Дархан даланың еркесі

1375

0

Қазақ ұғымында «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінде сирек қолданылып, көмескіленіп бара жатыр. Қариялардың аузынан оқта-текте естіп қалатынымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі оны әлдеқашан ұмытқан. Құралайдың салқыны басталғанда қасиетті жануар да төлдей бастайды екен. Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізуі» деп атап кеткен.

Сапар ұзақ…

«Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, ақбө­кендердің төлдеу маусымын, оларды браконьерлерден кірпік ілмей қорғап жүрген қызыл­ор­далық инспекторлардың өмі­рін көзбен көру мақсатында «Охотзоопром» ӨБ» өңірлік филиалының директоры Берік Жорабековке хабарластық.

Берік Сейітқасымұлы ә деген­нен қарсы болмады.

– Қазір облысымызда кең кө­лемде «Киік» акциясы жүріп жатыр. Бұл шешім киіктің көбею уақытында және басқа да жануар­лар дүниесін қорғау, табиғат заң­дылығын сақтау мақ­сатында елі­міздің Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің осы жылғы ақпан айындағы бірлескен бұйрығына сәйкес қабылданған. Осыған орай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, аудандық, қалалық полиция бөлімдерінің, орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік меке­мелерінің, «Охотзоопром» ӨБ» филиалының, аңшылық шаруа­шылығы қызмет­кер­лерінен мобильдік топтар құры­лды. киіктің миграциялық жол­дарында қорғау шараларын күшейту мақсатында жедел топ қыз­меткерлері авто­көлікпен және тиісті жабдық­тармен қамтамасыз еті­ліп, облыс көлемінде бірлесіп қорғау жұ­мыстары жалғастырылуда. Ақ­бөкен мамыр айының екінші он­күндігінен бастап төлдейді. Сіздер сәл кешігіп қалдыңыздар. Себебі, жаппай төлдеу уақыты бүгін-ертең аяқталады. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бұйыртса, біздің инспекторлардың өмірімен танысып, киіктің төлдеу маусымын көріп қайтасыздар. Басын ашып айтайын, жол шаршатады. Сапар ұзақ. Сондықтан, 3-4 күн жол жүруге тура келеді, – деп нақтылады Б.Сейітқасымұлы.

Арқаның Бетпақ деген даласы бар

Ертеңіне келіскен уақытта жолға шықтық. Жолбасшыларымыз  ше­тінен тәжірибелі, сақа жігіттер екендігі көрініп тұр. Жол тал­ғамайтын арнайы көліктің тізгінінде «Охотзоопром» ӨБ» өңір­лік филиалының инспекторы Айбол Айдарбеков. Екінші үзеңгілесіміз – облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжабек Холов.

– Қазақстан аумағында ақбө­кендердің Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциялары таралған. Оның ішінде, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарының аумағында Бет­пақдала популяциясы кеңінен кез­деседі. Ғылыми ұйымдар жүргізген санақ жұмыстарының былтырғы қорытындысымен Бетпақдала популяциясы – 111500 бас, Орал популяциясы – 217000 бас, Үстірт популяциясы – 5900 бас, барлығы – 334400 бас болған. Елімізде киік 2018 жылмен салыстырғанда 55 процентке көбейген. Саны күрт азайып кетуіне байланысты Үкімет  қаулысымен 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынған. Мұнан соң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бұйрығына өзгерістер енгізіліп, ғылыми ұйымдар тарапынан биологиялық негіздеме әзірленіп, ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа еліміздің бүкіл аумағында киікті, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салу мерзімі енгізілген, – дейді Олжабек Амантайұлы.

Бір қызығы ақбөкен табынын, аналығы бастап жүреді екен. Аталық науқан біткеннен кейін табынға қосылмайды. Әсіресе, киік төлдейтін кезде жеке жиналып, бөлек кетеді.

– Киік мамыр айының 10-15-і аралығында жаппай төлдей бас­тайды. Осы кезде ауа райы бұзылып, міндетті түрде жауын-шашын болады. Қазақ оны «құра­лайдың салқыны» деп атаған. Киік әдетте егізден төлдейді. Алғашқы төлдеуінде ғана бір лақ туады. Құралайдың енесі басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жалап аршымайды, шарана жауынның суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп барып түседі. Жаңа туған лақ екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді, ал туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жете алмайсыз, – дейді инспектор Айбол Базарбайұлы.

