резервті дайындауда атқыш мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап жатырмын, – дейді ол.

Облыс орталығының тұрғыны Абай Қалабаев та дәл осындай пікірін білдірді. Астана қаласында жұмыс істейтін ол 24 жаста.

– Уақытында баруға ынталандым. Бірақ көру қабілетімнің төмендігінен медициналық тексеруден өтпей қалдым. Арада жылдар өткенде басқа қызметке ауысатын болдым. Бірақ ол жерде әскери билетің болуы міндетті. Сондықтан осында келдім. Қайреддин ұстазымыз бізге нағыз ұлтжанды қазақтың қандай болатынын көрсетті. Біз елдік мүддеге жұмылып, жауынгерлік шеберлікті шыңдап жатырмыз, – дейді А.Қалабаев.

Олардың әрбір күні – жарыс. Тіпті әскери мектеп директорының орынбасары да қастарында жас баладай шынығып жүреді. Сайыпқырандардың сапта тұрғанының өзі жарасымды. Тек жарасып қана тұрған жоқ, білекті әрі жүректі жігіттердің ел намысын қашанда қорғаймыз деген ұрандарының өзі құйқаңды шымырлатып жібереді.

Таяуда ғана ант қабылдау рәсімі өтті. Сол жерде қазақтың қара домалағы антты орысша қабылдапты. Негізінде мұндай ресми шараны үзуге болмайды. Бірақ Қайреддин Баймаханов кілт тоқтатыпты. «Отан саған керек болмаса, ешкімге керек емес. Сен соны қорғау үшін келіп тұрсың. Алда-жалда ел басына күн туса алдыңғы шепте жүретін сарбазсың. Ал сенің мынауың не? Ана тілің қайда? Қазақ болсаң, қазақ тілінде қабылда!» деп талап қойыпты. Міне, бұл жерде тек білекті, жүректі болуға ғана емес, ұлтыңды құрметтеуге, ана тіліңді қастерлеуге де үйретеді. Бұл жерде қазақтың байлығы дүние емес, ұлтың, елің, жерің екенін санаға сіңіреді. Бәрекелді!

Дәулет Қырдан,

«Сыр бойы»,

Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<