Қала әкімі ардагерлер отбасында

2946

0

Қала әкімі Ғанибек Қазантаев Халықаралық қарттар күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің отбасында болып, мерекелерімен құттықтады.


Алдымен шаһар басшысы қызыләскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста оқып, сержант болып, Украинада 688 атқыштар полкінде ұрыста болған Төлеген Жүнісовтың отбасында болды. 98 жастағы Төлеген ақсақалмен кездескен қала әкімі өткен-кеткен турасында әңгіме тарқатып, кейінгі ұрпаққа жасаған еңбегіне алғысын жеткізді.

Майдангер ұрыс даласында 217, 498, 608, 136 полктерінде болып, Германия жерінде жеңіспен аяқтап, 1946 жылы елге оралған. Соғыстан кейін Қараөзек совхозында қой фермасында есепші, теміржолшы болып жұмыс істеген.


«Ортамызда Сіздердей елді ауызбіршілікке шақырып отырған ардагерлерімізге шексіз алғысымды білдіремін. Қазыналы қарттарымызға әрдайым қамқорлық жасау біздің басты парызымыз. Ендігі бар күшімізді еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсайтын боламыз», – деген Ғанибек Қонысбекұлы мерекеге орай майдангерге сый-құрмет көрсетті.


Ардагер замандастарының соғыста жасалған ерліктерін жеткізе отырып, жас ұрпаққа – тәуелсіздігімізді мәңгіге сақтап, қазақ елін одан әрі дамыта беріңдер деп ақ батасын берді.


Одан әрі қала әкімі 96 жасқа келген, майдангер Колесник Любовь Сергеевнаның шаңырағына барды. Не бары 19 жасар ер жүрек қыз әскер қатарына шақырылып, соғыс кезінде Белорусь фронтының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, ер жүрек батылдығымен көзге түскен.

Соғыстан кейін теміржол емханасында 45 жыл фельдшер қызметін атқарған зейнеткер бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.


Біз Сіздердің халық жадынан ешқашан өшпейтін, адамзат үшін жасаған баға жетпес ерліктеріңізді мақтан тұтамыз деген шаһар басшысы Любовь Сергеевнаны мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.


Өз кезегінде ардагер елдің бірлігін тілеп, ризашылығын білдіріп, құрметтері үшін алғысын айтты. Жүріп-тұрулары қиын болса да санасы сергек ардагерлердің ендігі тілегі – елдің амандығы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<