Көл иеленушілер неге алаңдаулы?

1777

1

Бізде 207 көл бар. Облыстағы осынша су айдындарының 180-нен астамы жеке кәсіпкерлер меншігінде. 10 жылдан әрі қарай, түрлі мерзімде жалға алынған, әрине. Шыны керек, олар бір жағы кәсіп қылса, екінші жағынан табиғат қорын қорғап, өсімін көбейтуге атсалысуда. Өйткені, көлді алғандағы міндеті де сол. Ал бұған жергілікті жерден тұрғындарды жұмыспен қамтып отырғанын есепке алыңыз. Мейлі, екі адам болса да.  Осындай кәсіп иелерінің мазасын қашырған мәселеге тап болдық.

Басты себеп – аймақтық табиғатты қорғау прокуратурасынан облыстық әкімдікке келген хат. Онда аң және балық шаруашылығын жүргізумен айналысатын тұлғалардың жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнама талаптарын сақтауы, олардың аң және балық шаруашылығын жүргізу шарттарына қатысты талаптар міндеттемелердің орындалуына қатысты жүргізген тексеру қорытындысы көрсетілген. Соның нәтижесінде өткен 2 қыркүйек күні тексеруші тараптың №2-10-20-00354 санды ұсынысы тиісті орынға беріліп, хат соңында жеке кәсіпкерлердің заң бұзушылықтары да көрсетілген. Біздің ұққанымыз, хатпен бірге тіркелген қосымшадағы кемшіліктер мен міндеттемелер орындалмаған болса, кәсіпкер мен екінші тарап арасындағы жалға алу шарты сот арқылы бұзылатынға ұқсайды. Ал бұған көлді уақытша алып, балық қорын молайтып жүрген кәсіпкерлер мүлде келіспейді. Осындай қарсылықты алға тартқан көл иеленуші кәсіпкерлер облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ғимаратында жиналып, тиісті сала басшыларымен кездесті.

– Сіздер конкурсқа түскен кезде белгілі міндеттемелерді алдыңыздар. Мысалы, шабақ қорын көбейту, олардың дамуына жағдай жасау, табиғи уылдырық шашу кезінде жайластыру, т.б. Мұнда сондай талаптар орындалмағаны айтылған. Бізге 137 парақ анықтама толтырылған құжат келіп отыр. Әрине, тексеріс сіздерге тікелей барған жоқ, қолдағы бар мәлімет бойынша ғана, яғни аумақтық инс­пекция мен басқармада алған құжаттар негізінде жүргізілген. Сіздерге арнайы хат та жібердік осы мәселеге қатысты. Онда прокуратурамен анықталған кемшіліктер көрсетілген қо­сымшаның көшірмесін де салдық. 16 қыркүйекке дейін бұған айтар уәждеріңіз болса, дәлелді құжатпен басқармаға жіберу керектігін айттық. Түсінбеушілік мынада. Бұл жерде сіздердің көл немесе учаскелеріңізді алып қойғалы жатқан жоқ. Егер біз көрсеткен талаптар орындалмаған болса, соған сәйкес анықтамаларда көрсетілмей, жұмысыңыз дұрыс болмаса, бұл сотқа жолданады деген ескерту, – деді облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ба­уыржан Шаменов.

Ал облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Дабыл Аянұлының айтуынша, бұл тексеріс бас прокурордың тапсырмасына сәйкес, республика көлемінде жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Басты мақсат – салалық басқарма мен инспекция қызметіне тексеріс жүргізіп, соған сәйкес табиғат пайдаланушылар берген жылдағы есептерін зерделеу. Сонда тексеріске табиғат пайдаланушы кәсіпкерлердің қатысы жоқ па? Жиында бұл да айтылды.

– Сіздердің тексерісіңіз, – деді «Аяулым» шаруа қожалығының төрайымы Сәбира Ахметова – басқарма мен инспекция тарапына бағытталған. Кәсіпкерге емес. Осы екі мекеменің құжатын тексеру барысында квартал сайын, жыл сайын біздің есептерімізді көріп отырсыздар. Тексерген кезде мән беретін бір нәрсе бар. Кез келген көл иесінің құжаты дұрыс болмаса, оны қабылдап отырғандарға неге ескерту жасамайсыздар?! Әу баста құжатты қабылдаған солар ғой. Неге олар біздің жұмысымызды қабылдап отырып, құжатта қандай кемшілік барын көрсетпеген? Неге бұлар кезінде қосымша жұмыстар жүргізбеген? Біз соны дер кезінде дұрыстар едік қой. Ешқандай құжатың кем не артық деп инспекция тарапынан бұған дейін ескерту болмады. Инспекция мен кәсіпкерлер арасында байланыс аз. Енді келіп, сотқа тартылу жөнінде әңгіме айтылып, құжаттарды дұрыстауға еш уақыт берілмейді. Алдын ала ештеңе ескертілмей, көлді жалға алу шартын бұзамыз деп хат жолдайсыздар…

Ал келесі тарап табиғат пайдаланушы кәсіпкерлердің балық шаруашылығын дамыту жоспарында шалалық бар дегенді айтады. Бұған кәсіпкерлердің өзі қандай да сұраған құжатын уақытында дайындап келгенін алға тартып отыр.

