Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын қадағалау үшін арнайы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді.
Облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәжілісте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымова эпидемиологиялық ахуал мен вирустың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралармен таныстырды.
Ол облыста 2541 адам инфекция жұқтырғанын, бүгінде оның 1663-і емделіп шыққанын айтты. Дәрі қорына қатысты қабылданған шаралар жайын тарқатып, індеттің таралмауына қажетті дәрі-дәрмектердің уақытылы жетуі және бағасының негізсіз көтерілмеуін арнайы мониторингтік топ бақылауда ұстайтынын жеткізді.
– Облыс бойынша 328 дәріхана, дәріхана пункттері фармацевтикалық қызметпен айналысады. Оның 178-і Қызылорда қаласында орналасқан. Шілде айынан жұмысын бастаған арнайы мониторингтік топ қаладағы 9 емхана мен «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға бақылау жүргізді. Соның нәтижесінде аймақта дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайды. Вирусқа қарсы ыстықты түсіретін, қызуды басатын қажетті дәрі-дәрмектің қоры күн сайын жаңартылып отыр. Дәріхана желілері күнделікті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тапсырыс беріп, сұранысқа сәйкес қажеттіліктерді қамтамасыз етуде. Бүгінгі күні дәрілік заттар қоры – 354 262 дана. Меропенем, С витамині, дексаметазон, эуфиллин секілді препараттарға сұраныс көп, дәріханаларда оның аналогтары бар. Қалалық емханалар да нозология бойынша МӘМС жүйесінде амбулаториялық деңгейде тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттармен толықтырылды. Өкінішке қарай, мониторинг жүргізу барысында дәрілік заттарды заңсыз сатудың 26 дерегі анықталып отыр. Бұл әрекетке көбіне медицина саласының мамандары жол беруде. Заңсыз фармацевтикалық кәсіппен айналысқан тұлғаларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 424-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік қаралуда, – деді ол.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатудың 12 дерегі анықталғанын айтты. Дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан асырып сатқандарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде жауапкершілік қаралған. Заңсыз дәрі-дәрмектерді сату деректері түпкілікті процессуалдық шешім қабылдау үшін облыс бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов өңірдегі жағдай мен қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады. Жедел жәрдем шақырушылар саны азайғанын алға тартты. Мәселен, 7 шілдеде 1767 шақыру тіркелсе, қазірде бұл көрсеткіш 1057-ге төмендеген.
– Бүгінде инфекция жұқтырған және оған күдікті науқастарға 2390 төсек-орын ұйымдастырылған. Оның 600-і инфекциялық, 1790-ы провизорлық төсек-орын. Жедел жәрдем шақыртушылар саны азайғанын баса айту керек. Осы жағдайға байланысты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан бөлек, Тасбөгет кентіндегі облыстық тубдиспансер инфекциялық аурухана етіп жасақталды. Соңғы талдама нәтижелеріне сәйкес бірқатар науқас ауруханадан үйіне шығарылмақ. Алғашында науқастардың тыныс алуы қиындауына байланысты өкпені жасанды желдету аппараттарының жетіспейтіні белгілі болды. Бірақ, бұл мәселе облыс әкімінің қолдауымен, демеушілер көмегімен шешімін тауып келеді. Әлі де болса, 200-ден астам оттегі құрылғысы қажет. Мәліметке сүйенсек, тыныс алу жолдары аурулары 74 процентке, жедел-респираторлық вирусты инфекция 82,5 процентке, пневмония 60 процентке азайған, – деді Н.Байқадамов.
Республикада алғаш болып біздің өңірде 161 мобильді топ құрылды. Мұның барлығы – қауіпті індетпен күресте қабылданған негізгі шаралардың бір бөлігі.
– Жедел жәрдем қызметінен бөлек, емханалар жанынан құрылған мобильді топтар тұрғындарға көмек көрсетуде. Мамандар үй жағдайында емделіп жатқан сырқаттарды дәрігерлік бақылауға алған. Олар халықтың сұранысына сай қызмет атқарып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мәжілісте түсіндірме жұмыстарының арнайы медиа жоспары бекітілгені де айтылды. Қазір ел-жұртты кеңінен ақпараттандыру ісі жүйелі жолға қойылған. Дәрі-дәрмек бағасының ретсіз өсуі туралы дерек пен сауалдар бойынша 24/7 тәртібімен жұмыс жасайтын 109 бірыңғай диспетчерлік қызметі, республикалық 1406 жедел желісі және өңірдегі эпидахуал туралы 400-001 нөмірлері арқылы кері байланысқа шығуға болады. «QYZYLORDA» телеарнасында, «Facebook» әлеуметтік желісі мен «WhatsApp» мессенджері арқылы күнделікті тікелей эфирдегі «Дәрігер сағаты» бағдарламасында медицина саласының мамандарынан толғандырған сауалға жауап алуға мүмкіндік бар.
