Қызылордалық мемлекеттік қызметшілер жол ережесін елер емес. Олардың арасында мас күйінде, жүргізуші куәлігінсіз руль тізгіндегендер де бар.
Жергілікті білім, мәдениет, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін бірнеше мәрте айыппұл төлеген. Бір күнде бір емес, алты мәрте тәртіп бұзғандар да, екі апта бойы оқшаулау орнында болғандар да кездесті. Мұны әдеп жөніндегі кеңес отырысында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, кеңес төрағасы Рафхат Бисенов мәлім етті.
Жиында Жалағаш, Жаңақорған аудандарының әкімдері тиісті заңнама талаптарының сақталуы жөнінде айтып берді. Жалағашта 2019 жылы – 50, 2020 жылы 32 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Былтырғы жағдай бойынша 21 ескерту, 5 сөгіс, 1 қатаң сөгіс беріліп, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы 5 ескерту жасалды. Жаңақорғанда өткен жылы 42 мемлекеттік қызметші тәртіптік жаза арқаласа, соның 25-і – басшылық лауазымдағылар. Қандөз ауылдық округінің әкімі карантин режимін бұзған.
Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер саны 25 процентке дейін қысқармақ. Осы орайда департамент басшысы қысқарту құрығына ілігуі мүмкін адамдарды бос орындарға тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Әріптестерінің арасында атағы мен лауазымына кір келтіріп жүргендер барын атап өтіп, бақылау және түсіндіру жұмысын күшейту керектігін жеткізді.
– Мысалы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы қоғамдық орындарда ішімдік ішсе, ветеринария басқармасының бас маманы аң аулау ережесін сақтамаған. Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Әбдіжақия 2020 жылғы 2 желтоқсан күні жеке парақшасында «Карантин шектеулері мен айыппұлдары тек қарапайым халыққа арналған ба?» деп жазды. Зерттеп-зерделеу кезінде Қармақшы ауданының әдеп жөніндегі уәкілі карантин кезінде тойда жүргені анықталды. Әдеп жөніндегі уәкілдің өзі талапты сақтамай отырғанда басқаларға не айтамыз? – деді ол.
Қармақшы, Шиелі аудандары әкімдерінің орынбасарларына қатысты тәртіптік істер тоқтатылды. Себеп – олардың жергілікті мәслихаттарға депутат боп сайлануы.
– Қос істі қысқартуға тура келді. Өкінішке қарай ол кісілерден түсініктеме де ала алмадық, – деді Р.Бисенов.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<