Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі және халықты жаппай вакциналау шараларын күшейту мәселелеріне арналған жедел штаб отырысы өткізілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары және қала, аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.
Аймақ басшысы эпидемиологиялық жағдайдың күннен-күнге тұрақсыз болуы салдарынан науқастардың күрт көбейіп жатқанын қаперге салып, шектеу шараларын күшейтуге жете мән беруді қатаң тапсырды.
– Республика бойынша жаңа Дельта штамы тіркеліп, өкінішке орай біздің облысымызда да анықталды. Жағдайды бақылаудан шығарып алмауымыз қажет.
Пандемияны жеңудің бірден-бір жолы – тез арада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, яғни вакцина салғызу. Коронавирус инфекциясын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін, кем дегенде облыста 401 мың тұрғын вакциналаудан өтуі қажет, – деді облыс әкімі.
Жиында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова аурушаңдық көрсеткіштердің тіркелу жиілігін айтып, негізгі басымдықтарды атап өтті. Сондай-ақ, жаңадан енген қаулыдағы негізгі талаптарды саралап берді.
Қаулыға сәйкес 16 шілдеден бастап ұйымдардың вакциналанбаған жұмысшылары жұмыс орнына кіруі үшін ПТР-тестті міндетті түрде тапсыруы керек. Сондықтан қызметкерлер 15 шілдеге дейін вакциналаудан өтуі қажет.
Облыс әкімі мейлінше той-жиын мен асқа тұрғындардың бармауын пысықтап мониторинг жүргізіп, карантин талаптарын сақтау мәселесін ортаға салды. Бұл ретте соңғы 3 күннің ішінде мониторингтік топтың есебі бойынша карантиндік талаптардың бұзылуы дерегі азайған.
Жиында Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтан 1 шілде күні мониторингтік топтар 15 рейдтік тексеру жүргізіп, 45 нысан тексерумен қамтылып, карантин талаптарын бұзу әрекеттері тіркелгенін атап өтті.
Жедел штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жангелді Шаймбетов тұрғындардың вакцина салдыру қарқыны туралы баяндаса, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан «Ashyq» жобасы арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандардың белсенділігін атап өтті.
Бүгінде облыс көлемінде вакцинаның I компоненті бойынша 158 358, II компоненті бойынша 85 935 тұрғынға екпе салынды. Ал, «Ashyq» жобасында 510 кәсіпкерлік нысанының 260-ы QR-код алып, жоба шеңберінде кәсібін жүргізуде.
Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысына эпидемиологиялық ахуалды күшейтілген түрде бақылауға алуды, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеуді тапсырды. Сондай-ақ, полиция департаменттерімен бірлесіп мониторингтік топтардың жұмысын қайта бейімдеп, жұмыс беруші ұйымдардың барлық қызметкерлерін вакциналаудың базасымен салыстыруды, мониторинг жүргізетін топтардың белсенділігін күшейтуді жүктеді.
Облыс әкімі мониторинг топ мүшелері өкілеттілігін асыра пайдаланып, азаматтар мен бизнеске қысым көрсету және олардың қызметіне заңсыз араласу фактілеріне жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті. Ал, денсаулық сақтау басқармасы басшылығына вакцинациялау жұмыстарын күшейтуді және барлық медициналық мекемелердің жұқпалы індеттің жаңа толқынына дайындығын тексеруді міндеттеді. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының басшыларына өңірдегі кәсіпкерлік нысандарды «Ashyq» жобасына белсенді түрде енгізу бойынша жұмысты үйлестіру қажеттігін тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<