Кәсіпке ұмтыл: Мүмкіндік те бар, қамқорлық та жоқ емес

581

0

«Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында  3,5  мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды.  Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66  мың жоба мемлекет тарапынан  қолдау тапты.  Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан.

Жолдау тудырған жеңілдіктер

Иә, осы Жолдауда Президент пандемияның әлі де күрделі жағдайда екенін ескертіп, кәсіпкерлікке қатысты қос бағдарлама – «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» мерзімін 2022 жылға дейін созуды шешті. Бұған бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болатынын да ерекше атап өтті.

Рас, өңірлердің дамуында ерекше ролі бар кәсіпкерлік саласы екені рас. Сондықтан осының жүгін арқалаған азаматтарды қолдау жұмыстары кейінгі жылдары қарқын алды. Сөзімізге дәлел келтірсек, Президенттің бұған дейінгі 2020 жылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің барлық несиелерінің 6 процентке дейін жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды. Сондай-ақ олардың жұмысына кедергі жасайтын кей органдарды атап көрсетіп, қысым жасамауды қатаң жүктеді. Мемлекет бұған дейін де шағын бизнес саласындағы кәсіпорындар үшін табысқа салынатын салықтан үш жылға босатқан еді. Тексеріс жүргізуге де осы мерзім аралығында тыйым салды.

– Заң бойынша да, тәжірибе жүзінде де нақты болмыстың қасаң формадан артықшылығы бар екенін, ақыл-ой мен мән-мазмұнның қатаң заң нормаларынан басым түсу мүмкіндігін ескерген жөн. Тексеру жүргізуге тыйым салған үшжылдық мораторий осындай реттеу жүйесін жаңадан енгізуге жол ашады. Қайталап айтамын, мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн.

Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында.

Бағдарлама берген бағыт

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі 15 жылдан астам уақытта облыста жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік саны 3,6 есеге ұлғайып, бүгінде  50492 бірлікке жетті. Мысалы, 2005 жылы облыста шағын және орта бизнесте 39977 адам жұмыс істесе, бүгінде аймақ халқының үштен бірі, яғни 100948 адам жұмыспен қамтылып отыр. Өсім 2,5 есені құраған.

Аймақтағы кәсіркерлік және туризм басқармасының мәліметінше, 15 жылдан астам уақытта шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнімнің нақты көлемі 7,4 есеге көбейген. Жоғарыда айтқандай, 2005 жылы кәсіпкерлікте бар болғаны 49,2 млрд теңгеге өнім шығарылған. Ал былтыр 396,7 млрд теңгеге өнім өндірілді. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығын айтсақ, өнім көлемі 173 млрд теңгені құрап отыр. Жалпы биыл облыста кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 18,5% жеткізу көзделуде.

2010 жылдан бастап республика көлемінде бизнеске ынталылар үшін жақсы жаңалық болды. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама басталысымен 2019 жылға дейін облысқа шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 1656 жоба қаржыландырылды. Ал 2014 жылы ауыл кәсіпкерлерін жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша алғаш рет облыс әкімдігінің қатысуымен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС құрылды. Орталыққа осы уақытқа дейін әртүрлі көздерден 8 млрд теңге қаржы тартылды. Құрылғаннан бастап 1927 жоба іске қосылды.

Игілікті бағдарламалар көп. Әсіресе, өңірде мұндай бастамалар жетерлік. 2015 жылы облыс әкімдігі мен «Қызылорда» ӨИО» МҚҰ арқылы «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы іске асырылды. Бұған облыстық бюджеттен 360 млн, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Алмэкс» холдингтік компаниясынан 300 млн теңге тартылды. Соның арқасында 110 жоба жасалып, 348 жаңа жұмыс орны пайда болды. Ал келесі жылы облыс әкімдігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру мақсатында «Даму Сырдария» өңірлік бағдарламасын дайындаған еді. 2016-2017 жылдары облыстық бюджеттен 1,2 млрд, «Даму» қорының өз қаражаты есебінен 1,7 млрд теңге құйылды. Осы уақытқа дейін 10,3 млрд теңгеге 913 жоба іске асыпты.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын айта кету керек. Бұл 2017 жылы құрылған болатын. Облысқа 45,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Көп азаматқа мүмкіндік тудырған бағдарламаның негізінде 10780 адам оқудан өтіп, 9 мыңға жуық жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант ұтты.

