Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың мерекелік құттықтауы

728

0

Құрметті Отан қорғаушылар, ардақты ардагерлер!

Сіздерді Отан қорғаушы күні және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Темірдей тәртіпке бағынған, құрыштай берік тәуелсіз еліміздің әскері – қайтпас қайсар ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы. Мемлекет басшысының «Айбынды армиямыздың даңқты дәстүрі кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алады» деп айтқан сөзі бар. Сондықтан да ерліктің үлгісі болар қос мерекенің қатарлас келуі  заңдылық тәрізді.

«Ер – елінің қорғаны» дейді дана халқымыз. Отанды қорғау, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау, адал қызмет ету – әрбір Қазақстан азаматының қастерлі борышы мен перзенттік парызы.

Кешегі өткен батырлардай елі мен жері үшін, халқының қамы үшін жанын берер азаматтарымыз бүгінгі күні де аз емес.

Бар өмірін әскери іске арнап,  күн-түн демей, елін, жерін қорғап, өз қызметін мінсіз, адалдықпен атқарып жүрген сардарлар мен сарбаздардың қоғам алдындағы орны биік, абыройы үстем.

Ел бірлігі мен тыныштығын, қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қас қақпай күзетіп, қорғанымыз болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, тұғыры нық болсын!

Құрметті Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері!

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – аталарымыз бен әкелеріміздің майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі мен аналарымыздың тылдағы елдік істерінің жемісі. 

Уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылым-тәрбиесі мен мән-мағынасы мейілінше тереңдеп, даралана түсуде.

Өкінішке қарай, соғыс ардагерлерінің қатары жылдан жылға сиреп барады. Бүгінгі күні Сыр өңірінде майданнан оралған 7 ардагер ғана арамызда қалды. Сұрапыл соғыс жылдары кеудесін оққа тосқан әрбір соғыс ардагеріне бюджет есебінен 1 миллион теңгеңден астам қаржылай қолдау көрсетілді. Елдің тұтастығы мен бірлігі үшін күрескен майдангерлерге деген құрмет бір күнмен шектеліп қалмайды.

Біз бүгінгі күні санаулы ғана саны қалған ардагерлерімізді, майдан даласында қаза болған жауынгерлерімізді әрдайым құрметтеп, басымызды иеміз.

Халқымыздың даңқты ұлдары мен қыздарының қан майдан мен тылдағы өшпес ерлігі мен ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Әрбір отбасына амандық, елімізге тыныштық тілеймін!

Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, өршіл рухты ұрпағымыз көбейсін! 

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<