Соңғы жылдар мұғдарында Қазалыда атқарылған тірліктер ауыз толтырып айтарлықтай. Мұны кент, қала, тіпті ауыл көшелерінде жасалған жұмыстар айғақтап тұр. Алысқа бармай-ақ, аудан орталығындағы Сырым батыр көшесін мысалға келтіруге болады.
Бұған дейін қазақ халқының дарабоз перзентінің бірі, қол бастаған батыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен әділ би атанған Сырым Датұлы бабамыздың есімін иеленген көшенің кейпіне көңілің құлазитын. Әсіресе, күзгі-көктемгі лайсаңда көлік түгіл, жаяу адам жүрудің өзі мұң еді. Қазіргі кейпі мүлде өзгеше. Сапалы салынған асфальт жол қиындықтан құтқарды. Жылдар бойы тізеден балшық кешіп, резеңке етікпен амалдаған көше тұрғындары мәз-мейрам. Енді көшенің түнгі жарығы шешімін тапса, тұрғындарға тиімді болар еді.
– Былтыр 2,8 млрд теңгеге аудандық маңызы бар 60 шақырым мен елдімекенішілік 70 көше жөнделді. Олардың ішінде Әйтеке би кентінің өзінде 30 көше, Қазалы қаласында 4, Бекарыстан би ауылында 10, Ғ.Мұратбаев ауылында 8, Жанқожа батыр, Басықара, Жалаңтөс, Майдакөл, Абай, Ақсуат, Жанкент, Бозкөл, Кәукей ауылдары бар. Өткен жылдың желтоқсан айында қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары басталды. Жолдарды жөндеу биыл да назарда болады. Ең бастысы, осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолын аяқтаймыз. Шалғайдағы ауыл тұрғындары асфальт жолмен жүретін күн де алыс емес. Сонымен қатар, «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдарды да жөндеп бітіреміз.
Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыруға облыстық бюджеттен 306 млн теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ Отгон мен Тасарық, Әйтеке би кенті мен Басықара, Бекарыстан би-Майдакөл-Түктібаев және Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерін байланыстарын 64 шақырым жолды жөндеу үшін 5 жоба дайындалып, қаржыландыру үшін автомобиль жолдары комитетіне бюджеттік өтінім тапсырылды. Биыл Әйтеке би кентінен 6 көше, Қазалы қаласынан 10 көшені асфальттайтын боламыз. Ауылдық жерлердегі көшелер де жөндеуден өтеді, – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев.
Әрдайым жақсы хабар күтетін жанашыр ағайынға төмендегі деректі ұсынсақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен 18, ауылдық елді мекендерде 31 көше жөндеу жоспарланған екен. Бұл тұрғыда тиісті облыстық басқармаларға ұсыныс беріліпті.
Нәтижелі жұмыстардың арқасында аудандағы жолдардың сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Мәселен, 2017 жылы аудан меншігіндегі автомобиль жолдарының 66,4%-і ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, былтыр бұл көрсеткіш 75,6%-ке жеткен. Ал, биыл жол сапасы бұдан да жоғарламақ.
Қазалыдағы жағымды жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Аудан орталығы Әйтеке би кентіне табиғи газ жеткізілгеніне біршама уақыт өтті. Енді мұндай игілікті қадамның ауқымы ұлғая түсуде.
Әйтеке би кентінен бөлек, Қазалы қаласы мен елді мекендерді де газдандыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Соның нәтижесінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ жеткізіліп, Қазалы қаласын газдандыру қолға алынуда. Енді аудан орталығына жақын елді мекендерді де газдандыру жалғасады. Атап айтқанда, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдарын газдандыру үшін құны 22,6 млн теңге болатын жоба әзірленуде. Амандық болса, тиісті қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталмақ.
Олай болмағанда ше?! Кейбір аудан орталығы, тіпті ірі қалалардың шет аймағына газ құбыры енді-енді тартылып жатқанын оқып, біліп жүрміз. Ал Қазалыда табиғи газ ауылдарға да жеткізіле бастапты. Бәрекелді!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<