Карантин кезінде волонтерлар да ауқымды іске үлес қосып жатыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен қарттарға материалдық қолдау, автоволонтерлардың көмегімен дәрі-дәрмек жеткізумен және рейдтік шараларға да атсалысуда.
Дегенмен, облыста карантин талаптарына үстірт қарап, ескертпелерді елемейтіндер кездеседі. Жақында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті карантин талаптарын бұзған 10 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салған. 3 жағдай үйлену тойы мен отбасылық жиындарды ұйымдастыруға, 7 жағдай санитарлық-гигиеналық талаптарды орындамауға қатысты тіркелді. Қатаң шектелген шаралар мен карантин талаптарына қарамастан той жасаған Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарының тұрғындарына, қорғаныш құралдарын кимей, халыққа қызмет көрсеткен қоғамдық тамақтану мен дүкен қызметкерлеріне 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл ретте Ералы Тоғжанов коронавирус індетінің одан әрі таралмауы және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жергілікті халықтың санитарлық нормаларды сақтауына да байланысты екендігін атап өтті.
– Күні кеше облыстың кей аудандарында той мен жиындар өткізілгенінен хабардармыз. Дәрі-дәрмекпен, қажетті медициналық көмекпен мемлекет қамтамасыз етуде. Алайда, індеттің таралмауы мемлекеттің ғана қолында емес, бұл істе халықтың да жауапкершілігі мол екенін ескеру қажет, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Сонымен қатар жиында «СҚ-Фармация» басшысына облыстағы медициналық мекемелердің бір айлық қорын жасау ерекше тапсырылды. Облыс мекемелеріне бір апта ішінде тағы да қосымша өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізіледі. Одан бөлек, 26 шілде күні қажетті 200 оттегі концентраторы әкелінеді. Бұл жалпы облыс қажеттілігін толықтай қамтитын болады.
ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕДІ
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов облыстық жедел жәрдем станциясының жұмысымен танысты.
Эпидемиологиялық ахуал күрделенген уақытта жедел жәрдемге жүгінушілердің саны күрт артқаны белгілі. Шақыртулар саны әдеттегіден екі есеге артып, тәулігіне 2500-ден аса қоңырау қабылданған болатын. Қазір бұл көрсеткіш 1000-1100 шақыртуға төмендеді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жедел жәрдем шақыртуларының азаюы мобильді қызметтің жолға қойылғанының нәтижесінде екенін жеткізді.
Бүгінде ахуал тұрақталып, соңғы 2 аптада орындалған жалпы шақырту саны 39 процентке азайған. Оның ішінде тыныс алу жолдарының аурулары 74, жедел- респираторлық вирусты инфекция жағдайлары 82,5, пневмония 60 процентке төмендеген. Пневмонияға байланысты шақырту көп кезінде науқастардың 85 проценті стационарға жатқызылса, қазір 45,3 проценті тасымалданып, көрсеткіш 79,3 процентті құрап отыр, яғни жағдайы ауыр науқастардың азайғаны байқалады.
Вице-премьер жедел жәрдем станциясының оперативті іс-қимыл жұмысын және шақыртуларды қабылдайтын диспетчерлік бөлімдегі Сall орталықтың жұмыс процесімен де арнайы танысты. Індет өршіген уақытта әр диспетчер күніне 150 қоңырау қабылдаса, қазір бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Мұнда 8 қабылдаушы диспетчер, 3 бағыттаушы маман қызмет атқарады. Ауру өршіген кезде І-ІІІ санат бойынша 1 жедел жәрдем тобына 30-35 шақырту, қазір тәулігіне 16-18 шақырту, IV санатты жедел жәрдем тобына 20-22 шақыртудан келуде.
– Шақыртулардың тым көп болуына байланысты жедел жәрдем қызметінің тұрғындарға кешігіп барған уақыты да болды. Кейде 3-4 қоңыраудан кейін ғана шақырту қабылдай алдық. Қазір орташа есеппен 13 секундта қабылдаушы маман телефон тұтқасын көтереді. Шақыртудың азайғаны себепті осы сәтте 30 бригаданың 18-і бос тұр, – деді бас дәрігердің аудандар бойынша медицина қызметі жөніндегі орынбасары Закира Тасирова.
Қазір науқастарға уақытылы жедел жәрдем көрсетуге емханалар жанынан құрылған мобильді топтар да көмек беруде. Олардың саны да артты. Бұған дейін мұндай мобильді бригадалар 125 болса, бүгінгі күні облыс бойынша 161 бригада бар.
ДӘРІГЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың сапары облыстық көпбейінді ауруханада жалғасты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аурухананың жұмысымен таныстырды. 1998 жылы пайдалануға берілген ғимаратта 525 төсек-орын бар. Мұнда 1335 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 200 дәрігер, 574 орта буын, 326 кіші медицина қызметкері және 235 басқа да маман бар.
