Ералы Тоғжанов Сыр елінде

1451

0

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын қадағалау үшін арнайы іс-сапармен Қызылорда облысына келді.

Облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәжіліс барысында СК-Фармация басшысына облыстың медициналық мекемелерінің дәрі-дәрмекпен бір айлық қоры көлемінде қамтамасыз етілуі ерекше тапсырылды.

Сонымен бірге, бір апта ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары тағы да қосымша облыс мекемелеріне жеткізілетін болады. Одан бөлек, 26 шілде күні облысқа қосымша қажетті 200 оттек концентраторы жеткізіледі. Бұл көлем жалпы облыс қажеттілігін толықтай қамтитын болады.

Ералы Тоғжанов коронавирус індетінің одан әрі таралмауы және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жергілікті халықтың санитарлық нормаларды сақтауына да байланысты екендігін атап өтті.


– Күні кеше облыстың кей аудандарында той мен жиындар өткізілген. Дәрі-дәрмекпен, қажетті медициналық көмекпен мемлекет сөзсіз қамтамасыз етуде. Алайда, індеттің таралмауы мемлекеттің ғана қолында емес, бұл істе халықтың да жауапкершілігі мол, – деді ол.

Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ облыстық жедел медициналық көмек стансасы, көпсалалы емханадағы жағдаймен танысып, өңір орталығындағы бірнеше дәріхананы аралады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<