Қазақстандық ауыр атлет, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин ауруханаға түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спортшы өзінің Instagram парақшасында дәрігерлерге арнап видеоүндеу жолдады.
«Мен бұл видеоны жүктегім келмеді, бірақ қазіргі қал жағдайымды жазғаным дұрыс деп шештім. Қазір бәрі ойдағыдай. Видеода бәрін қысқаша айттым. Дәрігерлерімізге көп рақмет! Қазір сіздер үшін өте қиын кезең екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сіздерге бүкіл Қазақстан халқы үмітпен қарап отыр» деп жазады Илья Ильин.
Өзінің айтуынша, ауыр атлет алты күннен бері ауруханада жатыр. Ол коронавирус жұқтырмаған, күйзеліске байланысты аллергиялық реакция болған. Қызылордалық дәрігерлер әрең дегенде есін жиғызған. Қазір ол екінші күн жаттығу жасап, ауруды жеңуге бар күшін салып жатыр.
«Достар, өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз» деген спортшы өзінің жатқан палатасы мен қалай жаттығу жасап жүргенін көрсетеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<