Өзекті мәселелер шешімін табады

1001

0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев Тасбөгет кентіне және Арай тұрғын ауданына барып, аталған аумақтардың бірқатар мәселелерін назарға алды.


Шаһар басшысы аралауды Тасбөгеттен бастап, кенттің тыныс-тіршілігін, тұрмыс деңгейін көзбен көріп, коммуналдық саладағы және әлеуметтік бағыттағы мәселелерінің өзектілерін талқылады. Аралау барысында Тасбөгеттің тірлігін одан әрі түлету мақсатында жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеп, тапсырмалар берді.


Одан әрі қала әкімі Арай тұрғын ауданындағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін Гүлдала, Арай-9 көшелеріне барды. Қазіргі таңда аталған екі көшенің де жобалық сметалық құжаттары реттеліп, жұмысты бастауға бюджеттен қаржының бөлінуін күтуде. Аралауда Ғанибек Қонысбекұлы мөлтек аудандағы Жауқазын көшесіне және стихиялық қоқыс тастау аймағына айналған Ұзақ Оралбай мен Сырдария көшелерінің қиылысына да аялдады. Сала басшыларына бұл аймақтардағы бақылауды күшейтуді тапсырған қала әкімі айналасын таза ұстауға қатысты тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді де жүктеді.


Келесі кезекте қала басшысы Арай-Шұғыла аумағының тұрғындарымен кездесті. Аталған аумақ ауыз сумен толық қамтылып, қоғамдық көлік қарастырылған деген тұрғындар жол жөндеу жұмыстарына қатысты мәселенің барын жеткізді. Өз кезегінде ағымдағы жылы Арай-Шұғылада 9 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланғандығын айтқан қала әкімі қазіргі таңда алғашқы жұмыстардың басталып, №8 көшеге тас төсеу жұмыстарының жүргізілгендігін атап өтті.


Аралау соңында қала әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, тапсырмалардың орындалу барысы өз бақылауында болатындығын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<