Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарының эпидемиологиялық ахуалына қатысты мәжіліс өтті.
Жиында Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің індеттің алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Ауданда COVID-19 инфекциясымен 156 науқас тіркеліп, 65 адам емделіп шықты. Қазір инфекциялық стационарда 27, үй жағдайында 1 науқас ем алуда. Пневмониямен 155 адам ауырып, 98 жазылып шықты.
Ауданда 80 төсек-орын бар. Ахуал күрделенсе, Шаған ауылдық ауруханасынан инфекциялық стационарға резервтік 30 орын, Аманкелді ауылдық ауруханасынан 20 орын, «Жалын» тынығу лагерінен 100 провизорлық төсек-орын ашу жолдары қарастырылуда.
Науқастарға ем алу үшін барлық жағдай жасалған. Ауданда өкпені жасанды желдететін 2 аппарат, 4 оттегі концентраторы, 50 оттегі баллоны бар. Демеушілер есебінен қосымша 50 оттегі баллонын алу жоспарланып отыр.
Жалпы карантин жарияланған кезеңнен бастап аудан бойынша демеушілер мен еріктілер тарапынан аудандық аурухана мен елді мекендерге медициналық құралдар, дәрі-дәрмектер, азық-түлік түрінде 13,4 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Аурудың таралуын шектеу үшін 12 мобильді, 3 мониторингтік топ құрылып, күнделікті кәсіпкерлік нысандарын және арнайы белгіленген аймақтарды аралап, санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жасауда. Тұрғындар арасында отбасылық жиындардан бас тарту туралы түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.
Облыс әкімі инфекциялық орындарды көбейтуді және медицина мекемелерін қажетті аппараттар, дәрілік заттармен қамтамасыз етуді тапсырды.
– Инфекциялық стационарларды көбейтіңіздер. Емдеу мекемелерін оттегі концентраторы және оттегі баллондарымен қамтамасыз етіңіздер. Дәрі-дәрмек қоры бақылауда болсын. Тұрғындарға қажетті дәрілік заттар дәріханаларда қолжетімді бағада болуы керек. Кәсіпкерлермен келісім жүргізіп, жеткізілу мәселесін қарастырыңыздар, – деді облыс әкімі.
Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараковтың айтуынша, ауданда 217 жағдай тіркеліп, 134 адам емделіп шыққан. Пневмониямен 555 адам ауырып, 189-ы жазылды. Қазір 40 инфекциялық, 100 провизорлық төсек-орын бар. Ахуал күрделенген жағдайда пайдалану үшін ескі аурухана ғимаратынан 50 төсек-орын дайындалған. Сонымен қатар, аграрлық колледж бен «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жатақханаларынан 200 төсек-орын ашуға мүмкіндік бар. Ауданда өкпені жасанды желдететін 12 аппарат, 3 оттегі концентраторы, 159 оттегі баллоны бар. Демеушілер мен еріктілер аурухана мен елді мекендерге 4 млн 100 мың теңгенің көмегін көрсетті.
Одан бөлек, аудан әкімдігінің 5 қызметтік автокөлігі күнделікті жанар-жағар майымен қамтамасыз етіліп, аудандық ауруханаға көмек ретінде пайдалануға берілді.
Ауданда 22 дәріхана бар. Барлығына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Коронавирустың таралуын шектеу мақсатында әр елді мекеннен біреуден, кент орталығынан 5 мобильді топ құрылған. Мониторингтік топтар кәсіпкерлік нысандарын және арнайы белгіленген аймақтарды күнделікті аралайды. Санитарлық талаптардың сақталуын бақылап, жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Өңір басшысы дәрі-дәрмек қорын уақытылы толықтырып, қажет болған жағдайда пайдаланылатын стационарларда емделуге қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
– Инфекциялық, провизорлық орындарда емделушілерге дұрыс жағдай жасалу керек. Қосымша рентген, өкпені жасанды желдету аппараттарын алуға жұмыс жасаңыздар. Оттегі концентраторын да көбейту керек. Дәрілік заттардың қоры жеткілікті болсын. Тұрғындар көпшілік орындарда жиналмау керек, – деді облыс әкімі.
Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашов індеттің алдын алу, таралуын болдырмауда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, коронавирус инфекциясымен барлығы 368 жағдай тіркелгенін айтты. Оның 285-і толық емделіп, жазылған. Осы кездегі жағдай бойынша аудандық стационарда 14, үй жағдайында 64 адам ем алуда. Ал пневмониядан 1420 адам ауырып, 1194 адам жазылып шықты.
Аудандағы емдеу мекемелері бүгінде 11 дана ИВЛ аппараты, 9 дана оттегі концентраторы, 26 дана пульсоксиметр, 13 дана монитор құрылғысы және 110 оттегі баллонымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпорын басшылары 740 дана кислород баллонын сатып алған.
Карантин жарияланғаннан бастап аудан бойынша демеушілер мен еріктілер тарапынан аудандық аурухана мен елді мекендерге 50 млн теңгенің көмегі көрсетілген. Оған медициналық құрал-жабдықтар, азық-түліктер мен 2 дана ИВЛ аппараты, 9 дана оттегі концентраторы алынған.
Мәжілісте аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова аудандағы дәріханалардың жұмысын бақылауға алу қажеттігін айтты.
– Аудандағы барлық дәріханалардың жұмысын бақылауға алыңыздар. Дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында дәріхана иелерінің де жауапкершілігін күшейту қажет. Олар жеке кәсіпкер болғанымен, пандемия кезінде өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруы тиіс. Қажет болған жағдайда дәріхана иелерімен бірлесіп, ең керекті дәрілерді бірге тауып, ауданға жеткізіңіздер. Сондай-ақ, рентген аппараттары істен шығып жатса, жедел жөндеуді қамтамасыз етіңіздер, – деді облыс әкімі.
Жиында аймақ басшысы Жаңақорған ауданындағы провизорлық орталықтардың да қатарын арттыру керектігін айтты. Қазіргі таңда аудандағы провизорлық орталықтарда 160 орын бос тұр. Ахуал күрделенген жағдайда аудан орталығындағы денешынықтыру, спорт кешені ғимаратынан 100 орындық провизорлық орталық ашу көзделген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<