Бөріойнақ әңгімелері

1291

0

Жусан жер талғап өседі, таза топыраққа тамыр байлайды. Мұндай жусанды даланың төсін аймалап, ыстық құшағында өскен адамы да ақиық, алғыр, абыройлы болады. Жақсы мен жусанның  жұпар иісі жер жүзіне жан шуағын, нәр шуа­ғын шашады. Сыр қазағының  құйқалы ел атануы да бәлкім осыдан ба екен?

Күн қабағы апта арылтса да ашылмай, зіл батпандай тұла-бойды төмен тартып, мазаңды қашыр­ғандай күй кешті, артынан ақпанның ортасындағы не болған ақ жауын екенін ешкім де түсінбеді, соңы, міне, үшінші тәулік майда сіркірегенімен, қыс бойы жауған ақ қар, көк мұздың көбесін сөгіп, тоң болып қатқан жердің бетін жіпсітіп те үлгеріпті.  Ескі көлігі ыңыранып Жетітөбенің биігіне қарай көтеріліп келеді. Бұл жердің жолы құмшауыт, ылғал түскен сайын бойы тасайып қатқаққа айналады. Таптаурын болған жолдың екі ернеуіндегі ескі шөп-шаламы, сарғайған  жусаны мен енді қылтанақтанып келе жатқан балапан сексеуіл оты бұл жермен көлік қарасының жиі өте бермейтінін білдіргендей. Ащы үнімен дыбысын беріп теміржолдың жүк вагондарын, сүйреген тепловоз да биік жонға қарай түтіні қоюланып ышқынып келеді. Міне, солға қарай енді бір күш алса, төбенің басы да тиіп тұр. Бірнеше жылдан бері қырдың да, сырдың да жолымен сенімді серігіне айналған «Нивасы» төбе басына алып шықты. Оң жақтағы ашықтау орынға көлігін қо­йып, әбжіл қимылмен, құмбыл сыртқа шыға берді. Әлгінде өзімен бірге өрге шығып келе жатқан теміржолдың жүк поезы да тұсынан өтіп барады. Машинисі де сыралғы серігіндей қолын көтере ишара жасады.

…Е, Шиелінің немесе Арыстың адамдары ғой, танып тұр да деген мақтаныш сезімі оянды. Осы тоқпейіл көңілмен басын көтере әлгінде жүріп өткен жолы жағына, Жалаңаш әулие­нің жамбасы тиген Бөрітескен ауылына қарасымен қабағы түсіп, маңдайы қыртыстана, көңілі жабырқанып сала берді. Кен байыту  зауытының биік мұржасынан  көтерілген аппақ қою түтін анталап осы Жетітөбе баурайына қарай төніп келеді екен. Қаншама сүзгіден өткіземіз,  залалсыз деп сендіргенмен, небір кеселдердің осыдан бастау алатынына іштей шүбәсіз сенді. «Уһ», деп тұрған жеріндегі бір топ жусан шоғырына отыра кетті. Осының әсері ме, соңғы екі-үш  жылдың бедерінде аз-маз көз шырымын алса, сап тыйылатын бассақинасы да қоймайтынға айналды. Тереңнен толқып, бас сүйегінің ішін қырнап жатқандай тоқтаусыз ауырады. Осыған қосылып, мүмкін үлкен үміт артқан кішкентай ұлының мезгілсіз опат болғаны себеп болды ма екен?

Орнынан қолымен жерді сүйе­мелдеп ауырсына түрегелді. Әлгіндегі қунақы, ширақтық байқалмайды. Тіршілікке деген селсоқтық басым. Ынта- ықыласы, кежегесі кейін тартыңқырап қалды. Көлігінің есігін селсоқтау ашып, орнына ықылассыздау отырып, моторын оталдыра жүріп кетті. Жетітөбеден арасы екі-үш шақырымнан кейін мұның кіндік қаны тамған Бөріойнақ ауылы мен мұндалап көрінетін Қостөбе баурайы басталады. Шіркін-ай, көзіне қанша түссе де, алғаш көргендей оттай басылатын ыстық сағынышы-ай! Бұлардың кішкентай балалық шағы адамның аспан ғаламына ұшқан сәтпен тұспа-тұс келді. Бөріойнақ ауылы бүгінгідей саусақпен санарлықтай емес, жүздің үстінен асып жығылатын, теміржолшылар әулетінің үлкен шоғыры болатын. Теміржолдың тау бетіндегі Пшан атаның, сол маңайдағы Кенжебай, Сұлтанбек ағайдың, жолдың Сыр бетінде Ділдабек көкенің ауылдары отырады.  Одан бері Омар атаның, мына жағындағы Нұрділла көкенің, Бекмахан ағайдың әкелерінің, ана разъезд басындағы Жорабек, Айтбай көкелердің үйлерін айтсайшы. Ауыл ортасындағы Бөріойнақ биігі балалардың қыста шана теуіп сыр­ғанайтын жері де, көнекөз қария, кейуана әжелеріміздің ақылдасар орны да болғанына қоса, үлкен-үлкен теміржолшы әулеттердің төбесінен қарап, құт-береке тілеп тұрар, ауылдың баталы тілекшісіндей қабылданатын-ды.

