Биыл облыста 5 түрлі өнім 10 елге экспортқа шығарылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев айтып берді. Оған қоса өңірде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған индустриялық жобаларға кеңінен тоқталды.
Жалпы, өңірде құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып, 1,7 мың жұмыс орны іске қосылған. Жыл басынан бері іске қосылған жобалардың арқасында 25,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Индустриялық бағдарламаның үшінші бесжылдығында 26 жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 6,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін құны 1,2 млрд теңгені құрайтын, 3 жоба іске қосылмақ. Онда 202 адам жұмысқа тартылатын болады. Бүгінгі күні «Сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның «Тауарлы балықты өсіру және терең өңдеу кешенін кеңейту цехының» бірінші кезеңі басталды. Қалған 2 жоба жыл соңына дейін жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, келер жылы 2 ірі жобаның құрылысы басталмақ. Олар – «Шалқия» кен орнын игеру және кальцийленген сода зауыты. Мұнан өзге индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 3 жобаның құрылысы басталды. Атап айтар болсақ, ас тұзы, түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ, шыны пластикалық құбыр жобасы.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, келер жылы 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Егер жобалар уақытылы іске асатын болса, 700-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Инвестицияның жаңа толқынын тарту мақсатында біршама жұмыстар бар. Мәселен, биылғы жылы «2023 жылға дейінгі облыстың экономикалық дамуы» жоспары бекітілген. Жоспар аясында 265 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Олардың ішінде инновациялық жобалар да бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңінен өңдеу саласындағы жобаларды іске асыруға да көңіл бөлінуде. Осы бағытта 10 жоба қолға алынатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<