Іскер әйелдерге лайықты құрмет

1525

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің, Сыр өңірінің өркендеуіне үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымымен кездесу өткізді.

Бүгінде ердің сенімді серігі ғана емес, табанды мінезімен елдің тірегі болып жүрген нәзік жандар аз емес. Олар бар жерде тәртіп пен тиянақтылық, берекелі бастама бар. Облыста 812 мыңнан астам тұрғын болса, оның 405 мыңға жуығы – әйелдер. Экономикалық белсенді халықтың үлесі 452 мыңнан асса, оның ішінде әйелдер үлесі 217 мыңнан асады. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің – 87, педагогтардың – 73, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 проценті нәзік жандар үлесінде.

Жиында аймақ басшысы әйелдердің ел дамуында өзіндік орны барын, үй шаруасынан бөлек отбасылық бизнесті дамытуға үлес қосқан нәзік жандардың саны артқанын атап өтті.

– Елбасының «Әйелдер Тәуелсіздік жыл­дарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды» деген сөзі бар. Бүгінде әйел­дер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына алғаш рет Ақмарал Әлназарова сайланса, Мәжілісте жерлестеріміз Балайым Кесебаева мен Наталья Жұмаділдаева бар. Сонымен бірге, облыста басқарма, департамент басшыларының 21,5 процентін әйелдер құрайды. Мұндай басқосулар нәзік жандардың көкейінде жүрген көп сауалдың жауабын табуға, жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретіні сөзсіз, – деді облыс әкімі.

Кездесуге онлайн режимде респуб­ликалық іскер әйелдер ас­социациясының президенті Раушан Сәрсембаева, кеңес мүшелері мен аудан әкімдері, белсенді әйелдер де қатысты.

Әйел кәсіпкерлер экономиканың дамуына үлес қосып жүргенін ерекше атап өткен Раушан Сәрсембаева бүгінде қарапайым заттар экономикасына басымдық беріле бастағанын атап өтті.

Ал облыстың құрметті азаматы, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Алмагүл Божанова кездесуге жиылған белсенді әйелдерді «жаңа з аманның жаңа есімдері» деуге болатынын атап өтті. Қазақ әйелінің қашанда мәдениетті, шаруаны ақылға салып, сабырмен шешкенін баса айтып, қай салада болмасын әйелдер жастар тәрбиесіне назар аударып, ұлттық құндылықтардың қалыптасуына әсер ету керегін жеткізді.

– Біз көбіне табысқа жеткен жас­тармен кездесеміз, ал оқуға түсе алмай, жұмысқа да тұра алмай жүрген топтар бар. Олармен кездесу барысында жас­тар тәрбиесінде бірқатар мәселе барын байқадым. Қазақ халқы қыз балаға үлкен талаптар қойып, болашақ ана деп қараған. Ошақтың шырағы, ынтымақтың бастауы деп білген. Осындай ұлттық құндылықты  кейінгі уақытта жоғалта бастағанымыз байқалады. Сондықтан қай салада болмасын біз ұлттық менталитетті бірінші кезекке қоюымыз қажет, – деді А.Божанова.

Қазір тәуекелге бел буған, еті тірі, ебі мол әйел кәсіпкерлер шаруашылықтың қай саласында да істі жүргізе алатынын дәлелдеп жүр. Облыста 54157 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, оның ішінде шамамен 22 мыңнан астамы – әйел кәсіпкерлер.

Күрделі кезеңге байланысты бизнестің бағытын өзгертіп, жаңа кәсіпті бастап кеткен кәсіпкерлер де бар. Жиынға онлайн режимде қатысқан қармақшылық Жанар Бұқпанова пандемияға байланыс­ты мейрамхана ғимаратын наубайханаға айналдырғанын айтып берді. «Ару ана» шұбат өңдеу цехының директоры шиелілік Баян Дүйсенбектің берекелі тірлігі де елдің көз алдында. Жеті жүз түйе, екі жүз елуден астам ірі қараны өсіріп, шұбат өңдеу және сақтаудың озық технологиясы енгізілген шаруашылықта сексен адам жұмыспен қамтылған. Сүт өнімдерінің барлық түрі дайындалатын цехта балмұздақ та жасалады.

Мұнан бөлек жиынға Ақмола, Маңғыстау өңірлерінен кәсіпкерлер онлайн қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиын барысында кәсіпкерлер өнімінен көрме де ұйымдастырылды. Кездесу соңында бірқатар белсенді әйелдер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<