Облыста ауыл әкімін халық сайлады

743

0

Биыл  ел назарын аударған саяси жаңалықтың бірі – ауыл әкімдерінің сайлауы. Атап айтқанда, ауыл әкімін сол елді мекеннің тұрғындары сайлады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев және комиссия төрағасының орынбасары Болат Накипов арнайы хабарлама жасады.

2021 жылғы 1 тамызда өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған Арал ауданының Аққұм және Шиелі ауданының Талаптан ауылдық округі  әкімдерінің сайлауы өтті.

Екі ауылдық округ әкіміне барлығы 9 кандидат, оның ішінде Аққұм ауылдық округіне 4, Талаптан ауылдық округіне 5 кандидат ұсынылған. Ал саяси партиялар атынан 4 кандидат ұсынылған, оның ішінде «Адал» – 1, ҚХП – 1, «Nur Otan» – 2, қалған 5-і өзін өзі ұсынған.

Сайлауға дейін Талаптан ауылдық округі бойынша түскен 2 кандидатқа, белгіленген білік­тілік та­лаптарға сәйкессіздігі анық­талуына байланысты тір­кеуден бас тартылып, 1 кан­дидаттың өз өтінішіне сәйкес тіркеу туралы шешімі бұзылды. Сонымен, сайлауға 6 кандидат түсті, оның 4-і Аққұм, 2-і Талаптан ауылдық округі бойынша қатысты.

Сайлауға 2 сайлау учас­кесінің 16 мүшесі және 2 аудандық сайлау комис­сияларының толық құрамы қатысты. Тізімге енгізілген сайлаушылар саны 3527 адамды құраса, оның ішінде Аққұм ауылында 1283, Талаптан ауылында 2244 сайлаушы. Аудандық сайлау комиссия­лары ұсынған мәлімет бойынша дауыс беруге 2850 сайлаушы, яғни 80,8% қатысты, оның ішінде Аққұм ауылдық округінен 927 (72,3%), Талаптан ауылдық округінен 1923 (85,7%) сайлаушы өз таңдауын жасап, дауыс берген.

Дауысқа түскен 6 кандидаттың 3-і – мемлекеттік қызметші, 1-і бюджеттік сала қызметкері, 2-і – уақытша жұмыссыз. Оның ішінде 2-і әйел, екеуі де Аққұм ауылдық округінен түскен. Кандидаттардың ешқай­сы­сының ғылыми дәрежесі жоқ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі болып табылмайды. Ал 2 кандидаттың қосымша мамандығы бар. Мамандықтар бөлінісі бойынша: 2-і – инженер, 2-і – заңгер, 1-і – экономист, 1-і – мәдени-тынығу ісінің маманы. Кандидаттардың орта жасы 46,7, ең жасы – 42 жаста (3 адам), ең үлкені – 56 жаста. 6 кандидаттың 2-і сол ауылда тұрады, 4-і – сол ауданның тұрғыны.

Дауыс беру нәтижесімен Аққұм ауылдық округінің әкімі болып Жандаулетов Нұрбек Сауренович, Талаптан ауылдық округінің әкімі болып Өмірәлі Аманкелді Шералыұлы сайланды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<