Күз. Қала. Көңілсіз аялдама

1155

0

Күз.


Қала.


Көңілсіз аялдама.


Сыр талы сыбдыр қағып,


Жаныма таяу ғана.

Күз. Қала. Көңілсіз аялдама


Жапырағы сырғып жатты,


Желменен баяу ғана…

Кәрі тал күрсінеді,


Көңілінде қаяу, нала.


Тұнжырап тұрды бір сәт,


Төңірек, бар айнала.

Дегендей ілгері бар,


«Артыңа қарайлама,


Тәңірдің сүрлеуі бар,


Аттыға, жаяуға да»…

Күз. Қала. Көңілсіз аялдама

Бір бақыт кез келердей,


Кешігем қалай ғана?


Өмірім өзгереді,


Қай жерде, қай арнаға?..

Атар ма таң шаттықпен?


Алдымнан арайлана.


Арманым аңсап күткен


Қол созым, таяуда ма?


Бәлкім…


Келесі аялдама?..


Ғазиза ӘБІЛДӘ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<