Аймақта кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары мұнымен тоқтаған жоқ. Оларға қолайлы жағдай жасау, құжаттарына көмек, заңгерлік кеңес пен сүйемелдеу сияқты жұмыстар үнемі жүргізілді. Бір бизнес орталыққа шоғырланып, ол орталық Кәсіпкерлер үйі деп аталды. Бұл облыс әкімдігінің қолдауымен болған шаралар еді.

Ең қуаныштысы, осы жылы аймақта шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін өсіру үшін «Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың үшжылдығы»  жарияланды. Басты мақсат – 2020 жылдың соңына дейін жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың санын қысқартуға ықпал жасау еді.

Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы №968 қаулысымен 5 жыл мерзімге ұзартылғаны белгілі. 2020-2021 жылдар аралығында осы бағдарламамен облысқа 5639,8 млн теңге қаржы қаралып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 2789 жобасына 31,6 млрд теңге қолдау көрсетіліпті.

Отандық өнімге ұмтылыс

Бүгінде Сыр өңірінде кәсіппен айналысуға ниетті адамдар қатары артуда. Алайда, бизнес жоспарын бекіткен соң, оны бастау жолында қаражат көзін іздеуге тура келеді. Екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржылық институттардың талабы, кепілзат көлемі мен проценттік мөлшерлеме көп жағдайда жеке кәсіп бастауды кейінге шегере беретіні анық. Бұл кәсіпкер болам деушіге көп кедергі.

Жоғарыда айтып өткендей, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың жәрдемі мол. Сол арқылы бизнес жобаларын жүзеге асырып, кәсіп ашқан адамдар қатары артпаса, кеміген емес.

Сондай кәсіпкерлердің бірі – Ділмұхамед Абизов. Ол 2016 жылы «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымының қолдауына ие болып, «Dalatex» деген атаумен өзінің жеке тігін цехын ашқан. Қазір цех Сыр өңірінде ерлер жейдесін тігумен айналысатын отандық компаниялардың қатарында. Айына 11 мың дана ерлер киімін тігетін кәсіпорын 40 адамды жұмыспен қамтып отыр.  

Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін компания басқа өңірлерден де сауда нүктелерін ұйымдастыруда. Сондай-ақ кәсіпкер ресейлік әріптестерімен ынтымақтастық орнатып отыр. «Dalatex» өнімдері өз елімізбен бірге көрші Ресей мемлекетінде де сатылымға шықты.

Аталған компания 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген «Қазақстанның үздік тауары-2018» республикалық көрме-конкурсында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Сыр өңірінде жергілікті өнім өндіруде Дәулет Тапалов басқаратын «Louis Beton KZ» ЖШС айтуға болады. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, өз жұмысын бастаған бетон зауыты құрылысқа ең қажетті заттарды шығаруда.

Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы 6% несие алып, бизнесін кеңейткен. Айтуынша, бетон секілді құрылыс материалдары әрдайым сұранысқа ие. Егер өнімнің жоғары сапасы мен кәсіпорынның тұрақты жұмысына қол жеткізілсе, тұтынушылар қатары артады екен.

Зауытта барлық түрдегі темір-бетон бұйымдары, стандартты емес көлемдегі жабын плиталар, жол және тротуар жиектері, барлық маркалы тауарлық бетон дайындалады. Сондай-ақ, Жаңақорған қиыршық тастар және түрлі маркалы цементті сатумен айналысады. Кәсіпорынның барлық салаларында өндірістік тәжірибесі, өзінің жоғары білікті басқару қызметі, инженерлік персоналы бар жұмысшы кадрлар жетерлік.

