Еріктілер елмен бірге

1419

0

Біздің өңірде бұл істе қарқын бар. Сыр волонтерлары төтенше жағдай уақытында түрлі бағыттағы жобаларға атсалысуда. Олар қысылтаяң шақта тұрғындарға қол созып, індетке қарсы тұруға бағытталған шараларға атсалысып жүр. Қазіргі күнге дейін қала аумағында, барлық аудан көлемін қамти отырып, тұрғындарға 41736 дана бетперде, 10 000 үнпарақша мен 1000-нан астам антисептикалық құрал таратып үлгерген. Елге көмек көрсетуді азаматтық парыз санаған жастар  бұл игі істі алдағы уақытта да жалғас­тырмақ ниетте.

Төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері барлық қоғамдық шаралар ерекше форматқа көшіп, жұртшылық онлайнның тиімді тұсын сезіне бастады. Бұл тұста да еріктілердің еңбегі айқын байқалды. Волонтерлық негіздегі бастамаларды қашықтан жүзеге асыру бойынша арнайы шаралар жоспары бекітіліп, әлеуметтік желілерде жарқын жобалар іске қосылды.

Соның ішінде облыс­тық еріктілер штабы «Bilim» бағытының жетекшісі Талғат Меңдібаев электронды оқулық платформалары арқылы «ҰБТ-ға дайындық», «Математика онлайн» шеберлік сабақтарын өткізуді қолға алды. Бұл бастама көптің көңілінен шыққаны сөзсіз. Себебі, логиканы дамытып, есепті «шемішкеше» шағуға үйреткен шараға ­ата-аналар дән риза болды. Бұдан бөлек, қайырымды жастардың әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде үлесі бар. Олар аз қамтылған, жалғызбасты көпбалалы аналарға, қарттарға мүмкіндігінше көмек көрсетуде.

Аймақтағы тосқауыл бекеттерінде ­күні-түні қызмет етіп жүрген бүгінгі күннің батырлары – медицина, полиция, әскери сала қызметкерлеріне де қол созуға жұмылды. Жақында еріктілер бұл игі ісін қайта жандандырды. Қалаға кіреберіс жерлерде орналасқан өткізу бекеттерінде болған олар 200-ге жуық адамға ­ас-ауқат таратты.

Қасиетті айдағы сауапты іске жас кәсіпкер, қаладағы «Esperanza» кафесінің және «Ауыл базары» ауыл шаруашылығы өнімдері дүкенінің директоры Ниязбек Нұржігіт қолдау танытқан екен.

– Облыстық еріктілер штабының мүшелері келіп, ұсыныс тастағанда қуандым. Себебі, осындай шараға атсалыссам деп жүргенмін. Барлық сақтық шараларын сақтай отырып, ойдағы істі іске асырдық. Бұл – індет уақытында халыққа бірлесіп көрсеткен көмегіміз. Себебі, қазір «Біргеміз!» сөзін іспен дәлелдейтін кез, – дейді жас кәсіпкер.

Бастапқыда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмектесіп, жалғыз тұратын қарттардың үйін тазалап, азық-түлігі мен дәрі-дәрмегін жиған еріктілер тобы тұрғын үй салып беру ісін де қолға алғанын айту керек. Мәселен, жуырда «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының еріктілер тобы баспанаға мұқтаж 2 отбасыға қуаныш сыйлаған. Үшінші үйдің іргесін қалап та үлгеріпті.

Қоғамдық қор төрағасы Еркінбек Айнақожаевтың айтуынша, алғашқы жылы жалғызбасты ана Ақзила Исамаметоваға баспана берілсе, былтыр жаңа тұрғын үй кілті екінші топ мүгедегі, жалғызбасты ана Анар Беласароваға  табысталған. Бұл істе аудан тұрғындарының белсенділігі ерекше. Асар әдісі арқылы әрбір азамат өзінің қолында бар дүниені баспана салуға әкеп берген.

Волонтерлар жақында «Сыр жұртынан Мақтаралға көмек» қайырымдылық керуенімен бірге жолға шығып, тасқын судан зардап шеккен ағайынға да қолдау танытып қайтты. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ­Шөкеевке сырбойылықтардың ыстық сәлемін жеткізіп, апаттан зардап шеккен ағайынмен бірге екенін, алдағы уақытта да біздің тараптан қолдау толастамайтынын айтты. Бір-біріне болысып, көмек қолын созған жастардың кең пейілі мен жомарттығы өзгелерге үлгі-өнеге.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<