– Көпбейінді облыстық аурухана бүгінде толық электронды құжат айналымына көшірілді. Ауруханада өкпені жасанды желдететін 17 аппарат, 300 оттегі баллоны, 6 оттегі концентраторы бар. Бір тәулікте 60 оттегі баллоны пайдаланылады. Науқастарға арналған 30 төсек-орынды инфекциялық стационар, 70 фильтр бөлмесі ұйымдастырылған. Фильтр бөлмелерінің 13 орны жансақтау бөліміне арналған. Бүгінде стационарда – 7, фильтр бөлмелерінде 38 адам емделуде, – деді басқарма басшысы.
Қазір науқастарды емдеп жатқан медицина қызметкерлері үйлеріне қайтпай, облыстық Ардагерлер үйінде оқшаулануда. Індетпен күресте тынымсыз еңбек етіп жүрген қызметкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Ел ішін кесел кеулеп кетпес үшін басын қатерге тігіп жүрген сырбойылық дәрігерлер үстемақыға қол жеткізген. Медицина мамандарының вирусты пневмонияны жұқтырған жағдайда әлеуметтік өтемақы төлеу мәселесі де жолға қойылды. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Денсаулық сақтау министрліктерінің 22 шілдедегі бірлескен бұйрығының ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар арқылы реттеліп отыр.
ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ
Ералы Тоғжанов мұнан кейін аймақтағы дәріханалар қорын толықтыруға қатысты қабылданған шараларымен танысып, «Зерде» дәріханасын аралап, тұрғындармен тілдесті.
Бұған дейін қалада «Зерде» ЖШС-на қарасты бір ғана дәріхана болса, жуырда дәрі тапшылығын азайту мақсатында тағы екеуі ашылды. Қаладағы басқа дәріханалар секілді қазір мұнда да келушілер саны төмендеген.
Вице-премьер сала мамандарына дәріханаларға мониторинг жұмыстарының жиі жүргізілуі керегін айтып, бір айлық қоры жоқ дәріханаларды анықтауды тапсырды.
Қазіргі уақытта 14 шілде күні ашылған «Зерде» ЖШС-ның үшінші дәріханасында дәрі-дәрмектің бір айлық қоры жинақталған әрі қажетті препараттар күнделікті Шымкент қаласынан жеткізілуде.
– Осы кезге дейін Белоруссия, Үндістан, Ресей және Украинадан дәрілік препараттар тасымалданса, Қызылордаға апта сайын 3 жүк көлігімен аса қажетті антибиотиктер, қызу түсіретін, тромбоздың алдын алуға арналған дәрі-дәрмектер, дәрумендер әкелінуде, – деді дәріхана желісінің менеджері Салтанат Ешниязова.
Айта кету керек, облыста қазір 328 дәріхана, дәріхана пункттері фармацевтикалық қызметпен айналысады. Оның 178-і Қызылорда қаласында. Бүгінде аса қажетті дәрі-дәрмектердің уақытылы жетуі және бағасының негізсіз көтерілмеуін арнайы мониторингтік топ бақылауда ұстайды. Осы уақытқа дейін мониторингтік топ қаладағы 9 емхана мен «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайды. Вирусқа қарсы, ыстықты түсіретін, қызуды басатын дәрілер қоры күн сайын жаңартылып отыр. Дәріхана желілері дәрі-дәрмекке, медициналық бұйымдарға күнделікті тапсырыс береді. Препараттардың жеткілікті болуы ұдайы назарда, қазір вирусқа қарсы ыстықты, микробты түсіретін дәрілік заттар қоры 354 262 дананы құрайды.
«Зердеден» қазір халық арасында үлкен сұранысқа ие парацетамол, ибупрофен, ацетилсалицил қышқылы, С витамині мен өкпе қабынуына арналған дәрілер және олардың аналогтарын табуға болатынына көз жеткіздік.
Тұрғындардың бірқатары дәрігер рецептісінен бөлек, қауіпсіздік үшін алдын ала дәрілік препараттарды сатып алатыны да байқалды. Айталық, Махамбет ауылының тұрғыны Фарида Шахаева жаңа дәріханаға арнайы келген.
– Ауылда да біз іздеген дәрілер табылады. Бірақ қалаға келгенде «Зердені» көре кетуді жөн санадым. Омепразол, сондай-ақ, алдын ала сақтанып, ацетилсалицил қышқылы, парацетамол, бір реттік медициналық қолғаптар мен маска алдым. Өйткені, қорғаныш құралдары күнделікті керек, – деді тұрғын.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дәріханаларға қажетті қорды қалыптастыру үшін бүгінгі күні дистрибьюторлармен өзара келісім жолға қойылды. Облыс аумағындағы ірі және кіші дәріханалар желісіне қажеттіліктеріне қарай дәрілік препараттар ұдайы жеткізілуде.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<