Коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмысы пысықталды

431

0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев коммуналдық сала жетекшілерімен жоспарлы шараларды пысықтау мақсатында «Қызылорда су жүйесі» МКК-да жедел жиын өткізді.

Жиын барысында қаланың коммуналдық қызметтерінің жұмыстары кеңінен талқыланды.

«Қызылорда су жүйесі» МКК халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде тың технологияны қолға алғаны белгілі. Бұрынғыдай көпқабатты тұрғын үйлердің жоғары қабаттарына судың көтерілмеуі ұмыт бола бастады. Себебі, кәсіпорын ауыз су жүйелерін кезең-кезеңімен жаңалап, белгіленген қысыммен тұтынушыларға тіршілік нәрін жеткізуде.

Дегенмен, тұтынғанына төлемін төлемейтін тұрғындар қатары жыл санап артып, мекеменің қаржылық қуаты кеміді. Қала әкімі мәселені реттеуде заң шеңберінде қарыз өндіру шараларын жүргізіп, арагідік орын алатын авариялық жағдайларды коммуналдық қызмет көрсетушілер кешеуілдетпей қалпына келтіруді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар, «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің қызметі жөнінде де сөз қозғалды.

Бүгінгі таңда, аталған мекеме күзгі және қысқы тазалық жұмыстарын іркіліссіз атқаруға арнайы техникаларын сайлап, қажетті қызметтерді үйлестіруде. Алайда, серіктестік күнделікті күл-қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдықтарын шығарып қана қоймай, тұрғындарға түсіндірме жасап, тазалық мәдениетін қалыптастыруға да ерекше екпін қоюы керек – деді, Ғанибек Қонысбекұлы.

Соңғы уақыттары күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырыптардың бірі – қоғамдық көлік қатынасына байланысты.

Осы ретте, қала әкімі аталған қызметте бірқатар кемшіліктердің бар екендігін ашық айтты. Яғни, маршрутты автобустар жүру интервалдарын бұзып, кешкі рейстерін ерте аяқтауы, мектеп жасындағы балаларға тоқтамай, қарапайым тазалық қағидаларын орындамауы сынды мәселелер орын алуда. Салдарынан «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің жұмысына көңілі толмаған жолаушылардың арыз-шағымдары көбейді. Жағдайды жедел реттеуде серіктестік жаңашыл жоспарларды жүзеге асыру керектігіне тоқталған шаһар басшысы парк директорына қоғамдық көліктердің тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуін қатаң тапсырды.

Коммуналдық мекемелер сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, алдағы күндерге ауқымды жоспарлар жасап, қаржы-экономикалық әлеуеттерін арттырулары қажет. Сала жетекшілеріне қатаң талап қойған қала әкімі жұмыстың орындалу барысын нақтылап отыру үшін апта сайын жедел жиын өткізетіндігін ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<