Бөріойнақ дегеннен шығады. Ілгеріде осы Қалкөз көкенің тұңғышы Жалғасбек ағалар Алматыда үлкен доғдырдың оқуын бітіріп, қағазын алып, қасында бірге оқитын бауыр­лары Ердешбайдың Оңласбегі, Тұтқабайдың Ерғалиы, оның орыс та болса, мұсылмандықты қабылдаған Нина келіншегі бар, ауылға жаңа келін түсіреді ғой. Алатаудың баурайында бұлағы сылдырай аққан әсем шаһарда туып-өскен сұлу қызды Бөріойнаққа әкелу оңай деймісің. Жақан ағамыз сүйіктісіне «…иә, біздің ауыл тау етегінде, аспанмен таласқан талдары Алматыңнан кем емес» деп көндіреді ғой баяғы. Түнде келіп тоқтайтын поездан түседі. Разъездің самарқау шамдары тасасынан Бөріойнақ төбесі таудай қарауытады. Разъезд басындағы қалың өскен бау көңілге ешқандай күдік ұялатпаса керек. Сөйтіп келін болып түскен жеңешеміздің аяғы құт болып, бес саусақтай қара домалақтарды дүниеге әкелді.

Осының бәрі қайдан ғана еске түсіп отыр. Әбекең селк ете қалды. Көненің көзіндей еске түсіріп отырғанда мына ескі сүрлеу жол ғой! Көліктің екі ернеуіндегі терезеден жан-жағына қарады. Беткейдің қары еріп, наурызға әне-міне қалғанын сездіргендей жер алағаттаңғандай ма, қане?! Өлмегенге – өлі балық, ішінен қүбірледі, көктем де жақын қалған екен ғой. Жас  кезіндегі достары Божбанбай, Шамшатхан, Әбдірахым, Есен, ­Бекежан, Әріпжан, Тастемір, Нызан, Нарыбек, Мейірбек – бәрі-бәрі қызғалдақ, бәйшешек теруді сылтауратып, қырға шыққан күндерді еске алды. Жалаң­аяқ, борпылдақ жолмен едәуір қашықтағы осы жерге бірімен бірі жарыса жеткендей болатын. Соның бәрінің куәсіндей мына жол мен жон жатыр.

Қостөбе мен ауыл ортасындағы теміржол көпірі тұсынан өтіп барады. Аз-маз көлікті тежеп, іштей дұғасын қайырып, анасына арнап, бетін сипады. Оның да себебі бар.

Анасы Сырға келін болып түскенмен кіндік қаны тамған, туып-өскен жері Қаратаудың етегіндегі, Ақұйық өзенінің жағалауын жайлаған Омар шалдың үлкен қызы болатын. Соғыстың алдындағы уақыт. Бірі жетсе, екіншісі жетпес қу дүние. Ағайыннан шыққан белсенді Ибаділла көкесі танымас-білмес бөтен жерге сені тұрмысқа беріп жібергісі келіп жатыр дегенді естіп, осы теміржол бойындағы сағырлау жас жігіт Мәмірәліге бір түнде қашты да кетті. Қаратау қойнауындағы өзімен-өзі тыныштықта манаураған ауылындай емес, теміржол басындағы ауылдың тіршілігі қайнап жатты. Ауыл азаматтарының тугелге жуығы нәпақасын шойын жолдан табады. Қосағы Мәмірәлінің туған інісі Бегалы да теміржолшы. Тегі ақ патша Николай «Мәскеу-Тәшкен» жолын бастағанда осы маңайда тұратын қазақ жігіттерін теміржол салуға шақырған екен. Айналайын аты ардақты Әймен, Тілеуберген, Сауранбай, Сапар, Шонабай, Омар, Дүйсенбай, Мампай, Ердешбай, Әбділда, Ержан аталарымыз осы шаруаға алғаш араласқанымен мәңгі есте қалды.

