Депутаттық сауал

417

0

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Осы депутаттық сауалға Қызылорда облысы Шиелі ауданында орналасқан «Казатомпром» компаниясына қарасты «РУ-6» ЖШС жұмыс істейтін 2000-ға жуық жұмыскердің өтініш хаты негіз болды. 2009 жылдан бері Қазақстан уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр, қазіргі уақытта да еліміз өз көшбасшылығын сақтап келеді. 2018 жылғы 29 маусымда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) қолданысқа енген болатын. Бұл Кодексте алғаш рет уран өндіруге қатысты жеке тарау қарастырылған. Кодекс нормаларын тәжірибеде қолдану барысында осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған келісім-шарттардың қолданылу мерзімін ұзарту сияқты мәселеде олқылықтың бар екендігі анықталды. Заңнамадағы бұл олқылық бүгінде Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын (Қызылорда облысы), Қанжуған және Мыңқұдық  Шығыс алаңы (Түркістан облысы) уран кеніштеріндегі өндірістің тоқтап қалу қаупін туғызуда, бұл өз кезегінде өңірлердегі әлеуметтік шиеленіске, бюджетке түсетін салық және  басқа да аударымдар мен төлемдердің, сонымен қатар жыл сайын аймақтың әлеуметтік дамуына аударылатын қаражаттың тоқтауына, бастысы, жұмыс орындарының жабылып қалуына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Жоғарыда аталған әр кенішке жеке тоқталатын болсақ:

Қызылорда облысындағы Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын кенішінде №76 жер қойнауын пайдалану келісім-шарты бойынша тікелей 439 маман жұмыспен қамтылған, бейіндік емес жұмыстарды келісім-шарт негізінде орындауға 14-ке жуық мамандандырылған ұйым тартылған бұл ұйымдарда 2000-нан астам қызметкер еңбек етуде. «РУ-6» ЖШС жыл сайын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға 260 000 АҚШ долларын аударуымен қатар, оның жылдық салық шегерімдері мен бюджетке төленетін басқа да төлемдері шамамен 7,3 млрд теңгені құрайды.

Келесі жер қойнауын пайдаланушы «Қазатомөнеркәсіп-СаУран» ЖШС №74-75 жер қойнауын пайдалану келісім-шарты бойынша Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қанжуған, Мыңқұдық кен орындарын игеруде. Бұл кеніште 649 қызметкер тікелей жұмыспен қамтылған, 751-ден астам қызметкер мердігер ұйымдарда келісім-шарт негізінде жұмысқа тартылған. Жыл сайынғы бюджетке түсетін салық төлемдерінің көлемі шамамен 6,7 млрд теңге болса, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жыл сайынғы аударым кемінде 500 000 АҚШ долларын құрайды.

Жер қойнауын пайдаланушылар жоғарыда аталған төлемдерден басқа да жыл сайын қазақстандық мамандарды оқыту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту шеңберінде келісім-шарттық міндеттемелерді орындауда.

Өңірлерде белгілі бір әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жоғарыда аталған уран кеніштерінің қызмет ету мерзімін ұзарту мақсатында, ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, атап айтқанда, өтпелі ережелер тарауына осы Кодекс күшіне енгенге дейін жасалған уранды өндіруге арналған келісім-шарттардың қолданылу мерзімін ұзарту мүмкіндігін беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

Осыған орай, құрметті Әлихан Асханұлы, Қазақстан Республикасының заңнамаларымен реттеу туралы мәселені қарастыруыңызды және қарапайым жұмыскерлердің жұмыс орнын сақтап қалуға барынша ықпал жасауыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламенті сенатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<