Елді алаңдатқан күрделі кезеңде волонтерлар қолдан келген көмекті аямады. Пандемия уақытында ерекше еңбегімен көзге түскен еріктілерге облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет «Халық алғысы» медалін табыстады.
-Халық ел ішінде жүрген батырларын, қайсар азаматтарын білуі қажет. Жұқпалы індетке қарамастан елдің қамы, халықтың денсаулығы үшін күрескен волонтерлардың игі істерін біз жастарға кеңінен насихаттауға тиіспіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сыр волонтерларының көмегімен өңірде сегіз мыңнан аса мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілген. Көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4870 отбасының мектеп жасындағы балаларына оқу құралдары табыс етілді. Құрбан айт кезінде «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің үйлестіруімен Қызылорда қаласында 3830, аудандар бойынша 3431 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. «Хикмет» қайырымдылық қорының демеушілігімен 1 000 отбасыға азық-түлік түріндегі көмек берілді. Бұл шараларға меценаттар, мешіт қызметкерлері мен автоволонтерлер жұмылдырылған.
Облыс әкімінің орынбасары еріктілердің ел болашағына бей-жай қарамай, мұқтаж отбасыларға ғана емес, пандемияға қарсы күресте алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне де жан-жақты қолдау көрсеткенін атап өтті. «Мың алғыс» акциясы аясында 255 медицина қызметкерінің отбасына азық-түлік өнімдері таратылып, ауруханада үздіксіз еңбек еткен 1700 медицина қызметкері ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, күн райы, уақытпен санаспастан оттегі баллондарын ауруханаға жеткізген еріктілердің еңбегі де елеулі.
Мемлекет басшысының «Халық алғысы» медалімен суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Аманкелді Кененбаев, спортшы, «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры Илья Ильин, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының артисі Ұғым Баймаханов және волонтерлар Үйтолған Жәрекеева, София Әбдіразақова, Ерлан Мұсаев, Ольга Чебакова, Алмат Жүсіпбек, Жақсат Исаева, Талғат Меңдібаев марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар қоғам белсенділеріне облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Жиын барысында Амангелді Кененбаев халыққа жанашыр, болашаққа бейқам қарамайтын жастардың көбейгеніне қуанатынын айтты. Сондай-ақ, бірқатар волонтер пікір білдіріп, елге қызмет мұнымен тоқтамайтынын жеткізді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<