Анасы марқұм айтып отыратын еді. Тұрмысқа шыққаннан кейін бірнеше жыл бойы сәби көтере алмай жүріпті. Жан-жақтан пыш-пыштап әңгімелеп түртініктейтіндер көбейді. Сөйтіп жүргенде германның соғысы басталды. Ер азаматтарды түгелге жуық майданға алып жатқанда, мұның қосағын арнайы әскери рұқсатпен теміржол саласында қалдырды. Ал  баласы жоқ, бос әйелдерді теміржол жұмыстарына жекті. Анасына, міне, қазір тұсында тұрған теміржол көпірін күзету міндеті жүктеліпті. Әйел демей, жас басы, түн баласы, қорқыныш дұшпан қай жақтан келіп қалады деген секем ой тыныш тапқызбайды. Мәмірәлі де кей түні қасына келіп тұрған болады. Міне, осы кезді анасы кейін айтып отыратын еді. Құдай-ау! Көзі соқыр, құлағы керең болса да, шетінеп кетсе де тусам екен, «Сен тусаң – өгіз де туады» деген дау туғызарлардың көмейіне құм құйы­лар деген арманын айтатын. Содан соғыс бітті. Бейбіт өмір келді. Аңсап күткен тұңғышы Бибігүлінің өмірге келуі отбасына ұлан-асыр қуаныш сыйлады. Тәй-тәй басқан алғашқы күнінен үйлері жапсарлас орналасқан Айдар атаның шаңырағына барған бүлдіршінге дүкенші болып жұмыс жасайтын үлкен кісі кәмпит-тәттілерді береді. Оны қолына алып, екіншісіне тағы қолын созып «тәкәй-тәкәй» дейді. Осы үйдің келіні Тұрғанкүл жеңеше мына қыз «тәкәй» дейді ғой деп, осылай атап кетіпті бәрі. Бибігүлден кейін араға екі жыл салып шаңыраққа кішкентай ұл бала келеді. Енді-енді жүре бастағаннан бір түрегеліп, бір құлап, қайта жүргеніне қараған жеңешеміз Тұрғаш мынау «пиян ғой» деп атап кетті. Айтқаны аңдымай келгендей, Әбекең үлкейгенде жеңешесіне ренжіп жүретін еді. «Мені пиян еткен сізсіз» деп. Еріксіз бәрі күлетін.

Ауыл ортасындағы Бөріойнақ биігінің күнбатысындағы етегінен Шаймерден көкенің үйі басталады. Оңашалау отыр­ған үй ауыл-үймен оншалықты қыж-құждай араласа бермейді. Көкенің қатқыл мінезінен бе үйдегі апа да томаға тұ­йықтау болды. Ұл-қыздары қатарластарынан бойларын аулақтай ұстайтын, жиі араласа бермейтін. Көке дегеннен шығады. Ілгеріде Шаймерден көкенің бір айтарлығы, сөз бастарғысы, көсемдігіне қатысты әңгімені айтып отыратын. Осы өңірде ел арасында «Тәшкен көрген» деген сөз бар. Тура мағынасында қаланы көргендігін емес, сол қаладағы пысықай-қулықтардың, небір жолбикелерге алданбай, ­аман-есен келгендігін айтқан болар. Барлық облыстардың өкілдері сонда жиналғанды-мыс. Қызылордадан мына Қыраш, Тоқтамыстан Мүбарак, Бөріойнақтан Шаймерден Сауранбаев барады.  Мүбарак көке таныстырып жатқан көрінеді ала тақияларға мынау кісі Ақтөбеден, ал мына жігітіміз Қостанайдан деп бәрін түгендеп, кезек Шайекеңе келгенде, көкеміз алдын орап кетіп, «Мен Бөріойнақ облысынанмын» дейді ғой. Мүбарак аға болса, «бұл қалай?» деп облыстарды саусақпен санап, түгендей бастайды да, Шайе­кеңе қарап, ондай облыс жоқ дейді ғой! Сонда көкеміз, о, әкеңнің бар ондай облыс деп ысқырған айқайға басады. Мүбарак қатты қысылып қорыққаннан, иә-иә, бар ондай облыс деп жұртқа таныстырған көрінеді. Кейін елге келгесін «Бөріойнақ облысындағы ағайындар» деп айтып отыратын еді дейді.

Мына селбестіре, ұзыннан-ұзын итарқа салынған тамның күн шығыс жағында Қалкөз көке, күн баты­сында Қал­берген тәуіп отырады. Қа­мыспен жабылған бір шатыр­дың ас­тында өмір сүр­ген ағайындар ұйықтағанда ғана бө­лектенбесе, қалған уақыттарда тір­шілік ғұмырлары бір болатын. Әсіресе тәуіптің кемпірі Қанымай апаның самаурыны шоқтан түспей, үнемі екі иығынан демалып тұрғаны есімізде. Дастархан мәзірі жұқалтаң болса да, үлкені Мырзабек, Ергеш, Тас­темір, Бәйік, Олжабек  болып шайларына бас қоятын, жарықтық біреу-міреу осы сәтте үйлеріне кездейсоқ, бас сұға қалса, тіксініп, жақтырмаған кейіп танытатын. Ергеш ағаның темір-терсекке, мотоцикл қыр-сырына сұнғылалығын бүкіл ауыл білетін. Ең жүйрік, ең жақсы көлік інісі Бәйіктің астында болатын. Оның көлігінен ешкімнің мотоциклі озбауы тиіс еді. Осылардың үйінен төмендеу дария жақ бетте Ержан көкенің үйі отырады. Күлпаршын апа өзімнен кейінгі інімнің кіндік шешесі болатын. Тура сөйлеген, өткір кісінің алдында именіп тұратынбыз.

