Облыс әкімінің құттықтауы

993

0

Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер!

Сіздерді шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әйел-Ана қашан да – әдеміліктің символы!

Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік, қайырымдылық пен мейірімділік ұғым­дары­ның барлығы ана атауымен тығыз байланысты.

Сондықтан да, көктемнің осы бір тамаша мерекесі әйелге тән әсемдік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты көрінеді.

Биыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі жылы. Осы жылдар ішіндегі еліміздің толағай табыстары мен Сыр өлкесінің қол жет­кен жетістіктерінің барлығында бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тер­беткен әйелдер қауымының өз қолтаңбасы бар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың: «Тәуелсіздік жылдарында мем­ле­­кетіміздің өсіп-өркендеуіне әйелдердің қосқан үлесі шексіз!» деп ерекше атап көрсетуі де сондықтан.

Сіздер әрдайым егемен еліміздегі бейбіт тірліктің, бірегей бірліктің, кемел келешекке деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы болып келесіздер. Күнделікті қа­жырлы еңбектеріңіз арқылы отбасының нығаюына ғана емес, қоғамның барлық сала­сының дамуына зор үлес қосып жүрсіздер.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мем­лекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы».

Әйел-аналар қандай жағдай болмасын қиындыққа мойымайтын, ауырлықты көтере білетін қажырлы тұлға екенін әрдайым дәлелдеп келеді. Өткен жылы пандемия өршіген кезеңде біз 87 проценті әйелдерден құралатын медицина мамандарының арқа­сында қиындықты еңсере алдық десек болады. Өзінің емес, өзгенің денсаулығын ойлап,  күн-түн демей қызмет еткен дәрігерлер, мейір­бикелердің еңбегіне баршамыз ризамыз.

Көрікті көктемнің көркем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізден күлкі кетпесін, Сыр елінің аяулы арулары!

Әрқашан шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, қуаныштан арылмасын! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға аман­дық тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Құрметпен,

облыс әкімі

Гүлшара  Әбдіқалықова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<