Ілкімді істер үйлесімі

524

0

«Nur Otan» партиясының жарқын жолы ісімен үйлесім тауып, болашаққа бек қадам басып келеді. Әсіресе, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында едәуір еңбек жасалды.

Пәрменді партияның сайлауалды бағдарламасының «Жол картасын» іске асыру бүгінгі бағдардың басым бағытының біріне айналды. Сондықтан болар, тұғырнаманың 7 бағыты бойынша 2021 жылға 87 шара көзделген. Бұған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» тұжырымдамасындағы басымдықтар бойынша жоспар-меже белгіленіп, кешенді жұмыстар ұйымдастырылады.

«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін партияның Жаңақорған аудандық филиалының Жол картасы бекітіліп, 2025 жылға дейінгі міндеттер белгіленді.

Біріншісі – Жаңақорған өндірісті жолға қойған өңірге айналып келеді. Мұнда жеке кәсіпкерліктен бастап ірі өндіріс ошақтары жаңақорғандықтарды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік төлемдерді уақытылы жүргізіп отыр. Шағын және орта бизнес саласында 20 жобаны жүзеге асыру көзделді. Жеке инвестордың қаржысымен салынған жылдық қуаты 20000 тонна болатын әк зауыты толық іске қосылды. Оның жанынан жылдық қуаты 3 млн блок керамзит құрылыс материалын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Ал, «Абдулла» шаруа қожалығы жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын келесі жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл құс фабрикасы облыс халқы тұтынатын құс етінің 33%-ін өтейтін болады. Сонымен қатар, жылдық қуаттылығы 250 мың шаршы метр болатын гиперпрессиялау әдісімен тротуарлық плитка және бордюр шығаратын зауыт, жылына 18 мың дана темір-бетонды құбыр бұйымдарын шығаруға қауқарлы зауыт жұмысын бастады.

Екіншісі – Жаңақорғанда мал және егін шаруашылығы қатар дамып, аграрлық аудан статусына сай жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, халықты бау-бақша өнімдері, азық-түлікпен қамтамасыз ету негізге алынады. Оңтүстік өңірде бұл жұмыстар өз жүйесін тапқан. Осы орайда, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруды аудан орталығындағы бір сауда орны «Байқоңыр» ӘКК» АҚҚ арқылы жүзеге асыруда. Тауар құнын базар бағасынан 5-10%-тен асырмауға байланысты 10 ірі кәсіпкер және аудан әкімдігі тарапынан екіжақты меморандум жасалды.

Асылтұқымды төрт түлік малдың сапалық құрамы жылдан жылға жақсаруда. Соңғы есеп бойынша аудандағы ірі қара мал саны 77,8 мың бас болса, оның ішінде, асылтұқымды малға барынша көңіл бөлінуде. Мысалы ірі қара 6,2 % (4145 бас), жылқы 7,4 % (1630 бас), қой 35,4 % (91701 бас) асылтұқымды болды. Бұған облыстық «Алтын дән – 2021» мерекелік шарасында 2 жыл қатарынан Жаңақорған ауданы «Озат аудан» номинациясын жеңіп алуы дәлел.

Үшіншісі – Жаңақорғанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған аудандағы белсенді кәсіпкерлер саны дәлел бола алады. Тіпті бұл көрсеткішпен республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатқанымызды айту керек.

Төртіншісі – әлеуметтің әлеуметін арттыруды, инфрақұрылымды жетілдіре береміз. Сыр өңірі бойынша автомобиль жолдары мен ауылішілік жолдарының мәселесі бірқатар шешілген ауданның біріміз. Биыл облыстық, аудандық бюджет есебінен 63 шақырым құрайтын 61 автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті. Аудан қазынасынан 42 көшені (36 шақырым) асфальттауға қаржы бағытталды. Бұл – Тәуелсіздік жылдары көше құрылысына бөлінген рекордтық қаржы. Елді мекендерді газдандыру, сервистік сумен қамтамасыз етуді 100 %-ке жеткізу, көпір салу, каналдар қазу және т.б жұмыстарды жоспарлы түрде кезең-кезеңімен атқарамыз.

Бесіншісі – құрылыстың қарқынын күшейтіп, сапасын жіті бақылаймыз. Жаңақорған ауданы үлкен құрылыс алаңына айналды десек те болады. Соңғы үш жылда 12 спорт кешені бой көтерді. Олар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Одан бөлек, екі клуб үйі, үш мектеп және бір балабақшаның құрылысы жүруде. Олар – Шалқия кенті мен Өзгент ауылдық округінде мәдениет ошағы, Жаңақорған кентінде МАИ және Ипподром аумағындағы 300 орындық мектеп пен №169 мектептің 600 орындық жаңа ғимараты.  Ақүйік ауылдық округінде партияның орталық аппаратының бақылауындағы балабақша құрылысы жүруде.

Жалпы әлеуметтік қорғау шаралары аясында биыл 3080 жаңа жұмыс орны құрылғанын айтқан ләзім. Филиал төрағасы ретінде биыл 8 мәрте қабылдау өткіздім. Мысалы, Кейден ауылдық округіне қарасты «Қауық» елді мекенінде орталықтандырылған су жүйесі мүлдем жүргізілмеген. Себебі қоныстың елді мекен статусы жоқ. Дейтұрғанмен, демеушілер есебінен, нақтырақ айтсам «СКЗ-U» ЖШС қолдауымен округ орталығынан 12 шақырым қашықтағы ауылға ауызсу барды.

Медицина, білім, спорт, мәдениет саласында да жүйелі жұмыстар да жетерлік. Газдандыру жуырда екі ауылдық округте (Қыраш, Бірлік) жүргізіледі. Ол партия бақылауында тұр. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында да батыл қадамдар бар. Партия пәрменімен әлеуетті әрекеттер жалғаса береді.

Руслан РҮСТЕМОВ,

«Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы,

аудан әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<