Отыз жылдың жеңісі – болашақтың жемісі

741

0

Тура бір аптадан кейін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы шарықтау шегіне жетеді. Мәртебелі мерекені атап өту жер-жерде үлкен салтанатпен сән түзеп жатыр. Ал күні кеше Қызылордада ерекше салтанатты іс-шаралар өтті. Алдымен жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, спорт кешені ашылды. Мұнан соң ауқымды жобаның бірі – шыны зауыты жұмысын бастады. Сондай-ақ, «Жасампаздыққа толы жылдар» атты салтанатты жиын Сыр елінің рухын көтерді. Аталған мерекелік шараларға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Баспана – бақыт ұясы

Қызылордалықтардың көңілін шат еткен тұрғын үй Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген. Онда барлығы 50 пәтер орналасқан. Баспана облыс орталығында бұрын апаттық үйде тұрып келген отбасыларға берілді.

Сенат төрағасы жиналған жұртшылықты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, қол жеткен табыс пен жетістік – ел егемендігінің нақты жемісі екенін атап өтті.

Әрбір отбасының жеке баспанасы болуы – еліміздегі негізгі міндеттің бірі. Тәуелсіздік жылдарында тұрғын үй мәселесін шешу бағытында «Нұрлы жер», «Қолжетімді баспана», «Бақытты отбасы» және өзге де бағдарламалар қабылданып, жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде көптеген отбасылар тұрғын үйге қол жеткізді. Осы уақыт аралығында елімізде 169 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 7 млн шаршы метрге жуығы Қызылорда облысының үлесіне тиеді. Бұл бағыттағы жұмыстар лайықты жалғасып келеді. Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесін шешуді ел өміріндегі негізгі міндеттің бірі ретінде санап, оған өз деңгейінде көңіл бөліп отыр.

Сенат төрағасы алғашқы пәтердің кілтін зейнеткер Роза Жалекееваға салтанатты түрде табыс етті. Ол ондаған жылдар бойы Тасбөгет кентіндегі №20 үйде үш баласымен бірге тұрған. Бірнеше жыл бұрын аталған үй апаттық деп танылған.

– Ескі үйде көптеген қиындықтар кездесті, – деді Роза Жалекеева журналистермен жүздесуінде. – Олардың барлығы енді артта қалды. Жаңа пәтерімізде барлығы талапқа сай. Жаңа баспана көңілімнен шығады.

Салтанатты рәсімнен кейін Мәулен Әшімбаев пен Гүлшара Әбдіқалықова пайдалануға берілген тұрғын үйдегі пәтерлерді аралап көрді. Жаңа баспанаға ие болған Жиделбай Ілиясовтың пәтеріне кіріп, қонысына құтты болсын айтты. Ол кісінің өзі мүгедек, әйелі – зейнеткер, пәтерде баласы және келіні, төрт немересімен тұрады.

Бұған дейін олар Тасбөгет кентіндегі №11 тұрғын үйде тұрған. Бұл үй де апаттық ретінде танылған.

– Ұзақ жылдар бойы ескі үйде тұрдық. Тығырықтан шығудың жолын таба алмадық. Алайда мемлекет тарапынан бізге осындай қолдау көрсетілді. Жайлы баспанаға қол жеткіздім, – дейді ол.

Мәртебелі меймандар Ілиясовтар отбасына жаңа теледидар сыйлап, балаларға ойыншықтар тарту етті.  

Спорт – денсаулық кепілі

Сыр өңіріне сапары барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Naman ata» спорт кешенінің ашылуына қатысты.

Аталған спорттық нысанды салуға өңірге белгілі кәсіпкер, «Абай-Дәулет» ЖШС басшысы Мұрат Сәрсенбаев қолдау көрсетті. Нысандар құрылысын жүргізу 2020-2023 жылдарға жоспарланған. Олардың алғашқысы «Ақмешіт» және «Мерей» шағын аудандарындағы спортпен айналысуға ниетті балалар мен жасөспірімдерге арналған. Кешенде футбол алаңдары, күрес залы, өзге де спорттық қажеттіліктер бар. 2023 жылдың соңына дейін бассейн мен жатақхана құрылысы пайдалануға беріледі.

– Біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында тұрмыз. Аталған уақыт аралығында барлық салада үлкен табыстарға қол жеткізілді. Мұндай жарқын көріністер спорт саласында да байқалды. Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барша қазақстандықтарды салауаты өмір салтын ұстануға шақырды. Кәсіби деңгейде спорттың дамуына айрықша көңіл бөлінді. Біздің спортшылар халықаралық, әлемдік деңгейде үздіктер сапынан табылды. Олардың қатарында Сыр өңірінің талантты өрендері бар. Атап айтқанда, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева еліміздің мақтаныш тұтатын саңлақтарына айналды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Спорт кешенінің директоры Мұрат Сәрсенбаевтың айтуынша, жас өрендердің мұнда спорттың сегіз түрімен айналысуға толық мүмкіндігі бар. Мәселен, олар самбо, грек-рим күресі, қазақша күрес, дзюдо, каратэ, волейбол, баскетбол, гандбол және футболдың қыр-сырына қаныға алады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде спорттық инфрақұрылым нысандарының саны үш есеге артқан. Ал дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар алты есеге көбейді.

Облыста биыл екі мың екі жүзге жуық баланы қамту мақсатында мемлекеттік тапсырыс негізінде 212 млн теңге бөлінген еді. Ол алдағы жылы 638 млн теңгеге ұлғайтылып, нәтижесінде төрт мың үш жүзден аса баланың сергектікті серік етуіне мүмкіндік жасалмақ.

Шыны зауыты іске қосылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес еліміз индустрияландыру бағытында жаңа технология енгізудің көш басында тұруы тиіс. Осы бағдарлама аясында 2010 жылдан бері облыста құны 151 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндірістік тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейтуді міндеттеген еді.

Сонымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Сыр елінде көптен күткен қуаныш болды. Республикалық индустрияландыру картасына енген үш ауқымды жобаның бірі – шыны зауыты өз жұмысын бастады. Жаңа өндірістегі күйдіру пешін іске қосу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Мұнда Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, зауыт жұмысшыларына сәттілік тіледі.

– Алдағы аптада еліміз үшін ең басты мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Өткен 30 жылда Қазақстанда көп жұмыстар атқарылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен барлық салада даму көрсеткіші жоғарылады. Әлеуметтік бағытта тиісті реформалар жасалып, халық жағдайын көтеруде түрлі шаралар қабылдадық. Осының нәтижесінде қай облыс, қай өңірде болмасын, ауыз толтырып айтар жетістіктер жетерлік. Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысының да даму қарқыны айтарлықтай. Экономикасы өркендеп, өндіріс орындары артып келеді. Бүгін де сондай өндіріс ошағының ашылуына куә болып отырмыз. Белгілі себептермен жұмысы кешеуілдеген зауыттың ашылуына Үкіметтің қолдауы мен облыс әкімдігінің табандылығы және инвесторлардың зор көмегі тиді деп айтсақ қателеспейміз. Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы өзге де мемлекеттердің қажеттілігін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Сенат төрағасы.

Шыны өңдеу зауыты жыл ішінде 197,1 мың тонна табақша шыны немесе тәулігіне 600 тонна шыны түрлерін өндіруге қабілетті. Мамандар пікірінше, бұдан кейін сырттан алатын өнімге тәуелділік азаяды. Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстан ғана емес, басқа мемлекеттерге деген экспорттың 30 процентін жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Зауыттағы барлық жабдықтар әлемнің жетекші елдерінен әкелінген. Мысалы, шыны пеші мен қалайы балқыту ваннасы АҚШ, күйдіру пеші Румыния технологиясымен істелген. Кесу және құрама шыны цехы Италия мен Финляндияның тәжірибесімен іске асса, өндірістегі азот және сутегі станциясы Қытай елінің  заманауи үлгідегі технологиясымен қондырылған.

– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа технологияларды пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, еліміздің және өңір экономикасын дамытуға тың серпін беретін жоба – шыны өңдеу зауытын іске қостық, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Сондай-ақ облыс басшысы қол жеткен жетістіктердің барлығы ауызбіршілікпен атқарған істердің жемісі екенін атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 проценттен 30 процентке артқан. Шыны өндіру барысында 90 процент жергілікті шикізат пайдаланылады. Шыны бағасының 80 процентін құрайтын негізгі компонент – кальциленген сода. Сондықтан, Аралда салынатын сода зауытының негізгі тұтынушысы – осы зауыт болмақ.

