«Жалбызды жерде жан қалады»

2221

0

Сыр елін­де емдік шөп­тің түрі көп. Бірақ дәрі­лік өсім­дікті жинап, меди­ци­на­лық шикізат ретінде өңдеу ісі жолға қойылмаған. Себебі дәрі-дәрмек зауытын ашу үшін кәсіп­керге жүйелі жоспардан бө­лек, арнайы білім  қажет. Өсім­дік қорын сақтап от­ыру міндеті де бар. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтағанын, бабаларымыздың ізгі қасиеттерін қайта түлету керегін айтты. «Түгін тартсаң, майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына айналғанын», даланың құнарын қалпына келтіру, ел игілігіне жарату маңызды екенін аңғартты.

Қазіргі медицинаның не­гізі ғасырлар бойғы адамдар тә­жірибесі, халық емінде екені даусыз. Таби­ғатпен бірге өс­кен бабаларымыз қай өсім­діктің неге дәру екенін тап басып таныған. Сыр өңіріндегі өсімдіктердің де пайдасы сан алуан. Өт­кен жылдары қы­зыл мия тамырының шет­ел­ге жө­нелтілуі туралы көп ай­тылып, өзгелерге дәру, өзіміз зәру болып қалмайық деп дабыл қағылғаны рас.  Бүгінде қызыл миядан бөлек қандай дәрілік өсімдіктерді білеміз?

Облыс флорасында шама­мен 819 түр кездессе, оның 50-ге жуығы дәрілік өсімдік болып саналады. Олардың ішін­де қызыл мия, ұсақ жа­пы­рақты ақсора, кәдімгі ады­распан, кәдімгі жантақ, кәдімгі болатжапырақ, ит­сигек бұ­йыр­ғын, ақмия, да­ла­лық шыр­мауық, жатаған бидайық, түк­тіаталықты ті­кен­бұта, орыс тікенбұта се­кілді түрлері бар. Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университетінің доценті, био­логия ғылымда­рының кан­дидаты Айнұр Бай­кенжеева олардың өзі барлық жерде емес, орналасқан ау­ма­ғы­на байланысты әркелкі тарал­ғанын айтты.

– Аллювиальді-шалғын­дық топырақта дәрілік өсім­дік­­тердің 9 түрі кездеседі. Олар – ақмия, кәдімгі түйе­табан, қызыл мия, дәрілік бақ-бақ, сырдария сүттігені, ұсақ жапырақты ақсора, шы­ғыс жібілген, үшкіржеміс жи­де. Шикізат ретінде үшкір­жеміс жиде және ақмия қол­­данылуы мүмкін. Аллю­­виа­льды-шалғындық тақыр­лан­ған топырақтың дәрілік өсім­діктері жыңғыл-терек қа­уымдастығынан тұрады. Сыр­дария өзенінің ескі аты­рабында шалғындық-батпақ топырақ кеңінен таралған. Мұндай аймақта шалғындық-батпақ топырақтың дәрілік өсімдіктері өседі. Олар шөп­тесін-мия-ажырық-қияқ қа­уым­дастығынан тұрады.

Қызыл мия тамырындағы бағалы шикізат – глицир­ри­зин қышқылы. Тәттілігі жа­ғы­нан қанттан 50 есе жо­­ғары. Қызыл мия тамы­рын­да гли­цирризиннен бас­қа дә­­­рілік сипаттағы химия­­лық қо­сылыстар оны бағалы ете түседі. Дәрілік және тех­ни­калық өсімдік­тен қа­бынуға, жараға қарсы, спазмға (тү­йілуге) картизотәрізді және басқа да биологиялық бел­сенді әсері бар препараттар алынады. Тәтті тамырды сал­қындағанда және кеуде ау­ыр­ғанда қолданады. Одан шы­рын, қайнатпа, сығын­ды­лар дайындалады. Мия та­мы­рынан дайындалған шы­рын арқылы ойық жаралар ем­деледі. Күніне 40 г қабылдау ауруды бәсеңдетеді. Әде­биет­тегі мәліметтер бойын­ша 4 аптадан соң ас­қазан жа­расы біте бастайды. Ке­йінгі жылдары қызыл мия тамы­рынан және жер бетілік мү­шелерінен 8 процентке де­йін глюкозит класына жа­татын азотсыз сапонин бөліп алынды. Фармакопияда сапо­ниннен алынған препараттар қақырық түсіруге, зәр айда­ғыш, склероптикаға қарсы пайдаланылады. Олар ас­қо­рыту жолында астың сіңі­рілуін жақсартады, гормон­дардың белсенділігін жо­ға­рылатады. Құрамында са­по­нин шикізаты бар гор­мо­нальды препарат қант диабеті, қызыл жегі, құрт ау­руының жеңіл түрлерін жә­не басқа мүшелерді, жұқ­палы қатерлі ісіктерді, жы­ныс­тық, психикалық және бас­қа да ауруларды емдеуге қолданылады. Ғалымдар ай­туынша, пайдалылығы жө­нінен мия аңыз болған алтын тамырдан кейінгі екінші орынды иеленеді, – деді Айнұр Тұрдыбайқызы.

