Қала орталығында 5-30 тамыз аралығында ұйымдастырылатын «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында оқушылардың мектеп формасы жәрмеңкеге шығарылады. Ал аудандарда бұл акция 16-21 тамыз аралығында өтеді. Жәрмеңкеге жергілікті «Ас-Ка» ЖШС, «Ақжүрек мүгедектер қоғамы» ҚБ, «Айша-бибі» тігін цехы және тағы да басқа кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынғалы отыр.
Өндірушілердің айтуынша, мектеп формалары нарық бағасынан төмен әрі жоғары сапада сатылымға шығады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Осы орайда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында БАҚ өкілдері жоғарыда аталған тігін цехтарының жұмысымен танысты.
– Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – оқушылардың мектеп формасы үшін ата-аналардың алысқа бармай-ақ, балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден сатып алуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, оқушының киімі мен құралдары қолжетімді бағада ұсынылады.
Қалада ұйымдастырылатын жәрмеңке Қорқыт ата көшесіндегі «Small» сауда орталығының алаңында өтеді. Осы орайда барша облыс тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз! – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қаюпов.
Баспасөз туры барысында мектеп формаларын тігумен айналысатын тігін цехтары өз өнімдерін таныстырды. Соның бірі – «Ас-Ка» ЖШС цехы үш жылдан бері мектеп формасын тігуді қолға алған. Тігін цехы өздері дайындаған 7-8 мың дана өнімді жәрмеңкеге ұсынуды жоспарлап отыр.
– Біздің цех 2007 жылдан бері тігін тігумен айналысады. Ал 2014 жылдан бастап арнайы киімдер тігуге тапсырыс қабылдадық. Қазір цехта өндірілетін арнайы киімдерден бөлек, мектеп формасына да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған орай қаланы ғана емес, барлық ауданды өзіміз аралап, қолжетімді бағадағы өнімдерімізді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік, – дейді цех басшысы Дина Махатова.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында, білім саласына қатысты сөзінде мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруда отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселесін алға тартқан болатын.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<