Франция делегациясымен кездесті

368

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Франция Республикасының Ұлттық қорғаныс жөніндегі жоғары зерттеу институты делегациясымен кездесті.

Кездесуге Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс, Ұлттық қорғаныс жөніндегі жоғары зерттеу институтының қару-жарақ бойынша Бас инженері Флоранс Плессис, Францияның Алматыдағы Бас консулы Алекс Шахтахтински және Франция Елшілігі мен қорғаныс саласының қызметкерлері келді.

Аймақ басшысы екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың жалғасатынына сенім білдіріп, делегация сапарына сәттілік тіледі.

– Франция Республикасы – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы еуропалық мемлекет. Биыл екі ел арасындағы ашық және сенімді дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 29 жыл толып отыр.

Франция жерлесіміз, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайға ерекше құрмет білдіріп келеді. Бүгінде Мұстафа Шоқайдың құрметіне саябақ және Ножан-сюр-Марн қаласында мүсіні қойылғанын ерекше атап өткен жөн, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, тамыз айында Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен екіжақты қарым-қатынас пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Ножан-сюр-Марн қаласының мэриясы мен Қызылорда қаласы әкімдігі арасында Бауырластық байланыстар туралы келісімге онлайн режимде қол қойылды.

Өз кезегінде Дидье Канесс және Флоранс Плессис аймақ басшысына қонақжайлылық танытып, жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

Сыр өңіріне екікүндік сапары барысында делегация өкілдері Байқоңыр қаласына барып, ғарыш алаңының тарихы музейін аралайды және Ю.Гагарин мемориалдық музейі мен бақылау алаңының жұмысымен танысады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<