Бүгінде дәрілік шөптердің бағасын білетін емшінің бірі – Әйтеке би кентінің тұрғыны Мағрипа Алмағанбет. Қазалы темір жол ауруханасында 35 жыл мейірбике қызметін ат­қарған ол зейнетке шыққасын адамдарды шөппен емдеуге шешім қабылдаған.

– Дәрілік өсімдіктерді не­гізінен Қазалы қаласының аумағынан жинаймын. Айта­лық, жусанды мамыр айының бас жағында, балғын кезінде жинап аламын. Әйтпесе, ауа-райына байланысты қа­тайып кетеді. Жусан қатерлі ісік ауруларын емдеуде, ішек құрттарын түсіруде пай­­да­ла­­нылады, сондай-ақ, адам­­ның тағамға деген тә­бетін қалпына келтіреді. Қазақ «Жалбызды жерде жан қалады» демей ме, жал­бызды аулада егемін. Оны бауыр, асқазан, бүйрек аурулары бар науқастарға қолданамын. Қырмызыгүл жү­рек, көз, бауыр ауруларын ем­деуге пайдаланылса, тыр­нақгүл бауырға жақсы. Жылда Алматыға барып, таудан дә­рілік шөптің 130-дай түрін жинап, женшень, түймедақ секілді бізде кездесе бер­мейтін өсімдіктерді алып қай­тамын, – деді ол.

Мағрипа апай дәрілік шөп­тер қолжетімділігімен қа­­тар, ағзаға зиянды емес еке­нін баса айтты. Бүгінде дә­рілік шөптердің қыр-сы­рын келініне үйретуде.

Біле білсек, даладағы жан­тақтың да, бақ-бақтың да, меңдуананың да пайдасы бар екен. Оларды қалай, қандай мақсатта қолданылатынын біл­мек үшін Сейітқамза Қа­лиевтің «Емдік рецепттер эн­циклопедиясын» парақтап көрдік.

Құмдауытты далада, ала­са таулардың етегінде өсетін жантақтың құрамында С дә­румені, каротин, эфир май­лары, гликозидтер бар. Оның іш жүргізетін, тер шы­ға­ра­тын, зәрді айдайтын, өтті жүр­гізіп тазалайтын және түрлі қа­бынуларға қарсы қол­да­на­тын қасиеттері болады. Құл­мақ гүлімен қосып қай­натып ішсе, ас қорытуға кө­мектеседі, ауырғанды баса­ды. Ал бақбақтың шөбін, та­мы­рын дәрі үшін жинайды. Бақбақ асқа тәбетті ашып, ас қорыту жүйесінің жұмысына көмектеседі. Созылмалы іш қатуға қолданылады. Бала емізіп жүрген ананың сүтін көбейтуге, теріге шыққан бөрт­кендерге, безеуге басқа шөп­термен қосып дәрі жа­са­лады. Меңдуананың тұқы­­мы мен жапырағының құ­рыс­­қанды жазып, жүйкені тыныш­тандыру, ауырғанды басу қасиеттері бар. Ол өте улы келеді. Жасау кезінде аса сақ болған жөн. Асқазан-ішек құ­ры­суға меңдуана тұқымын, тырнақгүлді, қы­зылмия тамы­рын арнайы мөлшерімен қо­сып, суға қайнатып ішеді.

 Бір шөптің өзі бірнеше ауруға ем. Сөз басында өңір­­де дәрі өндірісіне не­гіз­дел­ген арнайы зауыт жоқ еке­нін айтқан едік. Ай­нұр Бай­кенжеева дәрілік мақ­сатта өндіріс ашу үшін ең бастысы ем­дік шөптердің қорын сақ­тап отыру керек екенін баса айтты.

– Кез келген кәсіпкер бұл жұмысты бастап кете ал­майды. Өсімдікті жинап, ті­келей өнім өндіруге де­йінгі жоспар қажет. Топы­­рақ­қа, өсім­дікке био­ло­гиялық, эко­логиялық-фарма­кологиялық талдама жа­сау, шикізаттың массасын анықтау, аз уақытта зауыт тоқтап қалмауы үшін  емдік шөпті арнайы плантацияда өсіру міндеті бар. Айталық, қызыл мияның тамырынан табиғи түрде үш жылда, қол­дан өсірсе, тек 5-6 жылдан кейін ғана  дәрілік шикізат алынады. Дәрілік өсімдікті түрлі салада қолдануға бола­ды. Қызыл миядан дәрілік компоненттерден бөлек, кон­дитерлік өнімдерге қол­да­нылатын қызыл бояу алынады. Дәріге қажетті қосылыстарды толық алып болғаннан кейін та­мыр тек талшық күйінде қалады. Талшықты құрылыс материалдарының мықтылығын арттыру үшін бетон, кірпіштің құрамына қосады. Бұл өсім­­діктен көп мөлшерде көпір­шік бөлінеді. Оны өрт сөндіру мақсатындағы құ­рыл­ғыларды толтыру кезінде  қолданады, – деді ол.

Байқағанымыздай, бір өсім­­дікке арнайы зерттеу жүр­гізу арқылы бірнеше са­лада өнім дайындауға бо­лады. Емдік шөпті жинау бөлек, тиімді қолдану басқа дүние. Әзірге қолда барды ұқсата алмай отыруымыздың бір себебі осында болып тұр.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<