Құдайдың құдіретіне шек бар ма, киік төлдейтін кезде оған табиғаттың өзі қарасатын көрінеді. Мәселен, ол төлдейтін кезде ғана түйетабан аталатын өсімдік өседі екен. Киік лағын осы шөптің үстіне туады. Түйетабан – жапырағы үлкен, алып өсімдік. Жаңа туған лақты осы шөптің астына жасырып кетеді. Лақ аяқтанып, өз-өзіне келгенде түйетабан бірі қалмай сарғайып қурап, желмен ұшып кетеді.

Табиғаттың тағы бір тамашасы – киік төлдейтін уақытта оны қорек ететін түз тағыларының тістері бо­сап, сілекейлері қайтып, тәбеті бол­­майды. Ал, қарақұс жұмыртқа баса­ды. Бұл да – ақбөкеннің қа­сиет­ті жануар екендігінің тағы бір дәлелі.

– Лақтардың қоңыр бұйра терісі топырақтың түсімен бірдей болып көрінеді. Екі-үш метр жерден қарасаңыз, төмпешік екен деп қаласыз. Мыңдаған жылдар бойы дала жыртқыштарынан, адам­дардан қашып жүріп, жан сақтауға әбден бейімделген киік­тің тағы бір ерекшелігі – еш­қашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Далада келе жатқан кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, өзімен ертіп кетеді, – дейді А.Базарбайұлы.

Әдетте табынды суат басына аналық киік бастап келеді. Қалғандары «команда» болмай суға беттемейді, алдымен бастап келген киік су ішеді, содан кейін қалғандары азан-қазан маңырап келіп, суға бас қояды. Текелері суатқа ең соңынан келеді. Сондай-ақ, Бетпақдаладағы ақбөкендер өсімдіктің 81 түрімен қоректенеді.

Әңгіме қызығымен елсіз жазық далаға енгенімізді байқамай қалыппыз. Кең даладағы құстар дауысынан құлақ тұнады. Жасыл шөптер мен жайқала өскен түрлі өсімдіктер құдды алдыңнан кілем жайып тастағандай әсер қал­дырады.

Далада ең көп кездесетін құстың бірі – қарақұс. Ұясы да үлкен болып келеді екен. Өзі түрлі құстарды, тіпті, түлкі, борсықты қорек қылады. Біз іздеп келе жатқан киіктің лағын қиналмай көтеріп алып кететін көрінеді.

Осыны айтқан жолбасшымыз қарақұс ұясының жанына тоқтады. Мынандай алып ұяны көргеніміз осы. Балапандары да ірі болады екен. Жағымсыз дауыс шығарып, бізге қарай айбат шегеді. Ұядан өздері қорек қылған түрлі аң-құстың жүнін көруге болады. Арасында киік лағының да түбіттері жатыр.

Алғашқы күні көзімізге киік ілінбеді. Жолбасшымыз коорди­наттарды шолып шықты. Есесіне, браконьерлердің ізі сайрап жатыр.

– Ең болмаса, төлдеп жатқан кезде тыныштық берсе болады ғой! – деді.

«Командир төбеде» жол­басшы­ларымыздың әріптестеріне, яғни, ақбөкендерді қорғап жүрген инспекторларға жолықтық. Қас қарайып қалған болатын. Сапар­ластарымыз ақылдаса келе, осында  тоқтап, қонып шығуды жөн деп шешті. Инспекторлардың бір тобы жер ошақ қазып, кешкі астың қамына кірісті.

Браконьерлерден айла артылмайды

Ертеңіне таң қылаң берісімен қайтадан жолға шықтық. Тағы да бөтен көліктер ізіне тап болдық.

– Браконьерлерден айла ар­тылмайды, – дейді инспектор Кейде инспекторларды адастыру үшін әдейі із салып кетеді. Бұрын ауылдағы қариялардан «бра­коньердің де браконьері болады. Лақтар аяққа тұрып, жүріп кет­кенше атуға шықпайды» дегенді еститінбіз. Қазір ондай адамдар жоқ, – дейді.

Броконьер үшін ақбөкен – қып-қызыл ақша. Төлдеу маусымына, лақтар әлі аяқтанбағанына қарамай қырып кетеді. Мәселен, 2-3 жыл бұрын киіктің 1 келі мүйізі 30-40 мың теңге болса, қазір 60-70 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді. Екі текенің мүйізі 1 келіні құрайды. Олар бір шыққанда 1-2 келімен қайтпайтыны анық.

