Қазір індетті жеңуге әр адам өзіндік үлесін қосып жатыр. «Бүгінгі күннің батыры» – дәрігерлер де, тәртіп сақшылары да, жомарт кәсіпкерлер мен жалынды жастар, мейірімді волонтерлер игі істерді қолға алып, жанға қуат, көңілге медет сыйлауда.
Жуырда әлеуметтік желілерден облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан әлеуметтік дүкен жұмысын жалғастырғаны жайлы оқыдық. Ондағы қор қаладағы қолы ашық тұрғындардың көмегімен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен толығыпты. Орталықтың бөлім басшысы, қайырымдылық көмекті үйлестіруге септесіп жүрген Сымбат Әбдрахмановамен тілдескенімізде, қазірдің өзінде 80-ге жуық тұрғынға қажетті препараттар үлестірілгенін айтты.
– Кең пейілді кемімес. Қазір Сыр жастары, еріктілер қолынан келгенше көмек жасауда. Бүгін де олар қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылды. Бірі ауруханаларға қажетті оттегі баллондарын тасымалдады, енді бірі мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек жеткізуге кірісті. Орталықтағы әлеуметтік дүкеннің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Алайда, осы бастаманың, жомарт жандардың көмегінің нәтижесінде біраз жұмыс атқардық. Мейірімділік шарасы әлі де жалғасын табады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дегенмен, біз әлеуметтік желідегі орталық парақшасында көрсетілген көмекті жариялап жүрміз. Мақсат – тұрғындардың толассыз қолдауы арқылы өзге жандарға ой салу. Барлығымыздың да қолымыздан көмектесу келетінін көрсету. Тек материалдық тұрғыда емес, моральдық тұрғыдан да. Жақсы іс, әрбір жылы сөз – жанға қуат деп білеміз, – дейді ол.
Сонымен қатар қазір орталық жанынан осы көмекті тікелей жеткізуге атсалысатын автоволонтерлар тізімі жасақталған. Бүгінге дейін 15-ке жуық тұрғын өз еркімен тіркеліп, жақсылыққа жұмылған. Қорға қажетті дәрі-дәрмектерді әкеліп өткізу қиындық тудырса немесе хабарласқан азаматтың жағдайына байланысты дәрі-дәрмекті тікелей жеткізу қажет болса автоволонтерлар оны өз көлігімен тасымалдайды. Қуантарлығы, індет уақытында өзгеге көмектесуді міндет деп білетін жастар қатары күннен-күнге көбейіп келеді.
Қала тұрғыны Темірлан Жұбан да еріктілер сапына жақында қосылған. Алматыда білім алып жатқан студент бос уақытын осылайша тиімді пайдаланғысы келгенін айтты. Ол жақсылық жасау үшін ең бастысы мейірімді жүрек пен таза ниет болса жеткілікті деп біледі. «Біз – бір елміз. Тілегіміз де бір – індеттен тезірек арылып, жақынымызға жанашыр болу. Біз біргеміз!» дейді Темірлан.
М.СНАДИН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<