Азық-түлік өнімдерін сырттан тасымалдамау тұрғындар үшін өте маңызды. Мұнда баға тұрақтылығы сақталып қана қоймай, дүкен иелеріне де тауардың қолжетімді болуында жергілікті өнімнің маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Мұндай қадамға барған әйел кәсіпкерлер де бар. Ілгеріде Шиеліде тұшпара жасайтын шағын цех жұмысын іске қосып, сапалы жартылай фабрикат өнімдерін тұтынушыларға ұсынып, елдің ықыласына бөленген Патима Шаймерденқызы бүгінде шұжық шығарумен айналысады. Азық-түлік бизнесінде ел сұранысына қажеттіні шығарып қана қоймай, аудан орталығынан сауда дүкенін ашып, халыққа шарапатын тигізіп отыр. Алдағы уақытта оның көлеммен, сапасын жақсартып, халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, өз өнімдерін республика көлеміне сатуды жоспарлаған. Жұмыссыздар қатарын азайту мақсатында 60-қа жуық адамды тұрақты жұмысқа алған.

Өз ісінің шебері, қоғам жанашыры, үй мен түздің шаруасына уақытылы үлгеріп, тиянақтылық танытып жүрген нәзік жанның еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Ел еңсесі енді ғана тіктеліп, әлеуметтік тұрақтылыққа бет алған кезеңде шағын бизнес саласында «Жылдың үздік кәсіпкері» аймақтық конкурсында «Үздік кәсіпкер әйел» номинациясын иеленіпті.

Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Роллан Олинов те кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлесін тигізуде. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1,5 млн теңге несие алыпты. Өзі омарта шаруашылығымен айналысады. Жылына 2,4 тонна бал өндіріп, қала мен аудан тұрғындарына жеткізеді. Бүгінде тұрақты тұтынушылары мен сатып алушылары қалыптасқан.

Сыр өңірінде наубайхана өндірісін дамыту үшін еңбек етіп жүрген кәсіпкер – Бақытбек Ербошаев. Биыл «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан наубайханасын кеңейтуге несие алыпты.

Кәсіпорында нанның бірнеше түрі бар. Ақ нан, қара нан, батон, бөлішке, багет және де кекс, сэндвич сынды нан өнімдері дайындалады. Кәсіпкердің айтуынша алдағы уақытта нан өнімдерінің басқа да түрлерін пісіру жоспарда бар. Аталған кәсіпорында 50-ге жуық адам жұмыс істейді.

Жергілікті әрі халыққа қажетті өнім шығаруда бірнеше мысал келтірдік. Солардың тағы бірін айтсақ, аймақ тұрғыны Дәулет Ізбасарұлы тұрмыстық химия өнімдерін шығару жобасы бойынша кәсіп ашты. Бұл істі қолға алғанына көп болмаса да, жұмысы алға жылжуда. Екі жыл бұрын басталған идея біртіндеп жүзеге асып, былтыр жыл басынан бері дайын өнімдерін жұртқа ұсына бастаған. 35 адам осында жұмысқа тұрды.

«Кәсіп ашуымның негізгі себебі – ел экономикасына, сонымен қатар өңірлік кәсіпкерлік саласының дамуына елеулі үлесімді қосу», – дейді Дәулет. Тек сабын өндірумен айналысатын цехта болашақта кір жуғыш ұнтақтар мен басқа да химиялық өнімдер шығарылмақ. Ол үшін ең бірінші қажетті құрал-жабдықтар болуы тиіс. Осыған орай, кәсіпкер «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымының қызметіне жүгініп, жоспарын ұсыныпты. Орталықтың байқаушы кеңесінен қолдау тапқан. Сол арқылы жеке кәсібін кеңейту жұмыстары да әрі қарай жалғаса бермек.

Дәмі тіл үйіретін қара қауын – Сыр өңірінің күріштен кейінгі бренді. Аймақтағы агроөнеркәсіп саласының мамандары қара қауынның тұқымын жаңа сапаға көтермек ниетте. Сондай мамандардың бірі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы Самалбек Қосанов.

Ол Қызылорда қаласында тәулігіне 200-500 келіге дейін қауын чипсыларын дайындайтын өндіріс орнын ашқан. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 2,5 миллион теңге көлеміндегі қаражат алыпты. Кәсіпкердің бұл идеясы бүгінде өзекті болып тұрған жастардың дұрыс тамақтану мәселесіне байланысты туындаған еді. Жеңсік ас тек жергілікті қауын сорттарынан дайындалады.

– Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген мемлекеттік бағдарлама арқылы инновациялық жоба ұсынған болатынбыз. Мақсатымыз – өңірде өсіретін қауыннан екі түрлі өнім шығару. Біріншісі – қауын қытырлағы, екіншісі – кептірілген қауындарды нарыққа шығару. Өзіңізге белгілі, тамыз айында жергілікті қауынның барлық түрі әбден піседі. Сол кезден бастап өндіріске толықтай кірістік. Бүгінде 50 келідей қауын қытырлағы мен кептірілген қауындар дайын тұр. Келешекте өндірісті кеңейтсек дейміз. Себебі, әлемде кептірілген қауынға деген сұраныс өте жоғары. Дүние жүзі бойынша Өзбекстан мемлекеті ғана осы кәсіппен шұғылданып жатыр,  ̶  дейді «Жаса Агро» орталығының басшысы Самалбек Қосанов.

Оның айтуынша, өнім атауы «Қызылорда қауындары» деген брендпен шығыпты. Сатылымға қалада орналасқан шағын маркеттермен келісім жасалған. Алдағы уақытта өңірдегі барлық сауда желілерімен байланыс орнатып, сондай-ақ өнімді сырт мемлекеттерге де сату жоспарлануда.

Иә, мұндай мысалдар жетерлік. Бүгінгі таңда кәсібін дөңгелентіп отырғанымен қатар, қоғамдық жұмыстарға етене араласып, аймақтың экономикалық ахуалының жақсаруына тамшыдай болса да септігін тигізген кәсіпкерлердің саны да артқан. Мемлекет тудырған мүмкіндікті барынша пайдалана білген олардың іскерлігі көпке үлгі.

Өткен жылғы пандемия кесірінен шекаралар жабылып, дүкендердегі ең бірінші қажеттілікті қамтамасыз ететін тауарлардың бағасы өскені белгілі. Талдау бойынша, азық-түлік тауарларының 95 проценті сырттан келетіні де осы кезде айқындалған еді. Мұндайда тек халыққа қажеттісі – отандық һәм жергілікті өнім түрлерінің мол болуы.

Медицина мен сауықтыру – кәсіпкер қолымен

Біз білетін бір анық жайт, халық сұранысын қанағаттандырып, көпшіліктің демалып, ойын-сауық ұйымдастыруына немесе медициналық көмек алуда сұранысты өтеп жүрген кәсіпкерлер легі де бар.

Мысалы, биыл жаз туа қала орталығынан арнайы жабдықталған монша кешені іске қосылды. Оның құрылысын мемлекет қолдауымен кәсіпкер Дария Жанұзақова салып бітірді.

Дария монша құрылысының басталуына қаржылай көмек алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қызылорда өңірлік филиалына жүгінген. Ондағы мамандар «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы несие алуына қолдау көрсетіп, кәсіпкерге инвестиция үшін қаржы берілген. Жобаны «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Даму» қоры қолдап, несие мөлшерлемесін 6%-ке дейін субсидиялады.    

– Бұл кешен орыс моншасы үлгісінде қарағайдан қиылып салынған. Тек қана монша емес, ашық бассейндер де бар. Сондай-ақ, Еуропа мәзірі бойынша дайындалатын түрлі тағамдар мен салқын сусындар да ұсынылады,  ̶  дейді кәсіпкер.

Мұнда 30 адам қызмет атқарады. Әлемде орын алған пандемия жағдайына байланысты барлық сақтық шаралары қамтылған. Осыған байланысты «ECO Village» кешенінің қызметкерлері кез келген тұтынушының көңілінен шығатындай қызмет түрін көрсетуде.

Халыққа медициналық қызмет көрсетер тағы бір орын – Dariya-Med ЖШС. Көпсалалы клиниканың мемлекеттік лицензиясы бар. Кәсіпкер Бауыржан Әділханұлы былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында «Даму» қоры арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан 6 процентпен несие рәсімдеген. Оған клиникаға жаңа жабдықтар сатып алыпты.

Клиникада көпжылдық тәжірибесі бар үздік медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Келушілерге амбулаториялық жағдайда және мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық-санитариялық көмек көрсетумен айналысады. «Офтальмология», «Отоларингология», «Эндокринология» салалары бойынша аурудың алдын алуға көмектесіп, диагностика жасап, ем жүргізеді. Сондай-ақ, көз ауруларын диагностикалау және емдеу үшін барлық қажетті техникамен жабдықталған.

