Бұлақ суына балық өсірген

1630

0

Су – өмір нәрі. Сырдарияның ағысы бәсеңдегелі жұрт алаңдаулы. Дастарқан үстінде де түрлі-түрлі пікірлер айтылады. Осындайда өзіме таныс Әбутәлі Ерекеев інім:

– Аға, қыр беттегі скважина суына балық өсіріп жатқан бір азаматты білемін, – деп қалды. Әрине, талапкерлер бар. Бірақ жер астынан қайнап шыққан бұлақ суына… Әй, қайдам?!

– Сіз нанбай отырсыз-ау, онда сол кәсіпкермен кездестірейін, – деп қалта телефонымен әлдекіммен сөйлесті. Жарты сағат өткен шамада отыз жасты орталаған, етжеңді, орта бойлы, жүрісі екпінді, аты-жөнін Шалғынбай Орынбайұлы Алматбаевпын деп таныстырған жігіт келіп сәлемдесті:

– Қарашаңырақ Ерімбетжағада. Әкем қырық жыл шопан болған. Қазір ол орында Аралбай інім отыр. Өзім 15 жылдан бері осы қаладамын. Аз-кем, байланыс құралдарын жөндейтін кәсібім бар. Кіші теңіз толғалы балық түрі көбейгенін, балықшы қауымның еңбегін көрдім. Осындайда ой келді. Туған жерімдегі бұлақ суына 40-50 бас сазан балығын салсам қайтеді? Ақыры су құятын бөшкеге сонша өскінді апарып, су айдынына жібердім…

– Әй, балам, талабың дұрыс екен. Десе де мың рет естігеннен бір рет көзбен көрген артық, – деп едім, ол:

– Көке, жүріңіз онда, көлік дайын, – деді.

Бұлақ суына балық өсірген

Жеңіл машинадан жол таңдамайтын УАЗ-ға ауыстық. Фотоаппаратын мойнына іліп, жолай журналист Алтынбек Бисенов қосылды. «Аралтұз» кентіне кіреберістен солға бұрылып, даланың айдау жолына түстік. 40-50 шақырымдай бел-белес артта қалғанда құм арасынан үйрек ұшып, қаз қонған көл айдыны көрінді. Шағала суға  шүйіліп келіп, бір жәндікті іліп әкетті.

– Әй, анау нені әкетті?

– Ол құрбақа ғой, –деді Шалғынбай машинадан жерге түсіп.

– Құрбақа – уылдырықтың жауы. Көрдің бе, балықтың уылдырығын таязға келіп шашатын біліп, қаптап кеткенін. Ал құрбақаның жауы–шағала!

– Тағы қандай құстар қонады?

– Көп, жүдә көп. Бірқазан, қаз-үйрек, Бұлдырық, қасқалдақ, көкқутан, шіл…

Пыр-р етіп, торалақаз ұшты. Сол орынға Алтынбек журналист барып, бір уыс жұмыртқа әкелді. Көлді айналып жеті-сегіз аққу ұшты. Бірақ қонбады. Өйткені моторлы қайығын  заулатып,көл қорықшысы Аралбай келе жатқан-ды.

– Аралбай, – дедім оған, –көлде қамыс-құрақ, қоғажай тым сирек екен. Қалықшылық болса, құстың бәрі ұя салар еді. Біздің де, сіздің де экологиялық аймақтың кіндігінде өмір сүріп жатқанымыздан хабардар боларсың?

–Хабардармын, көке! Сәл-пәл уақыт беріңіз. Қамыс-құрақ та, қоғажай да болады. Көлді айналдыра тал-терек егіп, жасыл белдеу жасаймыз. Тек бұлағымыз сарқырай ағып тұрғай, –деді күлімдеп.

Көлдің ұзыны бір шақырымнан астам, ал ені 500-600 метрдей-ау деп шамаладым. Көл жағасында осы қыстақтың төрт түлік малы су ішіп, сабаттап, құмына аунайды десті. Көлді айналып шықтым. Батыс жақтағы едәуір көлемді ақсорға ағатын, ұзыны жүз метрдей су жолын қаладан техника әкеліп бөгепті. Сондай-ақ жағалауды биіктетіп, қашы соғу да (дамбы) ойларында бар екен. Сонда бұлақ суы жан-жаққа босқа ақпайды, көл табаны тереңдей түседі:

– Көлдің тереңдігі қанша?

– Бұл бірінші көліміз, тереңдігі – 1,8 метр. Екінші көліміз де бар. Екеуінің арасын арық қазып қостық. Себебі скважина бірінші көлдің басында. Екінші көлдің тереңдігі 1,5 метр, – деді Шалғынбай.

– Онда да балық бар ма?

– Бар. Балықты 2018 жылдың шілде айында әкеліп салдым.

– Балық уылдырығын мамырдың орта кезінде шашады емес пе?

– Құрап-сұрап балық жинаймын дегенше, уақытты өткізіп алғанымды білдім. Оның есесіне 2019, 2020, 2021 жылдары уылдырығын шашқанына інім де, өзім де куә болдық.

– Сонымен үш қыстан есен-сау өтті десеңші! Қыста көлдің суы қататыны белгілі. Су таяз болса, балық қалимаға ұшырайды, яғни ауа жетпейді.

– Ә-ә, ол үшін де қам жасаймыз, – деді Аралбай әңгімеге араласып, –скважинаның 30-40 метрдей айналасы қатпайды және су қыста жылы болып ағады. Өзге аймағы қатады. Мұздың қалыңдығы 40-50 сантиметрге дейін барады. Әр тұстан ойық оямыз да, сол ойыққа қамыстан бұған шомды 30-35 сантиметрге дейін төмен жіберіп, мұзға қатырамыз. Сол шомның арасынан ауа кіреді. Міне, төрт жылдан бері бірде-бір балық қалимаға ұшыраған емес.