Зауыт толық қуаттылыққа шыққанда 226 жаңа жұмыс орны, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Ең бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық беріледі. Дана қазақ халқымыздың «Тәуекелдің ісі – игі» деген жақсы сөзі бар. Расында, ел игілігі үшін атқарылған әр істе кедергілер мен қиындықтарға мойымай тәуекелдерге бара білсек қана жемісін көреміз, жетістікке жетеміз. Бүгінгі шара осының бір дәлелі. Міне, енді шыны зауытын дамыту Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге айтарлықтай серпін беретіні сөзсіз. Облыс халқын көптен күткен зауыт жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тыныш, халқымыз бейбіт, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! – деді зауыттың іске қосылуында сөйлеген сөзінде облыс әкімі. 

Айта кету керек, технологиялық талаптарға сай жоғары сапалы өнім алу үшін пешті 3 ай бойы қыздырады. Бұл жұмыс бірнеше кезеңмен жүреді. Алдағы қаңтар айынан бастап пешті қыздыру және шыны балқытудың негізгі кезеңі іске аспақ. Ал ақпаннан наурызға дейін пеш өзінің жұмыс режиміне қосылып, температурасы 1600°С жетеді екен.

– Пештің қызу уақыты шегіне жеткенде балқыту пешін іске қосып, шикізат өңдеуді бастаймыз. Одан соң балқыту ваннасының жұмысы жүреді. Осылай өз кезегімен жұмыс тәртібі алға баса бермек. Айта кету керек, облыстың өзінен кәсіпорынға 250-300 адам жұмысқа қабылданады. Оның ішінде бірнеше маманды Қытай елінен арнайы курсқа қатыстырып, оқыту да жоспарда тұр, – дейді жоба директоры Жандос Сағымбаев.

Құны 42 млрд теңгеден астам жобаның бастамашысы «Орда Гласс ЛТД» мамандарының болжамынша, алғашқы шыны өнімі алдағы жылдың сәуір айында нарыққа шықпақ.

Жасампаздыққа толы жылдар

Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» атты салтанатты шара өтті.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі іргетасын бекітіп, негізін қалаған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен тәуелсіз Қазақстан дүниежүзілік картада өз орнын қалыптастырып, ең дамыған 40 елдің қатарына қосылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік!», – деп айқындай түсті.

– Біз Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен экономикамызды қалыптастыруға барынша күш салып келеміз. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр елі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды. Ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы жүзеге асты. Қасиетті де киелі Қорқыт ата жерінен қазақтың үш азаматы – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов ғарыш кеңістігін бағындырды. Ғарыштық құрылымдар мен Байқоңыр қаласының инфрақұрылымы жүйеленді.

Өңіріміз үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық автокөлік дәлізінің маңызы зор. Бес облыс аумағынан өтетін 2787 шақырым жолдың 812 шақырымы Қызылорда жерінде. Бұл аудан орталықтары теміржол мен автожол бойында орналасқан облысымыз үшін ең тиімді екенін айту керек. Бүгінгі күні өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 2,5 есеге артып отыр. 30 жылда өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11%-тен 30%-ке артты. Күріштің 10-ға тарта сорты шығарылып, оның өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге өсті. Өңіріміз жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктер қатарында, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ, аймақ басшысы 30 жыл ішінде 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, жүздеген әлеуметтік нысан бой көтергенін айтты. Аймақ халқының 97%-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.

– Жыл соңына дейін табиғи газды халықтың 67%-і пайдаланатын болады. 30 жыл ішінде 500 мыңнан астам бала дүниеге келсе, халықтың саны 824 мыңға көбейіп, өмір сүру ұзақтығы 8 жылға артты. Бүгінде өңірде бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. 10 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімі өндірісі, оның ішінде өңдеу саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі көбейді. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны өсіп, құрылыс жұмыстары мен пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі де артты. 2408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүруде, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Облыс экономикасына, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 2,6 есеге өсті. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 46 инвестициялық  жоба іске асуда, бұл 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл 500-ге жуық жұмыс орны құрылатын 4 жоба жүзеге аспақ. Олардың қатарында бүгін іске қосылған Қызылорда қаласындағы шыны зауыты бар. Оның айналасында қосалқы өндірістер дамиды, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген ауқымды шараларға да тоқталды. Атап айтсақ, республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған жыршы-жыраулар байқауы елге рухани тарту болды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері ретінде 3 томдық Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы – «Жанқожа батыр» жарыққа шықты.