«Елу жылда ел жаңа» деген. Әбекең үлкен кісілерді ойлап отырса, кешегідей көз алдына келеді. Көңіл қартаймайды деген. Бәрі-бәрі есінде. Сонау жетпісінші жылдары теміржолшы әкесіне Ақтөбедегі үлкендері зейнет жасына шыққанда, бұл өңірде жан баласы мінбеген, таңсық  дүние «Москвич 412»-ні сыйлады. Алдында ғана неміс жерінде әскери борышын өтеп, екі сөмке базарлықпен келген қуаныштың қызуы әлі кетпеген. Соның екпінімен желдей жүйрік, жаңа машинамен жусанды, ажырықты далаға ізін салды. Бөріойнақ пен Бірліктің арасын таптаурын жол етті. Осы жол оны үйлену, үй болу бақытына кезіктірді. Өмірлік қосағы, Бірліктегі Мақұлбектің қызы Қалбибіге үйленді.

Әбекең Бөріойнақ биігіне көтеріліп келеді. Жоғарыға өрлеген сайын ауыл сұлбасы алақандай көрініп, атажұрт орны жылы ұшырайды. Шіркін, құж-құж қайнаған сол кез ә…! Қырдан уақ  жантықтар, Сырдан мүйізді ірі қаралар өріс­тен қайтып, үлкендер мал алдына шыққанды желеу етіп, бірімен-бірі қауқылдасып, мәре-сәре болып жататын. Қазір соның бірі жоқ. Мүлгіген тыныштық. Осы жерде өмір тіршілігі үзіліс алғандай. Жаһандану деген заман келді. Жұрт даладан қалаға үдере көтерілді. Бәрі кетіп жатыр деген ұшқары алдамшы ой оң жақтағы да, сол қанаттағы да көршіні сирексітті. Есімде ауылдың санаулы үйлері қатарында Дүйсенбайдың Айтбайы, өзінің көкесі ғана қалды. Разъездің соңғы бастығы Айтбай көкенің пейілі, адамшылдық мұраты өзгеше бір болатын. Үйдегі жеңешеміз де құдайдан бір сұраған пенде еді. Әкеміз айтып отыратын.

Өзім дегенге өзегін суырып бергені бір басқа, көлденең көшеде кездес­кен бейтаныс жанға да жан-дәрмені қалмағандай, жапатармағайлап пейіл танытатын. Ауыл-аймақ Айтбай көкенің «Иж-49» мотоциклімен есік пен төрдей жайын балығын аулап әкеліп, үй қалдырмай бірдей бөліп берген сәтін қалай ұмытсын?! Бірі жетіп, бір жетпес соғыс­тан кейінгі уақыт­тарда да осындай жомарт жүректі кісілердің әрекеті арқасында, өзен жағалағанның өзегі талмастай ашырқанған ауыл адамдары болмапты. 30-шы жылдардағы балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен, алтын-күміс тас болған, арпа-бидай ас болған, бір талғажау үшін жан-жаққа босып, шекара асқан сәттерде, теміржол бойындағы ауылдардың жүрек жалғарлық тіршілік қауқары болғанын үлкен Әймен баба, Тілеуберген баба-қариялар айтып отыратын еді деп әкесі марқұм айтатын.

Бөріойнақ биігінен дария жаққа көз салды. Көкталдың мейлінше ернеуіне дейін толған суы көзіне шалынды. Иә-иә, тоғайдың көп жерін су алып, ойпаң-ойлардың түгелімен суға толғаны осы мол судың екпіні екен ғой.

Биіктен төмен ылдилап, атақонысқа қарай бет түзеді. Ғасырдан астам тарихы, ата-ананың борпылдақ құмда табанының ізі бар, ыстық ұяға жақындап келді.

Жыңғыл шыбықтарымен қор­шал­ған атшаптырым алаң­қайда Әймен әулетінен тараған ағайынды ұл-қыздардан туған немерелер артезиан суынан толтырылған әуітте алақайлап суға түсіп жатыр. 70-тің биігінен қуана да тоқ көңілмен қарады. Өмір осылай жалғаса береді да. Жақсылықтың ишарасымен бетін сипады.

Биігің төмендемесін, Бөрі­ойнағым!

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ.

Нұр-Сұлтан қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<