Энергетика: Дәуір және даму үдерісі

670

0

«Біз стратегиялық инвесторларымызбен бірлесіп, еліміздің түрлі өңірінде шамамен 2400 мегаваттық жаңғыртылатын қуат көзін іске қосамыз».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі  Жолдауынан

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында энергетика мәселесіне арнайы көңіл бөлді. Бұл шын мәнінде алдағы уақытта Қазақстанның орнықты даму мәселесі болып табылады. Атап айтқанда, Президент: «Мен 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеп отырмын. Бұл бағытта өте байыппен жұмыс істеу керек. Кең-байтақ еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да өсіп келеді. Өсім сапалы болу үшін қуат көздері қажет. Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыртылатын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруымыз керек» деп атап көрсеткен болатын.

Мәселеге біршама талдау жасап көрелік. Көміртегі дәуірі аяқталып келеді, дегенмен бұл туралы мәселеге нүкте қоюға, әрине, ерте. Осыдан біршама уақыт бұрын күллі еуропа энергия дағдарысына тап болды. Газдың бағасы мың текше метріне бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетіп, 1500 долларды құрады. Барлық жерде қымбатшылық белең алды. Бұл орайда Еуропа Ресейді айыптады. Бірақ бір мәселе айқын. Әлемде бүгінге дейін дәстүрлі мұнай-газ отыны орнына балама болатындай ештеңе жоқ. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Бірақ әлемдік сарапшылар қазірдің өзінен баламалы қуат көздеріне көшуге ниет білдіруде. Әлем энергияның қуатына зәру. Бұл – шындық. Аздап болса да сәл шегініс жасап, энергияның өткен тарихына талдау жасап көрелік.

Бүгінгі ұрпақ пролетариат көсемі Лениннің «Кеңес өкіметі дегеніміз – коммунизм және бүкіл елді электрлендіру» деп ұран тастағанын біле бермейді. Қазіргі түсінікпен айтқанда, біріншісі утопия болды, екіншісі ғасыр өтсе де әлем экономикасының қозғаушы күшіне айналды. Егер жанкешті бәсекеге төтеп берем десеңіз, энергиясыз күніңіз жоқ. Бұл – шындық.

Бүгінгі күннің жағдайына тоқталайық. Сарапшылар пікірінше, Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда, энергияны 3 есе көп пайдаланады. Себебі Қазақстанда ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді байқатады. Бұл энергия тұтынуда ысыраптың көп екенін білдіреді. Президент осы орайда өнеркәсібіміздің негізгі қорларын шынайы жаңғыртудың орнына көбінесе көзбояушылық жасалатынын атап көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның кері әсерін төмендету мақсатында осы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Сонымен қатар тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс.

Мына шындықты айналып өтуге болмайды. Қазақстанда қазір тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетін еді. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400 процентке жетеді. Бұл нарықтың дамуына кесірін тигізіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын әкелмейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар?

Қазір әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегіден ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. Еуропалық одаққа мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55%-ке азайту жоспарлануда. 2023 жылдан бастап Еуропалық одақта көміртегі салығы енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді.

Әлемдік дамудың қазіргі кезеңінде кез келген елдің мәртебесі, беделі, соған сәйкес халықаралық мүмкіндіктері, көп жағдайда, көміртегіден ада әлемдік  экономикаға қосқан үлесі бойынша айқындалатын болады. Атап айтқанда, бұл – еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қабылдану мүмкіндігін анықтайтын өлшемдердің бірі.

Осыған орай, Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанда 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімі дайындалуда.

Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде, жылу станциялары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, олардың 50 проценттен астамы тозған. Бұл электр станцияларындағы технологиялық заң бұзушылықтардың артуына әкеп соқтырады.

Сонымен бірге Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ке жеткізе алды.

Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ке дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 процентке дейін жеткізу міндеттелді.

Жалпы саладағы мәселе күрделі. Сондықтан Мемлекет басшысы атом энергетикасынан алдын ала бас тарту дұрыс емес әрі қате деген мамандардың пікірімен келісті. Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. «Атом станцияларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды», – деді  Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде электр желілері компанияларының жұмысын реттеу қажет екенін атап өтті. Үкімет пен облыстардың әкімдіктеріне электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту үшін кешенді шаралар қабылдау тапсырылды. Бұдан бөлек, кадр мәселесі де өте өзекті болып отыр.

Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50-де. Оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен. Соның салдарынан  2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4-тен 15%-ке дейін жетті.

Қазір халық санының артуы және экономиканың өсімі жаңа қуаттарды енгізуді талап ететіні сөзсіз. Алайда мүмкіндіктер шектеулі. Сондықтан экономиканың энергия сыйымдылығын азайту – маңызды міндет. Оны шешу тауарларымыздың және тұтас салалардың бәсекеге қабілетті болуына тікелей әсер етеді.

Экономиканың өзін-өзі қамту деңгейі деген ұғым сан салалы. Ол негізінен біздің пайымдауымызда, экономиканың бірқатар саласында импорт алмастыру саясатын көздейді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда аз нәрсе атқарылған жоқ. Бірақ ол қазіргі әлемдік жанкешті бәсекелестік жағдайында жеткіліксіз. Президенттің көздегені – жіберген олқылықтарымыздың орнын толтыру, сыртқа өнім шығару, осының нәтижесінде сатылған өнімнен келетін қаржы түсімін молайту. Бізді әлі де анықтауды қажет ететін мына цифр біршама алаңдатады. Экономикада импорт үлесі 60 процент құрайды.

