Алтын күздің сәнін келтіріп, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын дән» мерекесі биыл ерекше сән-салтанатпен айшықталды. Өткен сенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова іс-шара аясында барлық аудандардың қатысуымен ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып, тұрғындармен тілдесті.
Жәрмеңкеде Сыр диқандары, өнім өндірушілер барлығы 340 жүк көлігіне тиелген 1000 тоннадан астам өнімдерді тұрғындарға базардағыдан төмен бағада ұсынды. Атап айтсақ, күріш – 220, сиыр еті – 1750, пияз – 80, картоп – 170, балық өнімдері 1000 теңгеден саудаланды.
Молшылық тойына барлық аудандардан 200 тоннаға жуық ақталған күріш, 140 тоннаға жуық картоп, 40 тонна пияз, 320 тонна көкөніс, 180 тонна бақша өнімі мен 40 тонна асқабақ келді. Сондай-ақ 20 тонна ет, 40 тонна балық, 7 тоннадан астам сүт өнімі мен 40 тонна мал азығы жеткізілді.
Аймақ басшысы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қазалы аудандарының өнімдері қойылған жәрмеңкені аралап көріп, ұлттық тағамдарды алуға асыққан халықпен бірге табиғи өнімдерін сатып алды. Жәрмеңкеде балық, құрт, ірімшік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидектерге сұраныс жоғары болды.
Қармақшы ауданының шаруалары 25 тоннадан астам күріш, 25 тоннаға жуық бақша өнімі, 16 тонна картоп, 10 тоннадай ет пен балық өнімі, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 25 тонна мал азығын әкелген.
Ал, Жалағаш ауданының шаруалары 50 тонна күріш, 15 тонна картоп, 10 тонна пияз, 6 тоннадай ет пен балық өнімі, 25 тоннаға жуық көкөніс, 30 тонна қауын-қарбыз, 1 тоннадан астам сүт өнімін 60 көлікке тиеп, халыққа ұсынды.
– 50 көлікпен ауылдың таза өнімін алып келдік. Қалалықтар күріш пен сүт өнімдерін сұрайды. Сондай-ақ жем-шөп алушылар да жеткілікті, – дейді Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Раунат Гүлістанова.
Жәрмеңкеде қалаға іргелес Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 66 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Мұнда тұрғындар қарбыз-қауын, жеміс-жидек, күріш, сүт өнімдері мен балық өнімдерін алып, сауданы қыздырды.
Арал ауданының жәрмеңкесі де халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, халық Аралдың балығы үшін кезек тосты. Теңізді өлкенің шаруалары 40 тоннадай көкөніс өнімі, 17 тонна балық, 5 тонна ет, 1 тоннаға жуық сүт өнімі, 3 тонна ас тұзы және 60 бас қой мен тоқты жеткізді.
– Аралдан 30 көлікпен 60 тоннадан астам өнім әкелдік. Оның ішінде 5 тонна ет, 17 тонна балық келді. Арнайы автокөлікпен «Қамыстыбас» балық питомнигінен тірі балық та әкелінді. Сүт пен тұз, 60 шақты уақ мал да сатылымға шығарылды, – дейді Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов.
Диқандардың тойына Қазалы ауданының шаруалары да қомақты үлес қосты. Жәрмеңкеге 12 тонна күріш, 60 тоннадан астам көкөніс, 3 тонна сүт өнімі, 10 тонна ет пен балық өнімі әкелінді. Сонымен қатар, 30 бас қой мен 30 бас тоқты сатылды.
– Осы жәрмеңкеде біздің ауданның еңбеккерлері өз үлесін қосуда. 50 көлікпен 130 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелдік. 36 бас қой сатылымға шықты. Әсіресе, «Қазалы» брендімен танымал конфетіміз бен күріш сұранысқа ие. Жалпы, Қазалының өнімдеріне сұраныс жоғары. Базар нарқынан 15 процент төмен сатылып жатыр, – дейді Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай.
Астана даңғылының бойында жәрмеңке жасаған Жаңақорған ауданының шаруалары да күздің сыйын молынан ұсынды. 52 көлікке тиелген азық-түліктің ішінде 40 тоннадан астам күріш, 20 тонна картоп, 120 тоннадан астам көкөніс, 16 тонна асқабақ, 1 тоннадан астам сүт өнімдері және 70 бас тоқтыны саудаға шығарды.
Тасбөгет кентінің орталық алаңында шиелілік шаруалар табиғи таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңке көркін қыздырды.