Киік атуға шыққандардың бар ойы – инспекторларға қалай да ұсталмау. Сол үшін барын, жанын салатын көрінеді. Тіпті, қару кезенуге дейін барады. Былтыр Қарағанды мен Қызылордада қаскөйлердің қолынан қаза тапқан атпалдай азаматтардың оқиғасы әлі күнге дейін есімізде.

Браконьерлер жалғыз көлікпен жүрмейді. Кем дегенде 3 көлікті алдын ала дайындайды. Кейбір бөлшектерін ауыстырып, біздің көліктер қуып жете алмайтындай етіп жарақтандырады. Сосын үшеуі үш жаққа қашады. Біреуіне қуып жетсең, онда қару, киік секілді айғақ заттар болмай шығады. Кейде бой тасалап үлгереді. Олардың біреуі міндетті түрде қуып жетуіңе жағдай жасайды, – дейді кейіпкеріміз.

Олар киіктерді атқанмен бірден алмайды. Бауыздайды да, ішек-қарнынан арылтып, сол жерге тастап кетеді. Ақбөкеннің денесі мұздаған соң, көлікке кір­піш секілді қалап жинауға оңай болады. Инспекторлар бра­коньерді ұстағанда осыны анықтаған. Қас­көйлер киік табыл­ғанша апталап, тіпті, айлап дала кезеді. Көзіне киік іліксе болды, аямайды. Қуып жүріп, шөптің арасындағы лақтарды басып, жаншып кете береді. Буаз ешкілерді қуып жүріп атады.

Ақбөкен Қызылорда облы­сы­ның аумағын тек төлдеу маусымы кезінде мекендейді. Сосын топ­талып Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының территориясына өтіп кетеді. Қыста жайылым үшін кері келеді.

Браконьерлердің тағы бір жауыздығы – ақбөкендер басқа облыстарға бет бұрып, атарға киік таппай қалған кезде даладағы малшылардың жылқыларын атып, пайда қылады екен. Қарағанды облысында қорықшы Ерлан Нұрғалиевті өлтірген қаскөйлердің өмір бойына бас бостандығынан айрылуына осындай жағдайлар да себеп болған көрінеді.

– Олар бір-бірімен тығыз байланыста. Бір үйдің баласы секілді. Инспекторлардың көлігін көрсе болды, бет алған бағыт­тарын айтып, бір-бірлеріне ха­барлап отырады. Соңғы кездері Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қа­зақстан облыстарында ұсталып жатқан браконьерлердің барлығы – Қызылорда облысының тұр­ғын­дары. Өте өкінішті және қын­жылтатын жағдай, – дейді жолбастаушылар.

Қаңтар, наурыз айларында біздің облысымызда ақбөкенге қатысты 3 браконьерлік дерек анықталып, 2 іс бойынша полиция органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Бір іс бойынша сот процесі өтіп жатыр. 11 сәуір күні «Охотзоопром» ӨБ» жедел тобының инспекторлары 54 бас киік және 224 дана киік мүйізі салынған «Тойота Ланд Крузер» автокөлігін анықтады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал, былтыр тіркелген 9 дерек бойынша сот үкімімен кінәлі деп танылған 16 азаматқа бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды. Келтірілген 95 млн теңгеден аса шығынды мемлекет пайдасына өндіруге үкім етілді. Сондай-ақ, сот үкімімен 2 «Тойота Ланд Крузер», 1 «Митсубиси Паджеро», 1 УАЗ автокөлігі, 2 мотокөлік құралы және 7 аңшы қаруы мемлекет пайдасына тәркіленді.

Елімізде 3 қорықшының өлімінен кейін қолданыстағы заң қайта қаралып, біршама қатаң­датылған. Ақбөкен атқаны үшін қолданылатын әкімшілік жауапкершілік қыл­мыстық жауап­кер­шілікке өз­геріпті. Бас бостан­дығынан шектеу бас бостан­дығынан айыруға ауыс­тырылыпты.

Қылмыстық кодексте аңшы­лықпен айналысу құқығынан 2-5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 1,5 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге, ал, аса ірі залал келтіргені, қызмет бабын пайдаланғаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаралған. Енді мемлекетке кел­тірілген залал күшейтілген тәртіпте өндірілетін болады. Мысалы, 1 бас ақбөкен серкесі үшін 500 АЕК, яғни, бір бас ақбөкеннің жалпы шығыны 6 млн 250 мың 500 теңгені, аналығы мен төлі 350 АЕК немесе 4 млн 375 мың 350 теңгені құрайды.

