Президент көмекшісінің Сыр еліне сапары

457

0

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев бастаған делегация жұмыс сапарымен Сыр еліне келіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесі жөнінде жиын өтті.

Онда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуы туралы қысқаша тоқталып, орын­басарлары Нұрлан Тілешев, Серік Сүлейменов, Балжан Шаменова және Серік Ахмет өздері жетекшілік ететін салалар бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев ауылдық округ әкім­дерінің тікелей сайлауын өткізуге дайындық барысы туралы айтты.

– Осы жылдың 5 ай қоры­тындысы бойынша эконо­миканың негізгі көрсеткіштері де оң динамиканы қамтамасыз ете алдық. Өнеркәсіп өндірісі, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 12,8%, ауыл шаруашылығындағы жал­пы өнім өндірісі 2,5%, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,3% артты, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев әлеуметтік-эконо­микалық негізгі көрсет­кіштер мен алдағы басты мін­­деттерге тоқталды. Атап айтқанда, пандемияға дейін және кейінгі өңірдің эконо­мика­лық жағдайына жан-жақты талдау жасалып, әлеу­меттік шиеленістің алдын алуға және өңірдегі қоғамдық жағдайды сақтауға мүмкіндік беретін шараларды іске асыру ұсынылды.

Облыстағы құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және Байқоңыр қаласындағы мәселелер тура­лы Серік Сүлейменов баяндады. Тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсіл­дер, аймақтың жол-көлік инфра­құ­рылымын жақсарту және тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарына қолдау көрсету мәсе­лелері қозғалды.

Ал, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық және білім саласында атқа­рылып жатқан жұмыстарды Балжан Шаменова тізбектеді. Бү­гінгі күні облыс «жасыл аймақта», эпиде­миологиялық жағдай тұрақты. Облыс бойынша вакцинациялау 106 егу кабинетінде жүргізілуде, 37 мобильді бригаданың жұмысы ұйым­дастырылып, оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған. Облыс бойынша I-ші компонент келген 165 960 дозадан 127 675 адамға, II компонент келген 99 550 дозадан 70 450 адамға салынды.

Аймақтың ішкі саясат, жастар саясаты, этносаралық қатынастар, мәде­ниет, спорт салалары мен қоғамдық-саяси ахуал туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет хабарлады. «Аймақта әлеу­меттік-гуманитарлық салада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Стра­тегия­лық бағытына, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына сай тиісті жұмыстар жүргізілуде», – деп атап өтті Серік Ахмет.

Бүгіндері өңірімізде дене шы­нықтыру және спортпен 255 мыңға жуық адам шұғылданады. Мемлекет басшысының балалар үйірмесін көбейту тапсырмасына орай қосымша 56 балалар үйірмесі ашылды. Қазір облыс бойынша үйірмелер саны 584-ке жетіп, қатысушылар саны 6 902 баланы құраған. 2021 жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына үш жерлесіміз жолдама алды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы шеңберінде Елбасының Тәуел­­сіз­дікті қалыптастырудағы рөлін ақ­парат­тандыру мақсатында түрлі фор­матта мәдени шаралар ұйым­дастырылуда. Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жасқа толуына орай Қызылорда қаласында ескерткіш орнату жұмыстары басталды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығына арналған мерекелік шаралар, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын Тәуелсіздік жыр­лары» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы ұйым­дас­тырылып жатса, аңызға айналған Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады.

Жиында ҚР Президентінің көмек­шісі Қанат Бозымбаев көтерілген мәселелер назарға алынып, алда­ғы уақытта шешілу жолдары қарасты­рылатынын жеткізді.

***

Сапар аясында Қанат Бозымбаев әуелі өңірдегі мұнай-сервистік сала­дағы компания өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова кейінгі жылдары кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірудің көлемі төмендеп бара жатқанын алға тартып, бұл кездесу ортақ мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жиында облыс әкімінің орын­басары Нұрлан Тілешев мұнай-газ саласындағы қазіргі жағдайды баяндап, экономикадағы негізгі көрсеткіштерді атап өтті. Сондай-ақ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресурс» АҚ вице-президенті Болат Көшербаев, «Жанрос Дриллинг» ЖШС бас директоры Алексей Мылтықбаев ортақ мәселе аясындағы ұстанымдарын білдірді.

