Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және коронавируспен күресті күшейту бүгінгінің басты талабы. Қиын уақытта дағдарып қалмай халыққа қажетті көмекті көрсету үшін қалалық әкімдік тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұған дейін белгілі болғандай қала аумағындағы емханаларға кислородты баллондарды жеткізу жұмысы ақсап тұрған болатын. Аталған мәселені шешу жолында қала әкімдігі еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер, жастар өкілдері және елдің жанашыр азаматтарын жұмылдырылып, бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
«Абзал и К» шаруа қожалығының басшысы Мағжан Ералиев 700 дана, «Абай-Дәулет» шарушылығының басшысы М.Сәрсенбаев 300 дана, «Ақтөбе и К» қожалығының басшысы Н.Іздібаев 700 дана, жеке кәсіпкер Н.Байжігітов бауырымыз 50 дана тегін оттегімен көмектесіп жатса, «Ел Арай» ҚБ басшысы А.Байдәулетов тасымал қызметін тегін жүргізіп жатыр. Бұл қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлердің бірлесіп атқарып жатқан жұмыстары. Осындай қиын кезеңде барлық ауыртпалықты билікке немесе денсаулық сақтау саласына ысырып қоймай қоғам болып бірге атсалысуға шақырамыз. Дәл осы кезең біздің бірлігімізді, жанашырлығымызды көрсететін кезең» деген қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов бұл жұмыстардың өз деңгейінде ұйымдастырылуына әкімдікпен қатар қоғам белсенділерінің, еріктілердің де қосқан үлесінің зор екенін айтты.
«Қиын кезеңде қоғам белсенділері Л.Бақтыбаева, Д.Эшатова, С.Әбдіразақова, Р.Базарбай, А.Ізден сияқты азаматшалар ер азаматқа тән қасиет көрсетіп, жұмыла бірге жұмыс жасап жатыр», – деді Асқарбек Есжанов.
«Еріктілер бір бағытта ғана емес барлық салада өз белсенділіктерін танытуда. Кислород баллонын тасымалдаудан бастап, дәрі-дәрмек тасымалына дейінгі көптеген жұмыстарды атқаруға атсалысып жатыр. Бүгінгідей уақытта жастар және барша тұрғындар белсенді болу керек», – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы, еріктілердің көшбасшысы Сабыржан Кеңшілік.
Ал «Шыңғыс ЛТД» ЖШС басшысы Ерік Жүнісов:
«Бұл уақытта пайда тапқаным емес, халыққа көмегім тигені маңызды. Қазір кислородқа сұраныс артты. Жәй уақытта бір емдеу мекемесінің сұранысы 25-30 баллон еді. Қазір қалалық ауруханаға 160-170 баллонға дейін қажеттілік туындап тұр. Осы кезеңде қанша адамға көмек болсын және сауапты амал болсын деп жеңілдік жасап отырмыз. Бір кислород баллонын жеке адамдарға 1800, 2000 теңгеден сатсақ, ауруханаларға 1000 теңгеге беріп жатырмыз».
Айта кетейік, бұған дейін хабардар еткеніміздей қала аумағында коронавирус жедел респираторлы аурулар мен пневманияға байланысты тұрғындар тарапынан шақыртулардың күрт көбеюіне байланысты ағымдағы жылдың 29 маусымынан бастап Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан қала аумағындағы емханаларға қосымша көмек ретінде қала әкімдігіне қарасты барлығы 23 қызметтік көлік күнделікті қызмет көрсетуде.
Бүгінгі таңда аталған қызметтік көліктер арқылы тұрғындардан түскен 1 мың 500-ден астам шақырту орындалған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы және қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары бөлініс бойынша қала аумағындағы барлық ауруханалар мен емханаларға жауапты ретінде бекітілді.
Жауапты мамандар құзырлы органдармен бірлесе отырып, медициналық нысандарға қажет етілетін құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында аталған нысандарды күнделікті бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<