Қазақстанда табысы көп салалар ретінде энергетиканы, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету буындарын атауға болады. Нақ осы сектор экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруға ықпал жасайды. Түсінікті тілмен айтқанда, энергетика дегеніміз – мұнай, газ, уран, тағы басқалар. Бірқатар сарапшылар атом энергиясының орнына Қазақстанда мұнай-газ секторын пайдалану мүмкіндігі толық игерілмей отырғанын айтады. Елімізде индустрияландырудың екі бесжылдығында бірқатар шаралар іске асырылды. Бірақ ол жаһандық экономиканың бүгінгі жанкешті бәсекесіне төтеп бере алмай отыр. Біздің пайымдауымызда, цифрлар тым көтеріңкі. Осыған орай Президент экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүмкіндіктерді айқындап алу мәселесін бірінші кезекке шығарды.

Аталған мәселе бойынша облыста не істеліп жатыр? Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сұрау салып төмендегідей деректерге қанықтық.

Бүгінде облыстағы электрмен қамту жүйелерінің жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан астам электржелілерді және әртүрлі кернеуліктегі 1837 дана қосалқы станцияларды құрайды. Олардың тозу деңгейі 69 процент болып отыр.

Жалпы кейінгі бес жыл аралығында Арал және Қазалы аудандарында кернеулігі 110/35/10 кВ «Арал», «Жаңақазалы» қосалқы станциялары және Қызылорда қаласындағы «Тасбөгет», «Арай», «Орталық», «Шымбай», «Жаңаарық», «Қазандық» 35/10 киловольттық қосалқы станциялары, Сырдария ауданындағы «Тереңөзек» 35/10 киловольттық қосалқы станциясындағы оперативтік басқару пункті және трансформаторлық қондырғылары, сонымен қатар Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі 220/35/10 кВ қосалқы станциясы және Төретам елді мекеніндегі 35/10 кВ қосалқы станциясы қайта жаңғыртылды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында (2019 жылы) «Қызылорда қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және орналастыру шеңберінде, «Саяхат» шағын ауданындағы 1060 жер учаскесінің  электрмен қамту жүйелерін дамыту мақсатында, заманауи оқшауланған сымдарын пайдалана отырып, 36 шақырым кернеулігі 10/04 кВ электр желілерінің құрылысы салынып, 16 дана қуаттылығы 400 кВА блокты модульді-трансформаторлық қондырғылар орнатылды.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» бойынша 2020 жылы 1,4 млрд теңгеге инвестициялық бағдарлама жоспарланып, 1,3 млрд теңгеге орындалды. Оның ішінде жылу энергиясын  өндіру бойынша – 69 782 мың теңгеге АБМК №4-тің №1 қазандығына күрделі жөндеу, желілік сорғыға, су жылытқышқа, буландырғыш қондырғының қыздырғышына, аккумулятор багына және басқа да қосалқы бөлшектерге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жылу энергиясын тарату бойынша – 1 333 685,2 мың теңгеге жылу желілеріне, оның ішінде кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 57 400 мың теңгеге 7 920 м әртүрлі диаметрдегі кварталаралық желіге жөндеу жасалған.

Бюджет есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд теңгеге – 1 453,5 м желіге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» бойынша  2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаға сәйкес, Қызылорда қаласында 150 шақырымнан аса кернеуі 10/0,4 кВ электр тарату желілері мен 1 дана 10 кВ орталық тарату пунктін қайта жаңғырту және 7 дана қосалқы станцияны қосу жоспарланған.

2021 жылға электр энергиясын беру қызметтеріне бекітілген тариф қосылған құн салығынсыз 1кВт*сағ үшін 5,018 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есеп Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына» сәйкес  белгіленген уақытта уәкілетті органдарға жолданады және кәсіпорынның интернет ресурсында жарияланады.

Экономика тілі цифрлардан, дәйектерден құралады. Иә, бірқатар жұмыстар атқарылды. Негізгі қорлар жаңартылып жатыр. 90-жылдарға қарағанда үздік-создық берілген энергиядан  арылдық. Бірақ Сыр өңірі энергияға қажеттіліктен толық арылған жоқ. Егер сол 1990 жылы Қызылорда қаласы сағатына 45-50 МгВт тұтынса, қазір ол еселеп артты. 2000 жылдардың орта шенінде жылу орталығында пайдалануға берілген газтурбиналық станса қуат көзін еселеуді көздейді. Себебі қажеттілік өсуде, халық саны артып келеді. Сырдың өнеркәсіптік, әсіресе, мұнай бағытындағы көкжиегі үмітке жетелейді. Жуырда ғана көптен күткен үміт оты жанып, Қызылордада шыны зауыты техникалық тұрғыда іске қосылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл өндіріс энергияны молынан талап етеді. Демек, өнімнің өзіндік құны қымбаттайды.  Бұл, әлбетте, жаңа, тосын шешімдер қабылдауды талап етеді.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<