Қармақшылық Әмит Елубаев – ағаштан түйін түйген азамат. Он жылдан бері төңірегіне бірнеше адамды топтастырып, үй бұйымдарын жасаумен айналысып келеді. Оған қоса, пластик есік-терезе құрастырады.
Былтыр «Дамy» қорынан 4 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, аудан орталығында жиһаз цехын ашты.
– Оған Алматыдан станоктар алдырып, орнаттық. Тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Бағасын да қалтаға қонымды етіп белгілейміз. Мысалы, ағаш есіктің орташа құны – 25 мың, ал асхана гарнитуры – 70-80 мың, шкаф-купе – 90-100 мың теңге. Бұл ағаштың сапасына, бұйымның ені мен ұзындығына байланысты, – дейді кәсіпкер.
Шебердің кәсібін кеңейтуге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мүмкіндік берді. Бағдарлама Тұңғыш Президент – Елбасы бастамасымен қабылданды. Оның орындалуы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Мақсат – ұсақ-түйектің өзін өзгеден алмай, өзімізде шығаруға ден қою. Жергілікті өндірушілерге қолайлы жағдай жасау арқылы импортқа иек артатын әдеттен арылу.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бағдарлама шеңберінде құны 8,7 млрд теңге болатын 110 жоба қолдау тапты. Оның басым бөлігі Қызылорда қаласы мен Шиелі, Жаңақорған аудандарына тиесілі.
Қызылордада екі жыл бұрын ғана ашылған «Balqaimaq» дәстүрлі дүкені тұтынушысына тек табиғи таза өнім ұсынады. Қала іргесіндегі Бесарық, Абай ауылдарынан жеткізілетін шұбат, қымыз, қатық, айран, сүт, қаймақ, сары май, құрт, балқаймақ және тағы басқасы адам ағзасы үшін пайдалы дәруменге толы. Жақсы істің басында жүрген Жібек Мұқымова былтыр мемлекеттік «Еңбек», биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша қомақты қаржыға қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Сырдария ауданында бағдарлама жүзеге асқан уақыттан бастап 9 кәсіпкерлік нысаны мал шаруашылығын дамыту, күріш ақтау бағытында Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалынан 153,5 млн теңге несие алды. Олардың қатарында «Димаш», «Қадыр ата» шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкер Б.Сейдалиев бар.
Шиелі ауданында биыл жобалық құны 71,2 млн теңге болатын 5 жоба Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылды. Бұл жолы «Айдос» қожалығының мал шаруашылығы бағытындағы жобасы қолдау табады деп күтілуде.
Бағдарлама шеңберінде несие алған кәсіпкерлердің көбі инфрақұрылым мәселелері емін-еркін жұмыс істеуге кедергі, оны мемлекет көмегінсіз шешу мүмкін емес екенін алға тартып отыр. Олар үшін жеңілдетілген несиені төлеудің өзі мұң. Өңдеу өнеркәсібімен айналысушылар осы орайда облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің екінші деңгейлі банктермен бірге тиімді шешім қабылдағанын қалайды.
– Банктер несиені 15 процентпен береді, оның 9 процентін мемлекет субсидиялайды. Кәсіпкерге берілетін ең төменгі мөлшер – 6 процент. Екі жыл бұрын 8 процент болатын. Несиелендіру мерзімі алғашқыда 7 жыл болса, қазір 10 жылға дейін созылды. Несие мерзімінің бірнеше жеңілдік кезеңі бар. Айналым қаражатын толықтыру көлемі бастапқыдағы 30 проценттен 50 процентке дейін артты. Ұлттық банкке мұны 100 процентке дейін ұлғайтуды ұсындық, – дейді палатаның бөлім бастығы Мұрат Балабаев.
Бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан қызылордалық Қайыржан Бисенов несиені төлеудің қиындығы өз алдына екенін жасырмады. Пандемия кезінде сұраныс та айтарлықтай азайған. Дегенмен, өзі дөңгелетіп отырған ағаштан есік-терезе жасау кәсібіне арнап ғимарат құрылысын бітіріп қойды.
– Қарамағымда үш адам еңбек етеді. Әзір тапсырысты орындауға үлгереміз. Биыл станоктар сатып алғанбыз, оның біреуі – қымбат аппарат. Сандық бағдарлама арқылы басқарылады, – дейді кәсіпкер.
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<