Бұл ретте Президент көмекшісі мұнай қорындағы ахуал Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралғанын атап өтті. Қуаттылығы 6 миллион тоннаны құрайтын «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының құрылыс жұ­мыстары аяқталса, жоба Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші ком­паниялар үшін мұнай жеткізу жүк­темесін азайтуға оң септігін тигізеді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі мұнай-газ саласындағы негізгі мәселелерді шешу үшін кешенді жұмыстар қолға алынғанын және осы салада қызмет ететін өкілдерді ортақ мүддеге топтасып, күш біріктіруге шақырды.

Мұнан кейін Қанат Бозымбаев өңірдегі кәсіпкерлер, қала, аудан әкімдері, осы салада мемлекеттік саясатты іске асыруға тікелей атсалысатын мемлекеттік мекемелер мен қаржы институттарының өкіл­дерімен кездесуде мемлекет тарапынан ұдайы қолдау барын айтып “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен микроқаржы ұйымдарының тиімділігі туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ, пандемия  кезінде кәсіпкерлік саласында туындаған қиыншылықтар талқыланып, алдағы атқарылатын жұмыстар сараланды.

***

Кеше ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың Сыр еліне жұмыс сапары Арал ауданында жалғасты. Делегация алдымен тікұшақ арқылы әуеден «Көкарал» бөгетін барлап, Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесінің жағдайын бақылады.

Мұнан кейін Қанат Бозымбаев Қамыстыбас елді мекенінде арнайы су шаруашылығына арналған жиын өткізді. Оған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, су шаруашылығына қатысты мемлекеттік мекемелердің басшылары, Арал және Қазалы аудандарының әкімдері және бірқатар сала ардагерлері қатысты.

– Сырдария өзенінің ағысын реттейтін «Нарын-Сырдария» су қой­ма­­ларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд текше метрге кем болып отыр. Бүгінгі күні, «Шардара» су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерімізді алаңдатып отыр.

Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 187,6 мың гектарға орналастырылды. Оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылдан 6,5 мың гектарға қысқартылып, 82,9 мың гектарды құрады. Дегенмен, егінді сумен қамтамасыз ету мәселесі күрделі болып отыр. Сонымен бірге, облыс аумағындағы 207 көлдің толуы 52 пайыз құраса, 17 көлде мүлдем су жоқ. Соның ішінде Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелерінде күрделі су шаруашылығы жағдайы қалыптасты, – деді жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңірде су тапшылығының алдын алу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен іс-шаралар жоспары бекі­тілген. Сонымен бірге, каналдар арқылы су алу режимдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүр­гізетін жұмысшы топ құрылған.

Жиында вице-министр Серік Қожаниязов «Тоқтағұл» қоймасына жи­налған судың жылдағыдан азаюына байланысты су тапшылығын реттеу үшін Үкімет деңгейінде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баяндады. Ал, облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшы­сы Талғат Дүйсебаев веге­тациялық кезеңде егіндікті сумен қам­тамасыз етуге қатысты басты мәсе­лелерді жеткізсе, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов өңірдегі су шаруа­шылығының жай-күйіне тоқ­талды. Сондай-ақ, сала ардагерлері Құдайберген Саржанов, Қожахмет Баймаханов, Айтбай Көшербаев өзекті мәселеге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Қанат Бозымбаев Президент тап­сыр­масына сәйкес өңірдегі су мәсе­лесін шешу жолдары айқындалып, ұтымды ұсыныстар қаралатынын жеткізді.

Жұмыс сапары соңында ол «Қызылорда» және «Әйтек» су тора­бына барып, қайта жаңғырту жұмыс­тарымен танысты. Маман­дармен кездесіп, жағдайды таразылады.

Айта кетейік, «Қызылорда» су торабы 1956 жылы пайдалануға берілсе, «Әйтек» су торабы 2004 жылы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы аясында салынған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<