Еңбекке құрмет

712

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтіп, онда мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін еңбек ардагерлері мен бірқатар азаматтар марапатталды.

Өңір басшысы Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерге тоқталып, түрлі саладағы азаматтардың аймақ дамуына қосқан сүбелі үлесін тілге тиек етті.

– Сіздерді еліміздің ең басты ұлық мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Осы жылдар ішінде Сыр өңірі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды. Барлықтарыңыз өңірдің дамуы жолында сан салада еселі еңбек еттіңіздер! Отбасыларыңызға амандық, саулық, елімізге тыныштық тілеймін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, кездесуде еңбегі еленіп, марапат төрінен көрінген азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етілді.

Атап айтсақ, Сыдария аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Балшекер Өтегенова «Құрмет» орденімен, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал Қазалы аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Мұратбай Әбубәкір «ҚР Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Мұнан бөлек, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін 26 азаматқа Президент Жарлығымен бекітілген ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекелік медалі табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<