– Бұл – Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына сәйкес өңірдің даму белестерін насихаттайтын «Сыр елі» мегажобасы аясындағы маңызды жобалардың бірі. Осы жоба аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Сыр – Алаштың анасы» атты кітап жарық көрді. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығын атап өттік. Келер жылы «Халық қаhарманы» Роза Бағланованың 100 жылдығына Қызылордада ескерткіш орнатылады. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда. Осындай игі істерімізбен тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына жетіп отырмыз, – деді Гүлшара Наушақызы.

Мұнан соң Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев облыс тұрғындарын мерекемен құттықтап, Қазақстанның жетістіктеріне тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттілігіміз толық қалыптасты. Іргеміз бекіп, шекарамыз біржола шегенделді. Мемлекеттік институттардың берік негізі қаланды. Ескірген жоспарлы экономикадан уақыт талабына сай жаңа экономикалық модельге көштік және оны нығайта түстік, – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ, осы жылдар ішінде Қызылорда облысы да қарқынды дамып, қазір маңызды индустриялық және аграрлық өңірге айналғанын тілге тиек етті. Ел Президенті өңірлерді дамытуға ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы биылғы қазан айында 10 ұлттық жобаны бекіткен болатын. Олардың қатарында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» арнайы жобасы да бар.

– Бес жыл ішінде Өңірлерді дамыту бойынша ұлттық жобаны іске асыруға айтарлықтай қаражат бөлінеді деп жоспарлануда. Еліміздің «ішкі байланысын» күшейту міндеті жүктеліп отыр. Ішкі көлік желісін дамыту үшін республикалық маңызы бар және жергілікті маңызға ие жолдар салынып, қайта жаңғыртылады. Бұл Сыр елінің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, қызылордалықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, оларға бақ-береке тіледі.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – еліміз үшін маңызды меже, айтулы белес. Қазақстан бұл кезеңге ірі жетістіктермен жетіп отыр. Ал, ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Біз әрдайым Тәуелсіздігімізді сақтауға, қорғауға және нығайтуға күш салуымыз қажет. Ол үшін татулығымыз берік, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Осы бағытта бәріміз жұмылып, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін, – деді Сенат төрағасы.

Мұнан соң шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар наградталды. Атап айтқанда, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмагүл Божанова және «Нұрай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сейітқали Алшынбаев «Парасат» орденін иеленді. Сондай-ақ, аймағымыздың бірқатар азаматтары «Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Шапағат» медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ғарышкер-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровке, еңбек ардагері, су шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер Нариман Қыпшақбаевқа және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлына облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешіміне сәйкес «Қызылорда облысының құрметті азаматы» құрметті атағын тапсырды. Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бастаған азаматтарға жұртшылықтың ықыласы ерекше болды. Қатысушылар марапат иелеріне қол соғып, қошемет көрсетті.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. «Томирис», «Хассак» ансамбльдері биден шашу шашты. Дәстүрлі әншілер Марат Сүгірбай К.Әзірбаевтың «Басты өлеңін», Бисенбек Төлеубай халық әні «Жорғатайды» және Бағдаулет Қарғабаев Біржан салдың «Он саусақ» әнін орындап, Батыс, Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатайдың аманатын сазды сәлем етіп жеткізді.

Сүлейлер шығармашылығы сирек кездесетін құбылыс ретінде өзіндік сипаты басым өнер екені белгілі. Сыр елінің танымал дәстүрлі орындаушылары – Серік Жақсығұлов, Марат Сүгірбай, Ақмарал Ноғайбаева Айбек Тәңірбергенов, Шолпан Бимбетова, Нұртілек Ақтаев, Майра Сәрсенбаевалар өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов көптеген республикалық айтыстардың жеңімпазы Нұрзат Қарудың қыз бен жігіт айтысын да жұртшылық зор ықыласпен қабылдады.

Осылайша, тоғыз жолдың торабы, қазақы болмыстың қайнары болған өлкенің өнегелі өткені мен жарқын болашағы театрландырылған қойылым-концерттен толықтай көрініс тапты.

Концерт соңында өнерпаздарға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың ықылас гүлдері тарту етілді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<