– Қала тұрғындары үшін Шиеліден 40 тоннадан астам күріш, 75 тонна бақша өнімі, 60 тонна картоп, 65 тоннадан астам көкөніс өнімі келді. Балық пен ет, сондай-ақ 1 тоннаға жуық сүт өнімі бар. 15 бас тоқты әкеліп отырмыз, – дейді Шиелі ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дархан Байтілес.
Айта кету керек, облыс орталығындағы жәрмеңке желтоқсан айына дейін әр аптада өткізілетін болады.
***
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын дән-2021» іс-шарасы аясында ұлттық ат спорты түрлерінен бәйге жарыстарының ашылу рәсіміне қатысты. Шарада облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, қала әкімі Ғанибек Қазантаев және «Көкпар» федерациясы» РҚБ облыстық филиал президенті Айтбай Көшербай да болды.
Өңір басшысы қызылордалықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен және «Қала күні» мерекесімен құттықтап, ұлттық спортты дамытуды көздейтін мәдени-спорттық шаралардың мәні зор екенін атап өтті.
– Кез келген елдің ұлылығын мәдениеті мен салт-дәстүрі танытса, соның ішінде ұлттық спорт ойындарының орны ерекше. Әсіресе, айбарланып атқа қонып, елдің шебін қорғаған қазақ үшін жылқы ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Қазақ ұғымында жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны саналады. Ұлы даланың әр түкпірінде тұяғының дүбірі ерек сәйгүліктер көп болған. Әлімсақтан Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Ақтамбердінің Керкиігі, берідегі Исатайдың Ақтабаны мен Аманкелдінің Шалқасқасы, Ақансерінің Құлагері ұлт тарихымен біте қайнасып кеткен тұлпарлар, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы кезінде облыстық, республикалық бәйгелерге облыстан қатысқан асыл тұқымды «Император», «Қара қыз», «Ызғар», «Гауһартас» секілді тұлпарлардың аймақтың атын асқақтатқанын айрықша атап өтті.
Сенбінің жаймашуақ күн дидары аламанға түсер шабандозға да, оның тақымында толқыған тұлпарға да, шабыттанып рухтанған бәйгесүйер қауымға да ерекше қолайлы болды.
Алдымен тай бәйгесіне кезек беріліп, ақтөбелік Нұрасыл Айтжанның бағы жанды. Тай бәйгенің жүлдегерлерін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов марапаттады. Алматылық шабандоз Арнат Мұратхан топ жарған құнан бәйгенің жеңімпаздарына жүлдесін облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов табыстады. Ал 15 шақырымды еңсерген топ (тоқ) бәйгеде жүлделі ІІІ орын қызылордалық Ерасыл Рахатқа бұйырса, ІІ орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Ансар Арыстанбек алды. І орын қызылордалық Мейіржан Досжановқа берілді. Жеңімпаздарға сертификаттарды «Көкпар» федерациясы» РҚБ облыстық филиал президенті Айтбай Көшербай табыстады.
25 шақырымдық аламан бәйгенің ІІІ орыны ақтөбелік Дәуір Ілиясқа бұйырды. ІІ орынды қызылордалық Сейтжаппар Дидар иеленді. Осы аламанда қатарластырына дес бермеген алматылық шабандоз Арнат Мұратхан І орынды алды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жеңімпазға 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
– Бүгінгі барлық бәйгеге қатыстым. Аламан мен құнан жарыста бас бәйгені иемдендім. 8 жасымнан бері атқа мініп келемін. Кеше ғана Мұқағали Мақатаев атамыздың тоқсан жылдығында көлік ұттық. Ал мына бүгінгі аламандағы 13 аттың ішінен дара озған тұлпарым «Ақсамғал» деп аталады. Өзінің бәйгеге ең бірінші қосылуы, – дейді он жасар шабандоз Арнат Мұратхан.
Қазір аймақта ұлттық спорт бұқаралық сипат алуда. Өңірде 16 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Жыл сайын облыста 8000-нан аса палуанның қатысуымен өтетін «Алтын белбеу» турнирі ең танымал әрі беделді бәсекенің біріне айналды.
Ұлттық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы Қызылорда қаласында «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы» ашылды. Мұның барлығы өңірде ұлттық спорттың өркендеуіне септігін тигізіп, үлкен мүмкіндік беруде.
Ержан Қожасов, «Сыр бойы»
Суретті түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<