Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалану туралы бастама түп негізін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан алады.
Жолдауда «азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады. Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды.
2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады» деп атап көрсетілген болатын.
Бұл жаңалық қоғамда түрлі пікірталас тудырды. Қордағы қаражаты әжептәуір жиналып қалғандар алдағы күнге жоспар құра бастады. Жолдау жарияланысымен 2020 жылдың қыркүйек айында есепшоттағы ақша әр салымшының жасына қарай жеткіліктілік шегі бойынша берілетіні айтылып, аталған жеткіліктілік шегінің алдын ала жобасы таратылды. Қаңтардың 2-сі күні Президент оған қатысты заңға қол қойды да, Қазақстан азаматтарына жинақтарының бір бөлігін жұмсауына жол ашылды. Жақында қор қаржыны мерзімінен бұрын мақсатты пайдалану қадамдарын түсіндіріп, 2021 жылы алуға болатын шекті соманың жаңа кестесін жариялады. Бұл жолғы кестеде қыркүйектегіге қарағанда біршама өзгеріс бар екендігі байқалып отыр.
Мақсатты пайдалану үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы деректерді мынадай тәсілдермен алуға болады:
1. БЖЗҚ сайты және салымшының жеке кабинеті арқылы. Ол үшін ЖСН мен құпиясөзді енгізу қажет немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін қосымша – cabinet.enpf.kz/porog, онда зейнетақы шотындағы қалдық, шекті сома, алуға болатын сома көрсетілген. Бұл ақпаратты алу үшін тек ЭСҚ кілтімен қол қою керек.
2. Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат egov.kz сайтында және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді. Ол үшін пайдаланушыларға электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Egov.kz сайтының бас мәзірінде «Әлеуметтік қамсыздандыру», одан әрі «Зейнетақымен қамсыздандыру» қосымша бетіне өтіңіз, одан кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қосымша парақшасы арқылы немесе сілтеме бойынша өтіп білуге болады. eGov mobile мобильді қосымшасының «Қызметтер», одан әрі «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміне өтіңіз, содан кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат» қосымша бетіне өту арқылы мәлімет алыңыз.
3. Мақсатты пайдалануға қолжетімді сома туралы мәліметтерді @enpf телеграм-бот көмегімен алуға болады. БЖЗҚ салымшылары 1418 қысқа нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) байланыс орталығы арқылы кеңес алады, сондай-ақ қажет болған жағдайда БЖЗҚ-ның жақын жердегі бөлімшесіне жүгіне алады. Барлық мекенжайлар мен байланыстар қор сайтында қолжетімді.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:
– жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары жеткіліктілік шегінен асатын азаматтар;
– сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;
– зейнеткерлікке шыққан азаматтар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-нен аспайтын шекте. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда. Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы жеткіліктілік шегі ретінде қарастырылады. «Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т.б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.
Жыл соңына таман Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары (атасы/әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, аға-інісі/апа-сіңлісі) үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады» деді.
2020 жылғы 1 желтоқсандағы деректерге қарағанда, елімізде 761 мыңнан астам адам қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады. Олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден астам қаражат бар. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банк тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға арналған онлайн-платформаны іске қосады. Жоба ережелеріне сәйкес, клиент өтініш тапсырған кезде сол онлайн-платформада арнайы порталға, электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы авторизациядан өтіп, жеке кабинетке кіреді. Жеке кабинетте ол қаражатты қандай мақсатта пайдаланатынын таңдайды және сканерден өткізілген көшірмелер түрінде алдын ала дайындалуы тиіс құжаттардың тізімімен танысады. Әр мақсаттың жеке құжаттар тізімі бар.
Сондай-ақ жинақты ем-домға жұмсаудың тәртібі айқындалды. «Егер бірыңғай зейнетақы төлемдерінің жеткіліктік шегі ем алуға пайдалануға жеткілікті болса, онда азамат өзінің емханасына барып, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ем-дом алуға бағыттау туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы керек» деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева. Ақысы қымбат қызметтердің санатына енген медициналық ем-дом тізіміне орфандық, яғни, сирек кездесетін ауруларды емдеу, стоматологиялық қызметтер, реконструктивті әрі қалпына келтіру операциялары (пластикалық), медициналық сауықтыру қамтылған. «Бұл тізім тұрғындар арасындағы сұранысқа қарай өзгеруі мүмкін. Өтініш беруші келесі қадамда өзінің қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдайды, оның ішінде шетелдік ұйымдар да болуы ықтимал. Азамат ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет ресурсында авторизациядан өтіп, өзінің жеке кабинетін ашуы тиіс. Жеке кабинетте тиісті сомамен біржолғы зейнетақы төлеміне электронды өтінімді толтырып, дәрігерлік комиссия қорытындысының көшірмесі мен ем-дом жасайтын медициналық ұйыммен шартты белгілеу керек» деді ол.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<