Өз кәсібін ашқанға дейін Бауыржан емханада дәрігер болған. Кейін медициналық жабдықтар сататын компанияда жұмыс істеді. Жеке клиника ашуға өз саласындағы мол тәжірибесі себеп болса керек.

– Басты мақсат – пациенттеріміздің көру қабілетін қауіпсіз және тиімді жолмен қалпына келтіру. Осы мақсатта қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін үздік мамандарды тұрақты түрде шақырып тұрамыз. Емдеу мен диагностиканың жаңа әдістерін үйреніп, құрылғыларды да ең заманауи түріне жаңартып келеміз, – дейді кәсіпкер дәрігер.

Осындай кәсіп ашушы дәрігердің бірі – Жанболат Әли. 16 жылдан бері стоматологиялық қызметпен айналысады. Бұған дейін емханада стоматолог болыпты.

Алдымен өз қаражатына «АруДент» стоматологиялық клиникасын ашты. Мұнда да тұрақты келушілердің қалыптасуына сапалы қызметі сеп болды. Осы жоба аясында Жанболат жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.

Былтыр ол клиника бөлмесін жөндеуден өткізіп, стоматологияға арналған жабдықты жаңартуға несие алмақ болады. «Даму» қорына келіп, бағыт-бағдар алған соң «Jysan Bank» арқылы несие рәсімдейді. Жобаны мемлекет қолдап, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ішінара субсидиялады. Нәтижесінде кәсіпкер ол берешекті 6 процентпен өтейді.

– Стоматология – медицинадағы сұранысқа ие бағыттардың бірі. Өз денсаулығын үнемі қадағалап отыратын адам күдікті белгілер немесе ауырсыну болмаса да, жылына кемінде екі рет тіс дәрігеріне қаралып тұрады. Жеке клиникалар әр клиентке жеке көңіл бөліп, заманауи жабдықтармен жылдам қызмет көрсетіп, сапалы дәрі-дәрмектер, тиімді емдеу әдістерін ұсына алады. Бәсекелестік күшейіп, нәтижесінде сапалы қызмет көрсету де жақсы жүйеге түседі, – дейді Жанболат Әли.

Мүмкіндігі шектеуліге мүмкіндік

Иә, мұндай азаматтар міндетті түрде қолдау табады. Қызылордалық мүмкіндігі шектеулі жас кәсіпкер Олжас Ақсейітов мемлекет берген мүмкіндікпен пэйнтбол спорт орталығын ашты.

Олжас сегіз жыл бұрын жұмыс барысында кенеттен мойын омыртқасынан зақым алып, 1-топ мүгедегі болды. Тағдыр қиындығына қарамастан, өзінің хоббиын қолға алып, мақсатына жетті.

Жас кәсіпкер былтыр спорт орталығын ашу үшін «Бизнес-Мектеп» құралы бойынша оқу курсынан өткен еді. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Спорт клубтарының қызметі» жобасымен 2 млн теңге грант жеңімпазы атанды.

Қазір мүмкіндігі шектеулі кәсіпкердің спорт орталығына келуші жастар көп. Орталықта пэйнтбол экстремалды жекпе-жек ойынымен айналысады. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін жаңа орталық жастардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыратыны сөзсіз.

Түйін.

Әрине, халықтың әл-ауқатын арттыру, ел экономикасын көтерудің бірден бір жолы – шағын және орта бизнес саласын дамыту. Облыста осы сектор бойынша 50 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 100 мыңнан астам адам жұмыс істеп отыр.

Тәуелсіздік алғаннан бергі кейінгі онжылдықта елімізде кіші кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік деңгейде бағдарламалар іске асырылды. Сол кезеңде өз мүмкіндігін жіберіп алмай, кішігірім бизнес бастаған жандар бүгінде кәсібінің көкжиегін кеңейтіп келеді. Кәсіппен айналысу – жеке табыс табу ғана емес, ел мүддесіне, халық ықыласына жұмыс істеу. Ел игілігі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан білікті маман иелері қашан да қоғам назарынан тыс қалмақ емес.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<