«Елеңдеп жас балаша жаутаңдайды»

– Мына құс «безгелдек» деп аталады, – деді инспектор көлігін кілт тежеп, – Безгелдек бар жерде міндетті түрде киік болады.

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, алдымыздан киік көрінді. Фотоап­паратымызды даланың еркесіне бағыттап, түсіруді бастап та кеттік. Жақын жерде жүр­гені­мен, көлікке жеткізер емес. Тек алысты жақын­дататын объектив арқылы түсірдік.

Тағы біраз жүргеннен кейін екінші киік көзге ілінді. Жыл­дам­дықты арттырып, жанына жа­қын қалғанда оның буаз екендігі байқалды.

– Әрі қарай қууға болмайды. Өзіне де, лағына да обал, – деген жолбасшымыз көлігін басқа жаққа бұрды.

Арада біраз уақыт өткенде алдымыздан кезіккен секемшіл жануарлар 2-3 топқа бөлініп, қара жердің шаңын бұрқырата қаша жөнелді. Қашқандары да қызық. Жүгіріп бара жатып, қас пен көздің арасында бағыттарын әлденеше рет өзгертіп үлгереді. Суретке түсіріп алған соң одан әрі жылжыдық. Біраз уақыттан кейін лақтарын ерткен киіктер көрінді. Көк шөптің үстінде, қап-қара көздері мөлдіреп, екі танауы желбіреген, жас балаша елеңдеп, жаутаңдай қараған қос лақты көрдік.

Бүгінгі күннің батырлары

Біз осы сапарымызда инспектор болу оңай еместігіне көз жеткіздік. Үш күніміз 3 жылға татыды. Ал, олар осылай дала кезіп 15 күн бойы жүреді. Отбасы, бала-шағасынан жырақта. Қас қарайған сәтте кез келген жерге түней салады. Талай рет жаңбыр мен қардың астында қалған. Көліктері бұзылып, азық-түліктері таусылып, 2-3 күн бойы аш жүрген.

Былтыр желтоқсан айында көлігі бұзылған қызыл­ордалық екі инспектор далада үсіп кеткен. Кейіпкеріміз Айбол Айдарбековтің өзі де бірнеше рет 200 шақырымды жаяу жүріп келген.

– 2019 жыл – біздің инспек­торлар үшін өте қиын жыл болды. Бір ғана Қызылордада үш бірдей әріптесімізден, арыстай аза­маттардан қапыда айрылып қалдық. Шынын айтқанда, жағдайымыз енді-енді жақсарып келе жатыр, – деп мұңаяды кейіпкеріміз.

Бүгінгі басты мәселе – жалақының аздығы. Бұл – бүрке­мелеуге келмейтін ақиқат. Инс­пекторлардың қаза­сынан кейін көңіл бөліне бас­тады. Қызметтік қару мен көлік, бронежилет берілді. Бұрын автокөлікке қосымша бөлшектерін өз қалтасынан сатып алатын еді. Қазір оған арнайы қаржы бөлініп жатыр.

– Біздің инспекторлар – жан-жақты, әмбебап, ержүрек жігіттер. Олар бір мезгілде көлік жөндейтін механик те бола алады. Артынша аспазшыға айналып шыға келеді. Бұл қызмет төзімділікті талап етеді. Инспектор болатын адам жолды жатқа білуі, адасып кеткенде жер танып, бағытты анықтай алуы қажет. Әр 15 күн сайын бір топтан шығып отырамыз. Бір топта 6-7 инспектор бар. Топтың басшысы, яғни, аға инспектор болады. Ол кез келген қиын жағдайда инспекторлардың өмір қауіпсіздігін бірінші орынға қоя отырып әрекет етуі керек. Браконьерді ұстаумен жұмыс бітпейді.  Оларға қылмыстық іс қозғалып, міндетті түрде сот­та дәлелденуі қажет, – дейді А.Айдарбеков.

Осыдан-ақ, киікті күндіз-түні қорғап жүрген инспекторлар – бүгінгі күннің ба­тырлары екеніне тағы бір мәрте көзіміз жете түсті.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<