– Мейлі, біз құжат пен анықтамалар дұрыс жүргізіл­мегенін ішінара мойындаймыз. Көбімізде ол қателік бар. Құжаттарды жөндейміз. Кәсіпкерлерге мүмкіндік беру керек. Кешегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да балық шаруашылығына баса мән беру керек екендігі мықтап айтылды. Бірақ, көлге шабақ сатып алып, өсіруді қолға алу тым қиын. Оған қыруар қаржы керек. Табиғи өсім жүріп жатқан көлге біз қалай шабақ сатып алып саламыз?! Сатып алғанмен де, сонау Аралдағы питомниктен мынау Шиелідегі көлге жеткізу машақаты көп. Мысал үшін, 100 шабақтың келем дегенше 70 проценті жолда қырылып қалуы мүмкін. Онсыз да көлге жақын егістіктегі шабақты құтқаруға өзіміз барып, көлге орналастырдық. Қолдан келгенше, әрине. Екінші айтатын жайт, көл иеленушінің браконьерлерден балықты қорғау кезінде қаруы болуы керек екен. Бұл енді тіпті керек емес. Шағын көлді қарусыз-ақ қорып аламыз. Бір сөзбен айтқанда, салалық басқарма жолдаған қосымшадағы кейбір мәселелерге келіспейміз, – дейді жиналғандар.

Ал біз инспекция мен басқарма жұмысына қатысты тексеріс салқыны кәсіпкерлерге неге тиеді деген сұраққа жауап іздеп те көрдік.

– 2017 жылдан бері қарайғы заң бұзушылықтар анықталды дедік қой. Бұл жерде инспекция мен басқарма жұмысын тексеріп отырмыз. Ал оның жұмысы сіздердің, яғни табиғат пайдаланушылармен бірге жүргізген жұмыстарының нәтижесінен құралады. Біз сіздерден ай сайын, тоқсан сайын есепті қабылдап отырған жауапты мамандарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс та бердік. Оны инспекция басшылығы өзі шешетін болады. Ал сіздерден заң бұзушылықтар жүйелі түрде орын алып келген. Жыл сайын. Біз қазірден бастап осы кемшіліктерді жоймасақ, дәл осылай кетеміз. Осыған орай басқарма арқылы өздеріңізге ескерту берілу себебі де сол. Бұл жерде өз пікірлеріңізді айтып, қарсы ұсыныстар беруге болатынын да айтамын. Біз тек заңдылықты орнату барысында жұмыс жасап жатырмыз. Дәл бүгіннен бастап сіздер енді қандай құжатпен жұмыс істеу керектігін біле­тін боласыздар. Сондай-ақ келіс­пейтін жағы болса, осы жиын­ның хаттамасына кір­гізіп, өзгеріс енгізуге бірге ұсы­ныс жасайық. Тағы айтамын, біз сіздерді көлдеріңізден айыр­ғалы жатқан жоқпыз. Біздің мақсат – заңдылықты орнату, – деді  табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Дабыл Аянұлы.

Расымен қалтасынан қаржы шы­ғарғаннан бөлек, несие алып, көлдің жағдайымен алыс­қан кәсіпкерлерге прокурор сөзі біраз демеу болғандай. Әйтсе де, құжат дұрыс болмай, тек­серіс соңы созбалаңға айналмай ма деген күдік те жоқ емес.

Бес ай карантиндік қысымда да ешкімге қол жаймаған көл иеленуші кәсіпкерлердің базынасы бейбіт түрде біте ме?! Прокурор Дабыл Аянұлының айтуынша, бұл мәселе келесі аптада облыс әкімі орынбасарының қатысуымен бірге талқыланатын болады. Ал кәсіпкерлер өздері келіспеген кейбір жоғарыда айтылған жайттарға қатыстыларды ұсы­ныс түрінде қағаз бетіне түсіріп, құзырлы орынға тапсырмақ. Олардың айтуынша, табиғат пайдаланушы тараптың жұмы­сын жүйелеу үшін кейбір заңнамаларға өзгеріс керек…

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<