Комиссия отырысында қаралады

500

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Сырдария өзеніндегі су жағдайына қатысты жиын өтті. Онда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнолла Қазтоғанов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Хамит Бейімбетов атқарылған жұмыстарды баяндады.

Сырдария өзенінің деңгейі «Тоқтағұл» (Қырғызстан) қоймасындағы су жағдайына тікелей байланысты. Бүгінде қоймадағы судың көлемі 11,9 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың осы кезеңінен 2,8 млрд текше метрге кем болып отыр.

Қазірдің өзінде 207 көлдің 17-сі толығымен құрғап қалса, қалған көлдер 50 пайыз шамасында толған. Ең үлкен Қамбаш көлінің жағалауы (18 мың гектар) 200-300 метрге дейін тартылып қалды.

Осы жылдың 11 мамырында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 80-отырысынан кейін «Шардара» су қоймасына келісілген 4084 млн текше метр судың 56,7 пайызы (2319 млн текше метр), ал Арал теңізіне келісілген 1262 млн текше метр судың 15,6 пайызы (199 млн текше метр) ғана түсіп отыр.

Сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр құрайтын «Шардара» су қоймасында 894 млн текше метр су бар. Судың аз болуынан төменгі ағысқа 8 қыркүйек пен 18 қазан аралығында секундына 30 текше метр, 19 қазан мен 23 қазан аралығында 50 текше метр, 24 қазан мен 2 қараша аралығында 65 текше метр су жіберіліп келді. Бүгінгі күні қоймаға түсіп жатқан су деңгейі біршама ұлғайып, 3 қарашадан бастап өзеннің төменгі ағысына 90 текше метр су жіберілуде.

Облысқа секундына 114 текше метр су кіруде, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 28 текше метрге кем. «Қызылорда» су торабынан төмен қарай секундына 76 текше метр су босатылуда. бұл өткен жылдың осы кезеңінен 9 текше метрге аз.

Облыс әкімдігі Сырдария өзеніндегі жағдайға байланысты Орталық Азия мемлекеттері басшылары деңгейінде су ресурстарын тиімді пайдалану, су алу лимиттері мен «Арал-Сырдария» бассейні су қоймалары каскадының жұмыс режимін сақтау, «Шардара» су қоймасына түсетін ағынды суды ұлғайту мәселесін пысықтау жөнінде Үкіметке тапсырма беру туралы ҚР Президентінің атына хат жолдады.

«Шардара» су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 81-отырысында қаралады. Мұнда Сырдария өзенінің бассейні бойынша өткен вегетациялық кезеңнің қорытындылары шығарылып, алдағы вегетацияаралық кезеңде мемлекеттердің су алу лимиттері мен «Нарын-Сырдария» су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимі пысықталады.

Жиын соңында облыс басшысы шаруашылық иелері үшін көктемгі егін уақытына жерасты суын пайдалану әдісін қолдануға қажетті құралдармен қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіруді, Сырдариядағы ахуалды күнделікті бақылауға алып, баяндап отыруды міндеттеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта да өзендегі су көлемін ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуі қажет екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<