– Ал балыққа тамақ қайда?! Жем әкеліп төгесіңдер ме?

– Жоқ, ә,– деді Шалғынбай, –тамақ та, жем де көлдің астында. Табиғи өскен шалаң жатыр.  Сол шалаңда құрттың шаян аралас неше түрі бар. Тамағы сол. Сазанчиктің кейде қара батпаққа еніп кеткенін байқаймын. Сірә, ұйық пен сазда да нәр алар бірдеңе бар-ау. Әзірге ихтологтармен сырласа алған жоқпын. Түбі ондай білікті мамандармен де байланысамыз-ау!

Бұлақ суына балық өсірген

Сырдарияның теңізге құяр аяғында өмір сүріп, кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып жүріп Дабыл Сахиұлы деген балықшы әрі ақынның «Жібердім елге жазып 70 сұрақ» деген өлеңі бар-ды. Соның бастапқы шумағында:

«Көкарал» сағымданып көріне ме?

Қарауға елдегілер еріне ме?

«Көлдайдың» аяғына ұйық теуіп

Дәу сазан баяғыдай семіре ме,  – дейді.

«Көлдайы» – үлкен дариядан бастау алатын аша (канал). Ұзыны 7-8 шақырымдай. Осы «Көлдайдың» аяғына әкелеріміз кермеше салатын. Сонда салмағы 19-17 келі шығатын сары сазандарды көргенмін. Бұл қалай десем, бұл ашаның аяғына жиналған ұйықты жалап, сорып семірген балықтар деген жауап алатынмын. Демек, ұйық пен батпақтың да құралақан болмағаны. Балықтың  ұлтаны Сазды, ұйықты, кедір-бұдырлы, жыра-жықпылды жерлерді және желдің ығын паналайтыны бесенеден белгілі ғой.

*     *     *

Аяңдап скважинаның жанына келдім. Скважина біреу емес, екеу екен. Біреуінен су жайлап ағады. Ал екіншісі суды бар пәрменімен тастып тұр. Ауыл үлкендері Аманжол Шалабаев пен Ертөстік Көбегенов те келіп қалған екен.

– Мына Шалғынбай баламыз, – деді Аманжол,  – осы іске кірісерде тұрғындарды жинап, мән-жайды түсіндірді, рұқсат сұрады. Көлге ие болар,  ерікті (волонтер) патриоттың табылғанына қуандық. Батамызды бердік. Бұл көл ерте-ерте ертеде пайда болған. «Арал-көл» деп аталған. Құрақ қамысты, ну шатқалды болған. Ішінде қоян, түлкі, тағы-тағылары  жорытқан. Халық малын суарған. Құрақ шөбіне малын жайған, әрі қыс айында малға ықпана да болған. Кейін кеуіп қалған. Жер астынан су атқылағалы бері адамзатқа қайта қызмет етуде. Суы кермектеу, десе де мал ішуге жарап жатыр. Келін-кепшіктердің бұлақ басында кір жуғандарын да көремін. Оған сода пайдаланады. Ол суын ішетін малға да, балыққа да зиян. Қалада кір жуатын цехтар бар. Кілем-көрпеңе дейін жуып береді. Оған пайдаланатын су ақылы. Бізде су тегін. Шағын цех ашып, бизнеске айналдырса, кәні!

– Мына скважиналар қашан қазылған?

– Менің әкем,– деді Ертөстік Көбегенұлы, – осы арада еңбек еткен. Төраға да болған, скважинаның алғашқысынан 1961-1962 жылдары су атқылағанын айтқан-ды. 2015 жылдан суы баяулады. Ал екіншісі 2017 жылы қазылды. Су 252 метр тереңдіктен шықты. Алты метрлік трубаны бір-біріне жалғағанын көрдім. Механизатор ретінде басы-қасында жүрдім.

– Демек, алғашқылары 60 жылдай су тастаса, соңғысы да осынша уақыт қызмет етсе, еңбектенуге тұрады ғой, – деп едім, жиналғандар қол соғып жіберді.

– Келіп қалған екенсіздер, – деді Ертөстік қайта сөз алып, – бізде тоғыз жылдық мектеп бар. Мектебіміз жаңа. Бірақ интернет жүйесіне қосылмаған. Оқушылар соған зәру. Тағы бір айтайын дегенім, Тоқабай ауылына «Сарыбұлақтың» суы келеді дегенді құлақ шалады. Енді одан әрі Қарақұм мекеніне тартылатын шығар. Ерімбетжаға да сол округке қарайды. Су құбыры Ерімбетжаға арқылы Қарақұмға тартылса да, еш ұтылмайды. Екеуінің арақашықтығында пәлендей айырма жоқ. Халық өтініші – осы. Билік басындағыларға жеткізсеңдер екен?

*     *     *

Қайтар жолда айдынды көлге және көз салдым. Құстар да қонып жатыр. Балық кешкі ойынға шығыпты. «Үш қыс!» үш қыстан есен-сау өткен балық жерленетін шығар. Оның анық-қанығын мамандар айтар. Аудан көлемінде қанша бұлақ барын сұрап жер бөліміне, судың сынамасын (анализин) білу үшін тиісті мекемелерге телефон соғуға да болар еді. Бірақ телефондамадым. Шалғынбай Орынбайұлының бастамасына өздері-ақ үн қосар, халық алдына шығар, деген ойда болдым.

Шәкірат  ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

зейнеткер

Ерімбетжаға,  Қарақұм ауылдық  округі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<