Конституция күні қалай атап өтіледі?

1041

0

Бірлікті бекемдеп, тәуелсіздікті тұғырлы еткен Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл. Ширек ғасырда Сыр елі қалай өзгерді? Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аймақтың осы кезге дейінгі жетістіктеріне тоқталды.

Конституция өркениетті мемлекет ретінде қарқынды дамуымыздың берік тұғыры екенін атап өткен облыс әкімінің орынбасары алдымен экономикадағы жақсы жаңалықтарды жеткізді.

Облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 46 мың 153-ке жеткен. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 104,8 процентке артық.

– Өнеркәсіп өнімін өндірудің жалпы көлемі 381,3 млрд, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 33 млрд, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 127,3 млрд теңгені құрады. «Жұмыспен қамтудың Жол картасының» жүзеге асырылуы шағын және орта бизнестің дамуына үлкен үлес қосуда. Бағдарлама аясында биыл өңірде 37 млрд теңгені құрайтын 276 жоба жүзеге асырылуда, – деді Серік Әбжәліұлы.

Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай өсім бар. Күріш өнімділігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары гектарына 49 центнерді құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 57,1 центнерге дейін өсті.

– «Мағжан и К» серіктестігінің директоры Дархан Ералиев егілген 5100 гектар күріштің әр гектарынан 60 центнерден, «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков цифрлық технологияларды пайдалана отырып, егілген 1325 гектар күріштің әр гектарынан 80 центнерден және «Ер-Әлі» шаруа қожалығының басшысы Әліби Бекжанов биылғы жылғы су тапшылығына қарамастан, 715 гектар күріштің әр гектарынан 75 центнерден өнім алуды жоспарлауда. Сондай-ақ, дәнді дақылдармен қатар бақша дақылдарының да экспорт көлемі артты, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде экспортқа бағдарланған жаңа өндірістерге басымдық берілуде. Айталық, Арал ауданында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндірісі құрылады. Жобаның бастамашысы «Qazaq Camel» серіктестігі дайын өнімді Қытайға «Ақ-Бота» брендімен сатуды жоспарлауда.

Облыстың әлеуметтік саласында да оң өзгерістер бар. Өңірдегі 673 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 59 659 бала тәрбиеленуде. Ең бастысы, 3 пен 6 жастағы балалар 100 процент балабақшамен қамтылған. Ал, биыл бітіруші түлектердің 77 проценті жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант есебінен білім алуға қол жеткізген.

Сондай-ақ, биыл облыста 7 млрд теңге қаржы бөлініп, 55 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласына келсек, соңғы 3 жылда заманауи технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базаны күшейтуге, науқастарды диагностикалау мен емдеуге қаржыландыру көлемі 21 процентке артқан. Осы уақыт аралығында 36 медициналық нысан пайдалануға берілген.

Осы кезге дейінгі мәдени жетістіктер де руханият бесігі саналған Сыр елінің мың жылдық дәстүрдің арқау жібін үзбегенін көрсетеді.

Облыс әкімінің орынбасары Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебесі берілгенін, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның адамзат­тың ма­териалдық емес мәдени мұра­сының ұлттық тізбесіне «Қорқыт ата мұралары» енгізілгенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, биыл алғаш рет облыстық филармония жанынан «Қобызшылар»  ансамблі құрылды.

Сыр өңірінің бай тарихы мен мәдени мұраларын жаңғырту мақсатында ежелгі және ортағасырлық Сығанақ, Бәбіш мола, Сортөбе, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Соңғы үш жылда 8 мәдениет нысаны бой көтерді.

Сырбойылықтар спортта да сайыпқыран екенін дәлелдеп келеді. Мұз үстіндегі қарлығаштай әдемі өнерімен дүниені тамсандырған Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан әлемдік дәрежедегі додаларда топ жарды. Бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков Токио Олимпиадасына қатысуға жолдама алды.

Сондай-ақ, былтыр сырбойылық фанаттарды дүр сілкіндіріп, «Қайсар» футбол командасы 20 жыл үзілістен кейін Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атанды. Биыл «УЕФА» Европа Лигасында өнер көрсетеді. Спортқа жақын ұландар өссін десек, жағдай жасалуы да аса маңызды. Айта кету керек, Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өтіп, соңғы үш жылда 16 спорт кешені пайдалануға берілді.

Көпұлтты қазақ елінде этносаралық қатынас әрдайым назарда. Қазір облыста бірлігі жарасқан 35 ұлт өкілдері тұрмыс кешуде.

– Ата Заңда көрсетілгендей, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Елдегі татулық пен бірліктің арқасында халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарып, демографиялық өсім көрсеткіші жылдан жылға артуда. Мысалы, бір ғана біздің өңірде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық саны 592 мың адамды құраса, қазір 809,3 мыңнан асты,– деді Серік Ахмет.

Брифингте мерейлі мерекені атап өту жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес қандай шаралар ұйымдастырылатыны да айтылды. Ең негізгілеріне тоқталсақ. «Айбары асқақ Ата Заң» атты мерекелік онлайн концерт өтіп, «Syr Shańyraǵy», «Syr Sporty», «Syr Qoǵamy», «Syr Bolashaǵy», «Syr Birligi» youtube арналарында «Ата Заңға – 25 жыл» атты зиялы қауым өкілдері, өнер жұлдыздары, спорт шеберлері, жас көшбасшылар және этномәдени бірлестік өкілдерінің онлайн бейнеқұттықтаулары жарияланады. Сондай-ақ,  Жалағаш ауданында 140 орындық мектеп ашылмақ.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<