Егін даласында қайнаған жұмыс. Шаруалар піскен астықты орып, шашпай-төкпей жинап алу қамында. Осы орайда, Сырдария ауданына қарасты «БАҚ» шаруа қожалығының диқандары бітік өскен күріш алқаптарындағы дән қамбаны толтырады деп үміттеніп отыр.
Шаруа қожалығы 500 гектар жерге күріш екті. Оған қоса, бидай 50, жаңа жоңышқа 105, ескі жоңышқа 150 гектар жерге себілді. Ескі жоңышқа 3 рет орылып, жиналды. Қазір пресін 400 теңгеден сатуда. Жергілікті халыққа бұдан да арзан бағада өткізуде.
– «Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге – нәсіп» деп бекер айтылмаған. Ала жаздай бел жазбай еңбек еткен шаруалар биылғы жиын-терім науқанын мерзімінде бастады. Техника күші жеткілікті. Ендігі міндет – әрбір дәнді қалдырмай жинап, игілікке жарату болып тұр, – дейді шаруашылық төрағасы Серік Әбжалиев.
Биыл алқапқа күріштің екі түрлі сорты себілген. Атап айтар болсақ, «Лидер» және «Ай-керім». Жалпы, «БАҚ» шаруа қожалығы 2013 жылы құрылған. Қазір онда 65-тей адам еңбек етеді. Жалақылары уақытылы, жағдай жасалған. Диқандар 60 центнерден жоғары өнім алуда.
– Осы шақ – шаруалар үшін жауапты кезең. Өнімді дер кезінде жинап алу керек. Ауа райының қолайсыздығынан күріш кеш пісті. Масақтың жоғарғы жағы піскенімен, төменгі бөлігі пісе қоймаған. Сол себепті кештеу іске кірістік. Бірақ техникалар жаңа, мүмкіндігі мол болғандықтан, уақытылы жиналуда. Сонымен қатар биыл су мәселесі қиындау болды. Бұл тығырықтан шығу үшін арнайы насостарды қолдандық, – дейді ол.
Шаруашылық басшысы мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Техникаға берілген жеңілдікті иемденіп, олардың санын арттырды. Жақында заманауи тракторды соқасымен алса, тағы екі жаңа трактор жеткізілді. Әрбір трактордың бағасы – 8 млн теңге. Бұл техникалар «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы алынды. Материалдық-техникалық базасы жақсарған шаруашылық егінді орып, қамбаға бастыруда. Диқандар егін оруға қажетті жанар-жағармайды 165 теңгеден алды. Бұл да – шаруаларға жасалған қолдаудың бірі.
Соңғы кезде жастар агросалаға ерекше көңіл бөлуде. Шаруашылықта жас күрішшілермен қатар механизаторлар еңбек етуде. Мұны шаруашылық басшысы да растады. Ол, жастардың ауыл шаруашылығына деген қызығушылығы көңіл қуантатынын жеткізді.
Дән далада қалмайды
«Қызылдиқан» шаруа қожалығы да биыл 880 гектар жерге күріш екті. Бұдан бөлек, 400 гектар жерге жоңышқа себілсе, 5 гектарға бақша дақылдары орналастырылды. Қазір шаруашылық күзгі терімді бастады. Өнім мол, бітік шықты. Бүгінде күріштің басым бөлігі орылып, қамбаға бастырылды. Күріштің әр гектарынан 70-75 центнерден өнім алынуда. Диқандар жаздай алқаптан босамады. Иықтарынан кетпені түспеді. Есесіне, қамба астыққа толды.
Ерте көктемнен басталған шаруаның тынымсыз еңбегі аз уақыттан кейін ақталары анық. Бұған олар еш күмән келтірмейді. «Қызылдиқан» шаруа қожалығы 2008 жылы құрылды. Қазір мекемеде 100-ге жуық адам еңбек етеді. 4 өндіріс бригадасы жұмылдырылған. Шаруашылық басшысы Алданберген Құлбаев егіннің бітік шыққанына қарап, диқандардың еңбегі еселеніп қайтады деп отыр. Сонымен қатар әңгіме барысында шаруашылыққа қажетті техника жеткілікті екенін жеткізді. Соңғы бес жылда шет елдерден комбайн, трактор әкелінген. Олар заман талабына сай жасақталған. Жергілікті мамандар да шетелдік техниканың тілін тауып, тез меңгеріп алыпты. Сонымен қатар күріш таситын 6 көлік бар.
– Қазір шаруашылықта жұмыс көп. Егін пісті. Уақытылы жинап алу керек. Күндіз-түні алқап басындамыз. Несібемізді Жер-Анадан тауып, елдің игілігі үшін жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Мемлекет тарапынан шаруаларға да қолдау артып келеді. Мәселен, тыңайтқыштар мен гербицидтердің құны, элиталық және бірінші репродукциялық тұқымдар да субсидияланады. Бұл – біз үшін үлкен қолдау, – деді ол.
Шаруашылық «Жан-Арай» мекемесімен келісімге отырған, қара күрішті сонда жеткізеді. Тоннасы 80 мың теңгеден.
Сара Адайбаева,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<